Kyzylorda-news.kz. Бүгін елордада республикалық «Қазақстан барысы» турнирі өтіп жатыр.

Турнир «Барыс-арена» мұз сарайында елорда уақытымен 13:00-де басталып, «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілуде.

Турнир жеңімпазына 25 миллион теңге ақшалай сыйлық, алтын белбеу және алтыннан құйылған «тайтұяқ» беріледі. Ал екінші орын иегері 5,5 миллион теңге мен күміс белбеу, қола жүлдегер 1,8 миллион теңге мен қола белбеуге қол жеткізеді.

Биылғы бәсекеге Жамбыл облысынан Бейбіт Ыстыбаев қатысады деп күтілуде. Ол аталған турнирде 2012, 2015 және 2016 жылдарда жеңімпаз атанған болатын. Ал екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінген Айбек Нұғымаров биыл спорттық мансабын аяқтағанын жариялады. Сондай-ақ, өткен жылы «Қазақстан барысы» атанған Дәурен Нұралинов алған жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмайтынын жария етті.

Турнирде биыл мамандар Мұхит Тұрсынов пен Еламан Ерғалиев бас жүлдеден үміткер ретінде санайды. Мұхит 2014, Еламан 2017 жылы жеңіс тұғырына көтерілген еді. 2019 және 2021 жылдарда күміс жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай да қатысады.

Турнир барысында барлығы 36 балуан сынға түседі.

Тағы да оқыңыз: