Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек жауынгерлік самбо және қазақ күресі спорт түрлері бойынша халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарған ауданымыздың мақтаныштарын салтанатты қабылдады.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 18-22 қыркүйек аралығында Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өткен ересектер арасындағы жауынгерлік самбодан Әлем кубогында және Алматы облысы, Үшқоңыр ауылында ұйымдастырылған «Ақ бидай» республикалық турнирінде қазақ күресінен ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген жерлестеріміз аудан мерейін асқақтатты.
Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шарада Жандос Еркінбек:
Сіздер өз еңбектеріңізбен жастарға үлгі болып, спорттың ел ішіндегі мәртебесін көтеріп, ұлттық рухты нығайтуға сүбелі үлес қосып келесіздер. Спорттағы әрбір жетістіктеріңіз – ауданымыздағы жүйелі жұмыстың айқын дәлелі. Біз бұдан әрі де спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстарды күшейтеміз, – деп атап өтті.
Салтанатты қабылдау барысында жеңімпаз спортшыларға аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Алтын күз – 2025» аудандық спартакиадасы қорытындыланып, жеңімпаз командалар да марапатталды.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, және спорт саласының ардагері Еркін Атабаев сөз сөйлеп, спортшыларға жүрекжарды лебіздерін арнады.
Айта кетейік, соңғы екі жыл ішінде аудан көлемінде 3 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылып, 4 балалар ойын және заманауи спорт алаңдары халық игілігіне берілді. Бұл – салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызды қадам.