Kyzylorda-news.kz Бүгінде ұлықтауға лайық ұлттық спорт түрлері қайта серпін алып келеді. Әсіресе, кең далада еркін өскен ержүрек қазақтың бүкіл болмысымен біте қайнасқан белбеу күресінен оң нәтижелер көп. Әрі ұлттық спортпен шұғылданатын Шиелі ауданы жастарының да қатары едәуір толыққан. Олар қазірде түрлі жарыстар мен белді бәсекелерде топ жарып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр. Сондай жеңістердің бірімен бөліспекпіз.
Таяуда Павлодар қаласында өткен ел біріншілігінде №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары жағымды жаңалықпен оралды. Республикалық жарыста бақ сынаған Шиелі ауданының 8 спортшысы белбеу күресіне түсіп, 7 спортшы жүлделі болды. Қоржында 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар.
Дүбірлі додада дараланып, жеңіс тұғырынан көрінгендердің қатарында I орын, 65 кг салмақта Ердаулет Абдумүтәләпов (жаттықтырушысы – Қуаныш Нұрғали), I орын, 71 кг салмақта Наурызбай Сәдібеков (жаттықтырушысы – Рахат Советов), II орын, 50 кг салмақта Бағдәулет Төлепов (жаттықтырушысы – Рахат Советов), II орын, 65 кг салмақта Мырзабек Мұстафаев (жаттықтырушысы – Рахат Советов), III орын, 45 кг салмақта Иманғали Хамитбеков (жаттықтырушысы – Жомарт Қожахметов), III орын, 45 кг салмақта Нұржігіт Алмағанбетов (жаттықтырушысы – Мағжан Сейітхан), III орын, 85 кг салмақта Сабыржан Рәнтай (жаттықтырушысы – Қайрат Жолмырзаев) бар.
Жасөспірімдердің жетістікке жету жолында жаттықтырушыларымен қатар әдіскерлерінің де еңбегі зор. Сондай-ақ спорт мектеп директоры Ардақ Айтуаровқа айтар алғыстары көп.
Жастығын спортқа арнап, шымырлыққа шыңдалып жүрген спортшылардың арасынан 4 жасөсіпірім (алтын, күміс) ендігіде Ташкентте өтетін Әлем чемпионатында додаға түсетін болады. Осындай спортқа ынтық жастар барда ұлттық спортымыздың көсегесі көгеретініне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз.