Kyzylorda-news.kz Бүгінгі таңда қазақ күресінің дәурені жүріп, ұлттық спортымыз төрге озып, әлем елдерінің алдында бой түзеді. Текті қазақ халқының атын төрткүл дүниеге танытып жүрген спортшыларымыз да аз емес. Соның ішінде белбеу күресі кең өріс алып келеді. Байрақты бәсекелерде асыл қасиетті бойына сіңірген балуандарымыз байрағымызды көкке желбіретіп, рухымызды асқақтатып, әнұранымызды шырқатуы – өз алдына үлкен жетістік.

Бала күнінен «балуан болсам, әлем елдерінің алдында топ жарып, күллі қазақ жұртын қуантсам» деп армандап, қазір сол мақсаты орындалған жас балуанның бірі, шиелілік – Жандос Әбубәкір. Ол 2001 жылы 10 қаңтарда Шиелі ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Мектеп табалдырығында білім ала жүріп, дюздо үйірмесіне қатысады. Баланың қабілетін байқаған жаттықтырушысы Бақытжан Молдабаев оны жарыстарға шығарып, болашақ Әлем чемпионының дарынын шыңдап дамытады. Жас өрен, алғашында, самбо, дзюдомен шұғылданып, кейін қазақша күрес, белбеу күресінен де бағын сынап көреді. Бүгінде еткен еңбек, төккен тердің арқасында облыстық, республикалық додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. 

Қазіргі жаттықтырушы-ұстазы Райымбек Рантаевтың еселі еңбегі мен мол тәжірибесін үйретуінің нәтижесінде, 2019 жылы Астана қаласында және 2022 жылы Өзбекстан мемлекеті Наманган қаласында жастар арасында өткен Әлем чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде додаға түсіп, қарсылас шақ келтірмей, алтын медальді қанжығалады. 

Жандос түрлі бәсекелерде жеңіс пен жеңілісті қатар көре жүріп, табандылықты қажет ететін спорттан бір кездері мүлде бас тартқысы келген сәттер болғанын да жасырмады. 

– Спортта үнемі дайындықты пысықтап, кез келген уақытта жарысқа сақадай сай тұру керек. Мектепті аяқтаған шағымда басқа мамандықты таңдағым да келді. Себебі артылған сенімді ақтап, күресті әрі қарай дамыта аламын ба деген қорқыныш болды. Дегенмен, жаттықтырушым мен отбасымның қолдауымен 2018 жылы Алматы қаласындағы спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, 2022 жылы жақсыға аяқтадым. Оқу орнында білім алумен қатар өткізілген байрақты бәсекелерде бақ сынап, жеңіс тұғырынан көріндім. Биыл, 2024 жылы Моңғолияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алдым. Бұйырса, үшінші рет Әлем чемпионы атанып, еңбек сіңірген спортшы ретінде жеңіспен ораламын деген сенімдемін, – дейді спортшы. 

Спорт академиясын аяқтаған Жандос Шәкенұлы қазіргі таңда Шиелі ауданындағы орталық спорт мектебінде қазақша күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Күніне 2 топта 30-дан аса шәкірт дайындап отыр. Қатысушы оқушылармен өзі де бірге жаттығып, тәжірибесімен бөлісіп, өз тарапынан жіберген қателіктерді шәкірттерінің қайталамауын басты назарда ұстайды.

Тағы да оқыңыз: