Kyzylorda-news.kz «Ұлағат» білім ордасы» мектебінде қалаға қарасты білім ошақтарының он саусағы майысқан шеберлері мен өнер иелері бас қосты. «Өнерлі ұрпақ – ел болашағы» атты қолөнер бойынша облыстық көрме-жәрмеңке сайысында бақ сынаған оқушылардың әрқайсысы бір-бір оқу орнының үмітін арқалап келген. Тартысты дода Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жеке кәсіпкер «Ербаеваның» «DamuBala» платформасы аясындағы үйірмелер мүшелері арасында өтті.
Алдымен қадірменді қонақтар білім ошағының базасында жасақталған көркем гимнастика, қазақ күресі, шахмат, теннис, садақ ату тәрізді үйірмелердің жұмысымен танысты. Ал мұнан соң сайыс төрінде өнер көрсететін әрбір шебердің туындысын жеке-жеке тамашалады. Оқушылар тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды өздері қолдан жасап жатты. Тағы бірі картина тоқыса, енді бірі бисерден бұйымдар жасады. Мұның барлығы балалардың бойынан талантты тап басып танып, бұлақ көріп, көзін ашып жүрген ұстаздардың мол еңбегінің нәтижесі екені даусыз.
– Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылып жатқан байқауымыз біздің шәкірттеріміздің жан-жақты, өнерлі, білімді, талантты екенін көрсетті. Біздің болашағымыз – осы балалар. Олардың дұрыс жолда қалыптасып, дамуы жолында әркез тер төге бермекпіз. Өнерлерің өрге жүзсін, – деді мектеп директоры Елжан Әжібеков.
Сайысқа қорытындысы бойынша «ORDA school» мектебі І орынды қанжығасына байлады. Ал «Samruk kids» оқу орталығы ІІ орынды еншіледі. «Алаш арыстаны» спорт шығармашылық орталығына да ІІ орын бұйырды. Үздік үштікті түйіндеген қос қатысушы Жаңақорған ауданынан «Бала-ART» өнер орталығы мен ЖК «Ербаева» кәсіпкерлігі ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сайысқа қатысқан орталықтар мен жеке мектеп жетекшілері Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.