Kyzylorda-news.kz Ала жаздай қолынан кетпені түспейтін, ризық несібесін жерден терген диқан қауымы егінін жинап, көңілін бір демдейтін қоңыр күздің берекелі шағы өткен жылы шырайлы Шиеліде мерейлі мерекеге, ұлан-асыр ел тойына ұласқан-ды.
Сол шаққа сәл шегініс жасасақ. 2023 жылы Шиелі ауданы, Көкшоқы мөлтек ауданындағы спорт кешенінде ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2023» XXХҮІІІ облыстық спартакиадасы өткен болатын.
Спартакиаданың ашылуына Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айекешов және облыстық мәслихат депутаты, спорт жанашыры, облыстық «Қайсар» СК директоры С.Мұстафа, Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, зиялы қауым өкілдері, аудан спортшылары бой көрсетті.
Салтанатты шараны Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов ашып, ауыл спортын дамыту мемлекеттің жіті назарында екендігін, бүгінгі жас спортшы ертең ел намысын қорғайтын нағыз патриот болуы жолында осы сынды спартакиадалар өткізудің маңыздылығына тоқталып:
– Тәуелсіздік жылдары Сыр спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Әлемдік аренада көк туымызды желбіретіп жүрген даңқты спортшылардың арасында шиеліліктер де бар. Атап айтар болсам, 2023 жылдың өзінде аудан спортшылары республикалық жарыстарда 18 алтын, 11 күміс, 33 қола, Әлем біріншілігінде 1 алтын, 1 күміс, Азия біріншілігінде 1 алтын медаль иеленді. Бүгінгі таңда бұл спортшылар тек біздің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы десек, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, бұқаралық спортты қолдау мақсатында жыл басынан бері ауданымызда 38 аудандық, 9 облыстық, 2 республикалық додалар өткізілді. Мұнан бөлек, 2022 жылы Көкшоқы спорт клубының жабық ғимаратын 482 миллион теңгеге қайта жөндеуден өткізсек, бүгін сіздер доп тепкелі отырған ашық спорт алаңын жуырда 224 миллион теңге қаражатқа күрделі жөндеуден өткіздік. Тіпті, жуырда кент орталығынан жаңа спорт кешенінің тұсауын кестік. Бүгін шымылдығы ашылып, Шиеліде 4 күн бойы өтетін спартакиадада барлық аудандардан келген 1000-нан астам адам спорттың 16 түрінен (футбол, волейбол, баскетбол, қол күресі, шахмат, асық ату, бес асық, гір спорты, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, гандбол, турникке тартылу және президенттік көпсайыс) бақ сынайды. Спартакиадада жеңіске жеткендер еліміздің даңқын асқақтатар, әлемдік аренада көк туымызды желбіретер спортшы болуына тілектеспін. Құрметті спортшылар мен қонақтар! Ендеше, «Алтын күз – 2023» 36-шы облыстық спартакиадасын ашық деп жариялаймын, – деген болатын.
Жарыс барысында жағылған спартакиада алауы барша қатысушы көрермендер мен спортышларға ерекше көңіл-күй сыйлағаны қоса бар.
Иә, ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген әйгілі спортшылардың бір қатары ауылдан шыққаны белгілі. Шаңға аунап, доп теуіп, пішен үстінде күресіп жүрген қара домалақ балалар әлемнің дамыған елдер қатарындағы мемлекеттерде өтетін Олимпиада төрінен топ жарып шықпасы анық. Ендеше, бүгінгідей спартакиадалар кеудесінде төзімділік пен қайсарлық, жеңіске деген ұмтылысы бар, чемпион болуды армандап, алдына үлкен мақсат қойған талай жеткіншектің «трамплині» десек те болады. Сонымен бірге жыл бойы ең мықты шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек еткен жаттықтырушылар үшін көптен күткен мереке.
Спартакиаданың ашылуына алыстан ат терлетіп келген Арал ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Махатов Бауыржан Ібрашұлы, №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры, Алмағамбетов Серік Алдажарұлы, №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қорғанбаев Жетпісбай Алпысбайұлы сынды азаматтар бастап шықты.
Келесі кезекте таныстыру алаңында Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары, бокстан КСРО спорт шеберіне үміткер, волейболдан І разраядтағы ойыншысы Жамшейітов Орысбек Қаниұлы, Қазалы спорт клубының директоры Өтеген Нұртуған Сәдірханұлы, № 17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Мамбетжан Бақытбек Қасқырбекұлы, №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абиев Нұрболат Бауыржанұлы және ауданның абыройын асқақтатқан спортшылар, жеңімпаз жүлдегерлер бастаған спорт саласының мақтаныштары бой көрсетті.
Одан кейінгі кезекте Қармақшы ауданының құрама командасын, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ержанов Дәурен Дауылбекұлы,аудандық «Спорт клубының» директоры Асылов Марат Мұқанғалиұлы, №15 Қармақшы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Алиев Артур Айытбайұлы, №16 Қармақшы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Қазақстан Республикасының спорт шебері», Ұлттық дәрежедегі төреші Ержанов Ғалым Серікұлы бастаған жетекшілер келді.
Спартакиаданың жасыл алаңында Жалағаштан келген Облыстық «Алтын күз – 2023» ауыл спортшыларының спартакиадасын Жалағаш ауданынан Жалағаш ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Қалыбаев Шарабан Мақсатұлы, мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Жамалатов Еркебұлан Сырмағамбетұлы, Жалағаш аудандық «Наркескен» спорт клубының директоры Ержанов Ғалымжан Дастанұлы, Жалағаш аудандық «Жабық бассейн» директоры Құтболдиев Мұхтар Тоқтарұлы, облыстық мәдениет және спорт басқармасының №13 Жалағаш ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Баймаханов Данабек, облыстық мәдениет және спорт басқармасының №14 Жалағаш ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директоры Асылбеков Аян Асылбекұлы бастап келген азаматтар қатары да жасыл алаңда бой көрсетті.
Спартакиадаға Сырдария ауданының құрама командасын аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Төрәлиев Жеңісбек Үсенұлы және ауданның абыройын асқақтатып жүрген спорт саласының мақтаныштары да команда қатарын толықтырды.
Ал одан кейін Жаңақорған ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Сыздықов Әбілқайыр Әбілпаттаұлы бастаған, Жаңақорған спорт клубының директоры Сабырханов Болат Тұтқабайұлы, Қызылорда облысының ұлттық ат спорты түрлерінің жетекшісі, ҚР «Құрметті спорт қызметкері», №7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Боранбаев Сламхан Өміртайұлы және Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан республикасының еңбегі сіңген қызметкері №8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Садықов Әбдісаттар Алдабергенұлы Жаңақорған ауданының құрама командасының туын желбіретіп, жасыл алаңнан табылды.
Шырайын шашып, шартарапқа танылған ауданның құрама командасын Шиелі аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әзімхан Аруна Өркенқызы, №9 Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Тажбенов Ғабит Рантайұлы, №10 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айтуаров Ардақ Жанайдарұлы, Шиелі спорт клубының директоры Зермұхамедов Нұрлан Жағыппарұлы шеруді бастап келді. Ал, ауыр атлетикадан Айзада Мүптілда, Бектай Асылжан, Сансызбаева Айсамал Әлем, Азия біріншіліктернің жеңімпазы. Таеквондодан Қапанова Ботакөз, Торғын ӘлімханАзия біріншілігінің жүлдегерлері. Жекпе-жек спортынан Шәкірбек Абылай жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы. Белбеу күресінен Әбубәкір Жандос әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, волейболдан жасөспірімдер арасында Қойлыбаева Балайым азия біріншілігінің жеңімпазы, Қазақ күресінен әлем кубогінің жеңімпазы Төлепов Бекжан сияқты Шиелі ауданының абыройын асқақтатқан сайыпқыран спортшылар сап түзеп тұрды.
Спартакиадаға өңіріміздің барлық ауданынан спортшылар қатысатын болатын. Онда 16 спорт түрі қамтылған: футбол, баскетбол, волейбол, қол күрес, шахмат, асық ату/бес асық, гір спорты, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, гандбол және турникке тартылу. Айта кетейік, жасыл алаңда бастау алған дүбірлі жарыс алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен жылы 1 қазанға дейін жалғасып, өз деңгейінде өтті.