Kyzylorda-news.kz Бүгінде қазақстандық спортшылар әлемдік жарыстарда топ жарып, туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды талай мәрте әуелетіп жүргені рас. Осы елдігімізді танытар, бойымызға сеніміділік ұялататын қай спорт түрін алсақ та, өзіндік ерекшелігі болады. Бірі білектің күшін, енді бірі төзімділік пен бейімділікті талап етеді. Спортпен айналысамын деген адам өзінің қабілет-қарымын физикалық мүмкіндіктеріне қарай өз таңдауын жасайды. Кейбір жағдайда балалардың қай спорт түрімен шұғылданатынын ата-ананың өздері таңдап жатқанын көріп жатамыз. Әлбетте, мұндай кезде бала таңдауды дұрыс жасай алмайды. Қалай айтсақ та, ата-аналар осындай кезде мұқият болған жөн. Яғни, баласының табиғи мүмкіншілігіне, қызығушылығына қарап аса мән беруі тиіс. Әсіресе, қыр гүліндей өсіп келе жатқан қыздарға айтылатын дүние. Өйткені табиғатынан нәзік боп жаратылған оларға бағыт айқын, келешекте өкіндірмейтін дара жол қажет. Спорт түрін таңдағанда қателеспеу маңызды. Мәселен, қыз балаға асқан шыдамдылық пен бұла күші талап ететін ауыр атлетика, бокс, күрес, каратэ сияқты сияқты спортпен шұғылдану олардың дене бітімінің дұрыс жетілуіне, ағазасының дұрыс қалыптасуына әсер ететінін жасыра алмаймыз. Қайткенмен, бүгінгі қыз ертеңгі аяулы ана емес пе? Бұны да түртіп, ойлап қойғанымыз жөн болар. Осылай бола тұрса да Шиелі ауданында осы спорт түрлеріне келу көрсеткіштері өте жоғары. Талай додаларды жеңіп, белестерді бағындырып жүрген қазақ қыздарымыз қаншама! Әрине, бұл көңілге қуаныш ұялатады.

Дегенмен, кем дегенде өзінен екі есе ауыр зілтемірді күніне бірнеше рет көтеру бойжеткен үшін мүмкін еместей көрінеді. Ер адамдардың өзіне тән бокстың өзі де бірер жылдан соң миына қатты әсер етеді. Ал бұл спорт түрімен айналысатын қыз балалар саны күн санап артуда. Алайда жарыс сайын нәзік аруларға зілбатпан соққы тигізуде оңай нәрсе емес. Бұл пікірмен мүмкін келісерсіз, мүмкін жоқ. Айтпағымыз, спортты серік етемін деуші арулар спорттың залалсызын, лайықтысын таңдай білсе деген пайым. 

Шынында, кез келген спорт – спортшы үшін маңызды рөл атқарады. Мінез-құлқын шыңдауға, тұлға ретінде қалыптасуына, орасан зор ықпал етеді. Солай бола тұрса да, денсаулығына пайдасы зор спорт түрімен айналысса тиімдірек деп ойлаймыз. Атап айтсақ, аэробика, гимнастика, суда жүзу, спорттық би, велоспорт, волейбол, теннис, жеңіл атлетика, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлері тыныс алуды жақсартумен қатар денінің саулығына да пайдалы. 

Осы тұрғыда, неге Шиеліде жеңіл атлетика саласын дамытпасқа деген ой келеді. Бұл сауал бойынша біз спорт бөлімінінің мамандарына қоңырау шалып, пікір алмасқан едік. 

– Расында, көзге үйреніп қалған волейбол, баскебол спорт түрлерімен ғана емес, жеңіл атлетиканы қолға алуымыз керек. Біздегі ақсап тұрғаны – осы салаға жатттықтырушының жетіспеушлігі, – деп қысқа ғана қайырды Шиелі аудандық мәдениет және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Берік Ермағанбетов. 

Қазіргі таңда шежірелі өлкедегі қыздар тоғызқұмалақ, дойбы, қол добы, шахмат, волейбол баскетбол, асық ату, таэквандо, үстел теннисі үйірмелеріне қатысады. 

Айта кетейік, Шиелі ауданында жалпы спорт мектебіне баратын ұл бала саны – 13 675 болса, ал қыздар саны – 6462-ны құрап отыр. Демек, ұл баланың спортқы қызығушылығы айтпасақ та түсінікті. 

Тағы да оқыңыз: