Kyzylorda-news.kzт Қазақ халқы отбасы құндылығын жоғары бағалайды. Қашанда отбасында атаның, әкенің орны бөлек. Ал әрбір азамат шыр етіп жарық дүниеге келген перзентінен үлкен үміт күтеді. Перзентінің биіктен көрінгенін қалайды. Сол мақсатта баласына барлық қамқорлығын көрсетеді. Қазақстандық жанкүйерлер боксшы Гүлсая Ержанды жақсы таниды. Қазалы топырағында дүниеге келген қайсар қыз қазірдің өзінде шаршы алаңда шеберлігін танытып жүр. 2022 жылы құрлықтық додада жеңімпаз атанды. Ал, Сербияда өткен халықаралық турнирде күміс медаль алды. 2023 жылы Таиландтың астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында  Гүлсая Ержан бас жүлдені жеңіп алды.  Әкелер күні қарсаңында Гүлсаяның атасы Ержан Исмаиловты әңгемеге тартқан едік.

- Халқымыз әрдайым әкені ардақтап, оны отбасының ұйытқысы санайды емес пе? Өзіңіз бұл ұғымды қалай түсінесіз?

- Ата-баба тәрбиесін бойына сіңірген ұрпақ әкені төрге оздырады. Әрбір шаңырақтың тұтқасы - ер азаматтар. Бұл - көзімізді ашқаннан санамызға шегеленіп өскен ұғымдар. Халқымызда «Әке – асқар тау» деген нақыл сөздің мағынасын ұғыну қиынға соға қоймас. Әке - отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Мен балаларыма жақсы тәрбие беруге тырыстым. Қазір олар адал еңбек етіп, еліміздің өркендеуі жолында зор үлесін қосып келеді.
Биылдан бастап атаулы күн ретінде белгіленген мерекенің мәні бөлек деп санаймын. Бұл - қазақ қоғамында кеңінен өріс алатын игі іс деп бағалаймын. Отбасы тәрбиесінде әке ұл балаға, ана қыз балаға жауапты болады. Сондықтан қазақтар «Ұлдың ұяты әкеде, қыздың ұяты шешеде» дейді. Қашанда ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ұл баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, әке көп еңбек сіңіреді. Ол ұрпағының қоғамда өз орнын дұрыс табуына тырысады. Әке - отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір - шапағат көзі.
Халқымызда «Әке көрген оқ жонар» деген мақал бар. Мағынасына үңілсеңіз, онда үлкен ұғым жатыр. Сондықтан әрбір әке бала алдында үлгі болуы тиіс. Ұлт құндылығынан асқан тәрбие көзі жоқ екені даусыз. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ата-ананы құрметтеу сияқты қарапайым қағиданы бойына сіңіріп өскен баладан жаман адам шықпайды. Барлық тәрбиенің түпқазығы ұлттық салт-ғұрпымызда, өсиет-өнегеге толы жырларымызда, төл әдебиетімізде жатыр.

- Енді Гүлсая жайында айта кетсек. Ол ауылдан шығып, Азия төрінде жеңіс тұғырына көтеріле білді. Оның спортқа қызығушылығын қай кезде байқаған едіңіздер?

- Біз Қазалы ауданының Сарыбұлақ ауылында тұратын едік. Гүлсая сол елді мекенде дүниеге келді. Сол ауылда мектептің тоғызыншы сыныбын тәмамдады. Одан кейін аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі №70 мектепте оқуын жалғастырып, жергілікті спорт мектебінің есігін ашты.
Ауылда жүргенде немеремнің спортқа бейім екенін байқадым. Қол күресінен қарсылас шақ келтірмейтін. Жанашыр інілерімнің бірі Гүлсаяны аудан орталығындағы спорт мектебіне беруге кеңес айтты. Сол мақсатта Әйтеке би кентіне көшіп келдік. Мектепте оқи жүріп бокс үйірмесіне қатысты. Алғашқыда оны күреске береміз бе деген ойда болған едім. Алайда немеремнің қалауы болды.

- Қай кезден бастап жарыстарға қатыса бастады?

- Жергілікті бапкер Бақытбек Құлбаев шәкіртін шыңдады. Талай жарысқа алып барды. Гүлсая барлығында өзін жақсы қырынан таныта білді. Еліміздің білікті мамандары оның жігері, еңбекқорлығы, жауапкершілігін жоғары бағалады. Ұлттық құрама сапына қабылдану екінің біріне бұйырмайды. Алдағы күнге үміт зор. Гүлсаяның әкесі – Ғалымжан жеке қожалық иесі. Жылқы шаруашылығымен айналысады. Анасы – Құралай әрдайым бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасы шырайын кіргізіп отыр.

- Балаларыңызға қандай тәрбие беріп келесіз?

– Менің үш балам бар. Жастайынан оларға жақсы тәрбие беруге тырыстым. Еңбекке баулыдым. Әрбір перзентінің жақсы азамат болып өсуін қадағалау – ер кісінің міндеті деп санаймын.

Әке өзінің дұрыс тәрбиелі іс-әрекетімен тұлғалы. Әке мен бала арасында терең түсінік, ашықтық, достық керек. Қандай жағдай болмасын бала әкесінен қысылмай ақыл сұраудан, сырын айтып, арманын іске асыруда бірлесіп әңгімелесуден қашпағаны абзал. Мәселен, үйге берілген тапсырманы екеуара орындау әке мен бала арасында жақсы қарым-қатынасты арттырады.

Қазір немерелерге қарап, шаңырақ шуағына бөленіп жүрген жайымыз бар. Солардың бірі – Гүлсая алға қойған мақсатына жету жолында үнемі ізденісте жүреді. Рас, бокс - қыз баласы үшін оңай емес. Алғашқыда оның жекпе-жегін қарауға шыдай алмайтын едік. Бірте-бірте бойымыз үйреніп келеді. Қазір ол тек біздің қызымыз ғана емес, елдің мақтанышына айналды. Алда көптеген жарыстар бар. Әркез тілекшіміз ғой.

Айта кетсек, енді елімізде Аналар және Әкелер күні мерекесі бөлек-бөлек аталып өтеді. Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісінде, ал Әкелер күні маусымның үшінші жексенбісінде мерекеленеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, аталған мерекелік күндерді бекіту еліміздегі отбасы институтын нығайтуға ықпал етпек.
«Мерекелік күндердің тізбесіне «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелерін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді. Мұндай мереке көптеген әлем елдерінде бар», - делінген министрліктің хабарламасында.

Әділжан Үмбет

Тағы да оқыңыз: