Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда Астана-Түркістан бағыты бойынша «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы өтеді.
Жоба 6 қыркүйекте сағат 14.00-де Қаражар (Ильинка) ауылында бастау алады. Осы шара қарсаңында - 5 қыркүйекте елордадағы «Қазанат» ипподромында 18.00-де республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі аясында Жорықтың салтанатты тұсаукесері өтеді.
Ұзындығы 1300 шақырым болатын маршрут Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын басып өтіп, 19 қыркүйекте Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді. Марафон 14 бөлікке (бірінші және соңғы күні 50 шақырымнан, қалған күндері 100 шақырымнан) бөлінген.
Жобаның жүлде қоры демеушілердің есебінен 65 млн теңгені құрайды. Жеңімпаз команда 30 млн теңге, екінші орын иегерлері - 20 млн теңге, қола жүлдегерлер - 15 млн теңге алады.
Марафон жұмысына 2 халықаралық, 2 қазақстандық судья және 2 халықаралық, 3 қазақстандық ветеринар шақырылды.
«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырады.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов министрліктің ұлттық құндылықтарды дамыту бойынша белсенді жұмыс жасап жатқанын атап өтті.
«Ұлы дала жорығы» марафонының мақсаты қарапайым. Бұл бірегей ұлттық бренд құру, дәстүрлі ат спортын, атап айтқанда, қазақтың «қазанат» жылқы тұқымын танымал ету. Мұндай жарыстар БАӘ, АҚШ, Испания, Франция, Ұлыбритания, Германия, Канада және Австралия сияқты елдерде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қамқорлығымен үнемі өткізіліп тұрады. Сондықтан біздің жобамыздың халықаралық деңгейде ауқымды оқиғаға айналуға барлық мүмкіндігі бар. Ұлттық ат спорты- мәдениетіміз бен болмысымыздың маңызды бөлігі. Министрлік ұлттық құндылықтарды дамыту және ілгерілету бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Олармен айналысатын адамдардың саны артып келеді. Елорда қонақтары мен тұрғындарын «Ұлы дала жорығы» ашылу салтанатына қатысуға және оған қатысушыларды қолдауға шақырамын», - дейді
Айта кетейік, жобаның басты серіктесі - «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры». Ақпараттық серіктес - «Қазақстан» РТРК. Толығырақ ақпаратпен мына сайттан танысуға болады. БАҚ-пен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл мәселелері бойынша + 7 777-214-01-71 нөміріне хабарласуға болады.