Kyzylorda-news.kz. Аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 31 208 адам бар. Бұл жалпы аудан тұрғындарының 39 пайыз үлесін құрайды. 

Аудан көлемінде тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 75 спорттық іс-шара өткен. Оның бесеуі республикалық, алтауы қалааралық, елуі аудандық және он төрті кент, ауылішілік, мекемеішілік жарыстар.

Жыл басынан бері ауданның спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншілік жарыстарында аудан спортшылары 56 медальға ие болды. Оның  29 алтын, 13 күміс, 14 қола. 

Сонымен қатар 10 грек-рим күресі бойынша спорт шеберіне кандидат, 5 бокс спорты бойынша, 1 еркін күрестен  спортшы тіркелді. Унифайт спорты бойынша 1 спортшы спорт шебері атанды.     I спорттық разряд бойынша волейболдан 3 спортшы аталынды. 

Өзбекстан Республикасы Хива қаласында өткен Гір спортынан Әлем біріншілігінде аралдық спортшылар 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иеленді.

Әмбебап жекпе-жектен Қырғызстан Республикасында Азия чемпионатынан  аудан спортшылары 7 алтын және Грузияның астанасы Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында 7 алтын, 1 күміс медаль иеленді. 

Арал қаласында спортқа жаны құмар балаларды тәрбиелеп, чемпион шығарып, аудан абыройын асырып жүрген №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің қызметкерлерінің толымды тірлігі мен жеткен жетістігін тілге тиек етпеске болмас. Себебі осы мектептен тәй-тәй қадам басқан жас өрендер қазір спорт шебері, Азия және Әлем чемпионы болып, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр. Олардың жеңісті жолында аталған мектептің алар орны ерекше. Серік Алмағамбетав басшылық жасайтын мектептің жайына толығырақ тоқталып өтсек. 

Мұнтаздай етіп жинақталған, жаз мезгілінінде маңайы гүлмен көмкеріліп жататын бұл мекеме көңілге жайлылық, бойға серпіліс беретіндей. Бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, каратэ, жекпе – жек залдары  спортшы оқушылар киім ауыстыратын және жуыну бөлмелері де қарастырылған. Бұған қоса Аманөткел, Қамыстыбас елді мекеніндегі спорттық сауықтыру кешені де аталған мектеп құрамына кіреді. Сонымен қатар Қаратерең және Аралқұм орта мектептерінің залдарын пайдалана отырып бокс және грек-рим бөлімшелері жұмыс жасап тұр.

Өткен оқу жылында мектепте 11 спорт бөлімшесі жұмыс істеген. Атап айтар болсақ, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, таэквондо, каратэ жекпе-жек сынды батылдық қайрат қалыптастыратын секциялар, баскетбол, волейбол, футбол және әмбебап спорт түрін меңгеруді меңзеген жастарған арналған бөлімшелер. Қазіргі таңда мектепте осы аталған бөлімшелер бойынша 36  жаттықтырушы жұмыс істейді. 

– Жыл сайын мектеп абырой бейігінен көрініп, спортшыларымыз көк байрағымызды көкте қалықтатып жатады. Әрине, мұның бәрі тыңғылықты дайындық, мол ізденіспен келетін дүние. Өткен оқу жылында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жалпы саны 11 спорт түрі бойынша, 112 топта барлығы 1368 оқушы спортпен шұғылданды. Оның ішінде спорттық сауықтырудың 29 тобында 504 оқушы, алғашқы дайындықтың 35  тобында 442 оқушы, оқу-жаттығу бойынша ашылған 38 топта 362 оқушы, спорттық жетілдіруге арналған 10 топта 60 оқушы алуан түрлі спорт түрінен дайындалды. Оқушылар артылған үміт пен жұмсалған күшті ақтай білді. Спортшыларымыз Алпамыс Болатұлы грек-рим күресінен Семей қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында І орын, Ибраймов Айбат еркін күрестен Талдықорған қаласында өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында ІІІ орын, Тымақова Нұрдана, Олжабаева Айкен, Романқызы Нұрай волейболдан кіші жасөспірім қыздар арасында Шымкент қаласында өткен қысқы және Өскемен қаласында өткен көктемгі ҚР чемпионаттарында І орын, Естайұлы Әділбек волейболдан Талдықорған қаласында өткен жасөспірім ұлдар арасындағы ҚР чемпионатында ІІ орын иеленді, - деді Серік Алмағамбетов.

Сондай-ақ жас өрендер әлемдік додаларда бой көрсетіп қана қоймай, еліміздің көк байрағын көкке көтерді. Унифайттан (әмбебап жекпе жек) Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Диас Ғалымжанұлы, Жансүйен Мұхтарұлы, Мансұр Өтебай, Бақытжан Серікбай, Ерасыл Сәдіров, Ернұр Әбжамиев жүлдеді І орынды иеленге. Осы жарыста  Кемалов Нұралы 2 орын алғанына да айта кету керек. Ерекше атап өтуге болады, унифайттан аралдық спортшылар талай биікті бағындырып жүр. Қырғызстан елінің Ыстықкөл қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында, Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы ҚР чемпионатында, Байқоңыр қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында бірқатар жасөспірім спортшылар жеңіс түғырынан көрінген. 

– Толық түйіспелі жекпе-жектен Алматы қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Кеңесбаев Ерасыл І орын, Өтебай Мансұр, Ғалымжанұлы Диас ІІ орын, Өтеумағамбетов Марғұлан, Серікбай Бақытжан ІІІ орын, жекпе-жектен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Әбжамиев Ернұр ІІ орын еншіледі. Ал аталған жарыста ІІІ орын алған Серікбай Бақытжан оқу жылы ішінде таэквондодан Алматы қаласында өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында ІІІ орын иеленіп жеңісті белестерді бағындырған болатын. Панкратионнан Қостанай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатына қатысқан жас өрендер де жүлдесіз қайтқан жоқ. Осы жылы грек-рим күресмен шұғылданатын спортшыларымыз Алпамыс Болатұлы мен Әмірмұхан Қабылов Қазақстан чемпионатын жеңіп, Әлем чемпионатына қосуды жоспарлап отырмыз, - дейді мектептің басшысы. 

Мектепте аудандық мәдениет және спорт бөлімімен бірлесе отырып, спорттың бірнеше түрінен жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық жарыстар өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, еркін күрестен Сахытжан Мүсенов атындағы республикалық турнир, Жасағанберген Қазтуғанов атындағы облыстық турнир, грек-рим күресінен Дәри Құттымұратов атындағы республикалық турнир, бокстан Жалдыбай Нұрпейісов атындағы облыстық турнир, баскетболдан Алмас Жанназаров атындағы облыстық турнир, волейболдан Асхат Аханов атындағы қалааралық турнир, футболдан Аманқос Есмұрзаев атындағы аудандық турнирлер өткізілген. 

Жоғарыдағы айтылған жеңіс жолы мен жасалған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын мектеп директоры да тілге тиек етіп қалды.

Спортқа құмар жандардың шамшырағын жаға білген, оларға дұрыс жол нұсқап, бағыт-бағдар беріп отырған спорт мектебі ұжымының да еңбегі орасан зор.

Тағы да оқыңыз: