Kyzylorda-news.kz. 28 ақпан күні Шиелі аудандық «Дене шынықтыру және спорт» кешенінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудандық білім бөлімі және қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Мерген ару – 2024» облыстық сайысы өтті. Жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеп, достыққа шақыру мақсатында жүзеге асқан байрақты бәсекеде оқушылар «Интернационалист жауынгер» кубогы үшін әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бақ сынасты.
Аталған спорт түрлері бойынша облыстық сайысқа Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданынан және Қызылорда қаласынан барлығы 40 оқушы қатысты. Жыл сайын көгілдір көктемнің нәзік жандарға арналған мерекесінде ұйымдастырылып, дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан бұл жоба биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ақпан айында өткізіліп отыр. Отан үшін кеудесін оққа тосқан жанкештілерді ұлықтауға құрылған жарыс алаңында қаракөздер аянып қалған жоқ.
Мерген арулар додасының маңызы жөнінде:
– Сайыстың негізгі мақсаты – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Қарындастарымыз Кеңес Одағының батыры, қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлова секілді қайсар аналардың ерлігін дәріптеп, жолын жалғаса екен дейміз. Бұл жерде қыздар тек нысанаға оқты дөп тигізуден ғана емес, автоматты бөлшектеп, оқжатарды уақытқа жарақтау, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету сияқты тапсырмалармен сыналады. Жалпы, ер балалардың қолынан келетін жұмыстың бәрін осы мерген аруларымыз да атқара алатынын көрсеткіміз келеді, – деді әскери жетекші Пазылбек Оспанов.
Облыстық сайыстың алғы сөзін Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархат Досаев алып, жарыс ұйымдастырушыларына алғысын жолдап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Шиелі аудандық «Дене шынықтыру және спорт» кешенінің директоры Ғабит Тажбановқа алғыс білдірілді.
Мерген аруларға аудан өнерпаздары патриоттық әндермен рух беріп, өз кезегінде Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі жанынан құрылған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы өнер көрсетті.
Сайыс барысында қатысушы командалар АК-74 оқу қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау, Пневматикалық винтовкадан нысанаға ату, Пневматикалық винтовкадан жылдамдыққа нысана ату, АК-74 оқу қаруының оқжатарын патрондармен жарақтау, Жалпы әскери қорғаныс жинағын плащ түрінде кию, Командирлер сайысы, Алғашқы медициналық көмек көрсету кезеңдері бойынша сынға түсті.
Жарыс қорытындысында жалпыкомандалық есепте ІІІ орынды Қызылорда қаласының, ІІ орынды Шиелі ауданының командасы иеленді. Ал І орын Арал ауданының аруларына бұйырып, республикалық кезеңге жолдама алды.