Kyzylorda-news.kz Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының төрағалығымен алты ай көлемінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша барлық спорт мекемелерінің басшыларына жиын өткізді.
Басқосуда мекеме басшыларының функционалдық міндеттемелеріне қойылатын жаңа талаптар, «Қайсар» футбол клубының қазіргі нәтижесі және ойыншылар алу, сондай-ақ, клубқа қосымша инвестор тарту мәселесі тапсырылды, қала және аудандарда орналасқан спорт кешендеріне жөндеу жұмыстарын уақытылы орындау, басқармаға қарасты мекеме бюджетін жоспарлы игеру және алда болатын ауқымды спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу бойынша бірқатар мәселелер талқыланды.
Бұдан былай мекеме директорларының келісім-шартына қосымша жүктемелер енгізіледі. Бұл міндеттемелерге олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беру, Әлем, Азия және ҚР чемпионаттарындағы көрсеткіштердің жоғары болуы, мекемедегі бюджет қаражатын жоспарлы және тиімді игеру талабы да қойылды. Бұдан бөлек, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке кәсіпкерлер теңгеріміндегі спорт алаңдарын қайта жаңғырту және барлық спорт мектептеріне осы бастан жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу сынды жаңа талаптар қойылды.
Айта кетейік, бұрың-соңды мекеме басшыларының функционалдық міндеттемелерінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беру, бюджет қаржысын олимпиадалық спорт түрлеріне бағыттау және Әлем, Азия, ҚР чемпионаттарының медаль саны олимпиадалық спорт түрлері бойынша есептеу пункті ешқашан болмаған.
Бұл бастама салаға жаңа серпіліс пен оң өзгеріс әкелері сөзсіз.
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен шет мемлекеттерден келген ойыншыларға бюджеттен және квазимемлекеттік секторлардан қаржы бөлмеу туралы Жаңа Заң қабылданған болатын. Осыған байланысты, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының батыл қадам жасауы арқылы елімізде алғашқылардың бірі болып «Қайсар» футбол клубы легионерлерден бас тартты. Өз кезегінде командаға тәжірибелі қазақ балалары алынып, олар аймақ абыройын лайықты түрде қорғау үшін өз мүмкіндіктерін көрсетуде.
Дегенмен, басқарма басшысы біраз уақыт бұрын команданың нәтижесін жақсарту мақсатында футбол клубтың директорына инвестор тарту, келесі тур ойындарына тәжірибелі 4-5 ойыншы алу, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу арқылы инвестиция көлемін арттыру туралы тапсырма берген болатын.
Жиында аталған мәселелер бойынша клуб директоры Талғат Әбдіғаппарұлы өз баяндамасын жасады. Айтуынша, қазіргі таңда «Қазгермұнай» АҚ команиясымен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде командаға 30 млн теңгеге жуық қосымша инвестиция тартылмақ. Сонымен қатар, басқа да жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу жоспары бар екендігін жеткізді.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта «Қайсардың» сапына жаңадан 3 ойыншы қосылып, жасыл алаңда өз мүмкіндіктерін көрсететінін айтты. Одан бөлек, жақын арада команда құрамына тағы да тәжірибесі мол екі ойыншы қосылатынын жеткізді.
Осы ретте, басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды уақытылы жалғастыруды, инвестиция көлемін одан әрі арттыруды, кәсіпкерлермен тиімді келіссөздер жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, команданың бас бапкері Виктор Кумыковқа премьер-лига ойындарындағы нәтижені көтеруді және команда жетекшісі Мақсат Байжановқа клубтың нәтижесіне тікелей жауапты екендігін қатаң түрде ескертті.
Фото: freepik.com