Kyzylorda-news.kz. Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, жасөспірімдер қысқы олимпиядасының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева әлеуметтік желіде өзінің спорттағы мансабын аяқтағаны туралы хабарлаған болатын. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Элизабет Байтаққызы БАҚ өкілдеріне ресми мәлімдеме жасады.
«Мен кішкентай кезімнен мәнерлеп сырғанаудың шебері болуды қаладым және сол жолда барымды салып дайындалдым. Үлкен жетістіктерге де қол жеткіздім. Әрине бұл мені қолдаған жандардың арқасында деп білемін. Өкінішке орай денсаулығыма байланысты спорттық мансабымды аяқтауға тура келді. Бұл шешімге келу әрине қиын болды. Бірақ алда әлі талай жақсы жаңалықтар көп болады деген сенімдемін. Мені қолдаған баршаларыңызға алғыс айтамын», – деді Элизабет Тұрсынбаева
Баспасөз аланыңда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваға өз қолдауын білдіріп, алдағы жоспарларына табыс тіледі.
«Осы уақытқа дейін қысқы олимпидаға дайындықтар жасап, Элизабеттен үлкен көрсеткіштер күткен едік. Дегенмен жарақаттарына байланысты осындай шешім қабылданды. Біз басшылық ретінде де жалпы Элизабеттің жанкүйері ретінде де бұл шешіміне үлкен құрметпен қараймыз. Елімізде мәнерлеп сырғанау спорты кенже дамыса да оған қызығушы жастар көп. Сондықтан Элизабет Байтаққызы спорттан алыстамайды. Қазіргі таңда басқармаға қарасты спорт мектебінің мәнерлеп сырғанау бөліміне жаттықтырушы қызметін бастады. Алдағы уақытта облыстағы балалар мен жасөспірімдер мәнерлеп сырғанаудан үлкен жетістіктерге жететініне сенемін», – деді Жағыпар Айтбайұлы.
Сондай-ақ брифингте Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі және жеке бапкері Байтақ Тұрсынбаев бұл шешімге байланысты өз пікірімен бөлісті.
«Элизабет мәнерлеп сырғанау спортына 2005 жылы келді. Сегіз жасында елде өткен барлық жарыстарға қатысты. Сондай-ақ “Қазақстан құрама командасында” бой көрсетті. Осы аралықта Элизабет үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанның атын әлемге танытты десек те болады. Біздің алға қойған мақсаттарымыз өте көп болатын. Қысқы олимпиадаға қатысуды жоспарлаған едік. Дегенмен денсаулығы сыр бергеннен кейін осындай шешімге келдік. Әрине мұндай шешім шығармас бұрын көп ойланып, толғандық. Бірақ ұзақ уақыт бойы арқа жарақатынан толық айыға алмады. Элизабеттің барша жанкүйерлеріне тек алғыс айтамыз»,-деді Байтақ Әбілханұлы.