Kyzylorda-news.kz. Бүгінде «AMANAT» партиясы түрлі спорт федерацияларымен және ұйымдармен бірлесіп бұқаралық спортты дамытуға бағытталған көптеген спорттық шараны тұрақты ұйымдастырып келеді.

Осы мақсатта өткен аптаның басында аудандық партия филиалының, Жастар ресурстық орталығы мен «Жастар Рухы» ЖҚ аудандық филиалының ұйымдастыруымен Әйтеке би кенті жастарының арасында «Жастар кубогы» атты доп додасы бастау алған болатын. Бүгінде аталған спорттық сайыс аясында аудан орталығының әр аумағынан құралған әр түрлі командалар бақ сынауда. 

Атап айтқанда 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында орталық аймақ жастарының аяқдопшылары өзара сынға түсті. Тартысты сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға «Жастар Рухы» ЖҚ аудандық филиалының жетекшісі Нұрбек Ақпанбетов дәрежелі дипломдар мен медальдар табыстады.

«Спорт – денсаулық кепілі. Біздің аудан жастары спорттық жарыстардың қай түрі болсын үнемі біркісідей атсалысады. Әсіресе футболға деген қызығушылықтары ерекше. Міне, бүгін соның нәтижесін көрдік. Жеңімпаз командаларды құттықтаймын. Барлық қатысушыларға алғыс білдіремін. Алдағы уақытта бұндай пайдалы шаралар өз жалғасын табады деген сенімдемін», – деді Нұрбек Ақпанбетов.

Тағы да оқыңыз: