Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау деген сөз. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет» дегенін баршамыз білеміз. Расында қазақтың болмысы мен ұлттық келбетін бейнелейтін мәдениеттің алар орны ерекше. Әсіресе ақындары «Аралым менің осындай, өнер мен дәулет қонған жер» деп жырға қосқан Аралдың қосар үлесі көп. Ендеше Арал өңірінің мәдениеті мен спорт саласы жөнінде сөз қозғасақ.
Арал ауданы бойынша 76 мәдениет және спорт мекемелері бар. Олардың ішінде аудандық мәдениет үйі, қалалық мәдениет үйі, аудандық мәдениет орталығы, 4 ауылдық мәдениет үйі, 23 ауылдық клуб, 39 кітапхана (оның ішінде 33 кітапхана ауылдық жерде), аудандық тарихи-өлкетану музейі, балықшылар музейі , «Суреттер сыр шертеді» музей бөлімшесі, Арал қалалық тарихи музейі, Арал «Спорт» клубы, №19 аудандық олимпиадалық-резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт және №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері халыққа қызмет көрсетуде. Осы ретте халықты рухани байлықпен сусындатып келе жатқан мәдениет саласының қызметкерлері жөнінде де айта кеткеніміз орынды болар. Себебі өнердің өрісін тарылтпай келе жатқан жандардың еңбегі өлшеусіз. Нақтырақ айтар болсақ, мәдениет мекемелері бойынша жұмыс істейтін қызметкерлердің саны – 348 болса, оның ішінде 237-сі мәдениет үйлері мен клубтарда, 84-і кітапханаларда, 27-сі аудандық мәдениет орталығында.
Сонымен бірге мәдениет мекемелері бойынша 131 үйірме жұмыс істесе, оларға қатысушылар саны –1697. Жыл басынан бері аудан бойынша 972 мәдени-көпшілік шаралар атқарылып, оған 47124 көрермен қамтылды.
Былтыр жыл басынан бері 472 мәдени іс-шара өткізілген. 2022 жылы жаз айында бұл көрсеткіш 375 болған. Олардың ішінде өткізілген көлемді шараларға тоқталып өтер болсақ,10 ақпан күні ақын Жарасқан Әбдірашевтің 75 жылдығына арналған «Маржан сөз, қоңыр үн» атты аудандық концерт жүргізушілер және 24 мамырда «Дала, сенің ұлыңмын!» атты республикалық жазба ақындар байқаулары өткізілді.Ал 27 наурыз – театр күніне орай Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театрының «Құдірет пен қасірет» романы бойынша дайындаған спектаклі Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрының және 26 сәуірде аудандық мәдениет үйінің сахналарында қойылды.12 сәуірде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған«Ұлт рухын түлеткен тұлға» атты драма үйірмелерінің аудандық байқауы ұйымдастырылды. 22 сәуір күні күйші, сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына және ақын Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай «Күй – құдірет, күй – кие» атты аудандық күйшілер байқауы өткізілген.
Арал ауданында – өткен жылы Жеңістің 78 жылдығына орай Аудан әкімдігінің жүлдесі үшін облыстық ат бәйгесі өтті. Аймақтың әр өңірінен келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған арғымақтар қарымын осы дүрмекте сынады. Барлығы 40-тан аса сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – тай жарысы, құнан, аламан бәйге болып үш топқа бөлініп өткізілді. Бәйге тай жарысынан басталды. Онда ауыздығымен алысқан 12 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Нәтижесінде Қызылорда қаласының тұрғыны Қаюпов Қайраттың «Айторысы» бірінші келді. Ал Қарашалаң ауылының шабандоздары екінші, үшінші орынды бөлісті. Төлегенов Айдарбектің «Камриясы» мәре сызығын екінші кессе, үздік үштікті Киікбаев Нұрдаулет «Жұмбаққарасы» түйіндеді. Жүйріктер сайысы мұнан соң құнан бәйгесіне ұласты. Бұл сында 13 тұлпар бақтасты. Ең бірінші болып Нұрлыбайұлы Рамазанның қос бірдей аты яғни, «Нұрқасқасы» топ жарса, «Өмірқасқасы» үшінші орынды жеңді. Қармақшылық «Үміт» екінші болып келген екен. Бәйгенің көрігін Аламан ашты. Бұл додада 17 шабандоздар бақ сынасты. Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлар осы 22 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды. Бұл жарыста бас жүлде Қызылжарлық Берекетов Байназардың «Золотой» атты сәйгүлігіне бұйырды. Бәйгенің бас жүлдесін аудан әкімі Серік Сермағамбетов табыс етті. Аламан бәйгеде екінші орынды Қазалылық Күнтуов Мархабаттың «Абыройы» еншіледі. Үшінші орын Қызылорда қаласынан қатысқан Киікбаевтардың «Сұңқары» иемденді.
Мұнан бөлек, былтыр 27 сәуір күні ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған «Айналаға мейірім шаш!» атты аудандық өнер фестивалі өткізілсе, 21 мамыр күні жырау Жанділдә Әбішұлын еске алуға арналған «Жанділдә жырдың жүйрік жорғасы еді» атты жыр кеші өткізілді. Сонымен қатар 30 мамырда ерекше жандарға арналған «Жанашырлыққа жан риза» атты мүгедектігі бар ерекше балалардың қатысуымен «Әрқашан күн сөнбесін!» атты өнер фестивалі ұйымдастырылды.Жалпы ерекше күтімді қажет ететін осынау жандарға мемлекеттің де қолдауы орасан зор.
Жетістіктер халықтың көз алдында. Десе де жақсы жаңалықты қанша айтса да артық болмас. Былтыр Арал ауданында өткен ақын Жарасқан Әбдірашевтің 75 жылдығына орай «Дала, сенің ұлыңмын!» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасында Мырзабекова Аида бас жүлдеге ие болғаны талай ақындардың туған топырағына айналған ауданымыз үшін үлкен абырой. Мұнан бөлек «Алты Алаштың ардағы» атты дәстүрлі облыстық ақындар айтысында Орынбасаров Бексұлтан бас жүлде, «Жұлдызды жұп» ретро ән орындаушыларының байқауына Дәулеткерей Қуантқанов және Қыдыралиев Хабибулла I орын иеленді.Қызылорда қаласында өткен «Таланттар топ жарған» бишілер байқауында «Жұлдызай» би тобы I орын алды.
Арал ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны өткен жылы – 31 228 адамды құрады. Жалпы аудан тұрғындарының үлесі 38 пайызын құрайды. Аудан көлемінде 2022 жылдың осы кезіне дейін аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 75 спорттық іс-шара, оның 5-і республикалық, 6-уы қалааралық, 50-і аудандық, 14-ті кент, ауылішілік, мекемеішілік өткізілді. Олардың ішінде көлемді шараларға тоқталып өтсек, 23-37 ақпан күндері волейболдан Асхат Аханов атындағы республикалық дәстүрлі турнир өтті. 17-20 наурыз күндері грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында акробатикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері Дәри Құттымұратовты еске алуға арналған республикалық турнир өткізілді. Мұнан бөлек бокстан жасөспірімдер арасында еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Жалдыбай Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Спортшыларымыздың да көрсеткіші жоғары. Қазақстан Республикасының ресми чемпионаттары мен біріншіліктері жарыстарында аудан спортшылары 44 медальға ие болды. Оның 18-і – алтын, 12-сі – күміс, 14-і – қола.
Біз бүгінде демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әрбіріміздің ойлауға да, сөйлеуге де еркіндігіміз бар. Сондықтан ел арасында түрлі пікірлердің айтылуы заңдылық. Кітапхананың ашылуын күтіп, есігін күзетіп тұратындардың қарасы бұрынғыдай көп емес. Оған себеп те жоқ емес. Ғаламтордың әлеуеті артқан сайын кітап оқу кейінге қалып барады деп жүрміз. Бірақ қазір сол интернеттен көптеген кітаптың электронды нұсқаларын алып оқуға мүмкіндік көп. Сондықтан кітап мүлде оқылмайды деу қате пікір. Жалпы бүгінде Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша2023 жылдың шілде айына дейін 480 мәдени іс-шара өткізілген. 2022 жылдың шілде айында бұл көрсеткіш 372 болған. Аудан кітапханалары бойынша 8 кітапханада«Коворкинг» білім орталықтары жұмыс істейді. Одан бөлек кітапханаларға келген оқырман талабын, сұранысын сапалы қанағаттандыру және сервистік қызмет көрсету дәрежесін арттыру мақсатында «РАБИС» (Республикалық ақпараттандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе) бағдарламасы бойынша барлығы 39 кітапхана тапсырыс, іздеу, тіркеу модульдерімен жұмыс атқарады. Аудан бойынша электронды каталог қорына 487535 дана кітап енгізілді. Тек бұл ғана емес, кітапханаға оқырман тарту үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен,былтыр 23 сәуір –дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап әлемінің сиқырлы түні» атты кітапхана түні өткізілсе, 17 мамыр күні «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдікұлының шығармашылығына арналған «Құпия есіктің құлпын ашқан суреткер» атты оқырмандар конференциясы өткізілді.
2023 жылдың 28 ақпанында және 29 наурызда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Арал ауданы орталығында «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында Арал қаласындағы 30-ға жуық коммерциялық нысандар зерделенді. Нәтижесінде деректемелер мен көрнекі ақпараттары Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңының 21-бабына қайшы келетін 10 кәсіпкерлік мақсаттағы нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі ұсынылып, әдістемелік көмек ретінде жадынамалар таратылды. Бұл жұмыстар жылына бірнеше рет дәстүрлі түрде жүргізіліп отырады екен.
Тағы айта кетерлігі, Арал ауданы бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерінің жалпы саны – 61. Оның ішінде республикалық маңызы бар – 1, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген – 39, алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени объектілер – 21.Осы кезге дейін аудандағы барлық алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген, тарихи-мәдени мұра объектілеріне ескерткіш мәртебесін беру немесе алдын ала есепке алу тізімінен шығарып тастау үшін тарихи-мәдени мұра объектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізілген. Қазіргі таңда аталған сараптама нәтижесінде тиісті мекеме тарапынан облыс әкімдігінің қаулы жобасын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Аудан бойынша барлығы 9 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын белгілеу жобасының құжаттары дайындалған.
Қазіргі таңда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 31208 адамды құрайды. Бұл жалпы Арал ауданы тұрғындарының 39 пайызы. Демек, спортпен шұғылданушылар саны 12%-ға өскен. Сонымен қатар аудан көлемінде 2 спорт мектебі (№19 АОРМБЖМ, №20 БЖСМ) және 1 спорт клубы (Арал спорт клубы) жергілікті халықты бұқаралық спортқа тарту бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Аудан бойынша 260 спорт объектісі тіркелген. Оның: 4-і спорттық кешен, 1-уі стадион, 55-і спорт залдар, 14-і бейімделінген спорт бөлмелері, 4-уі спорттық ату тирлері, 163-і жазықтағы спорт алаңдары, 19 футбол алаңдары халыққа спортпен шұғылдану үшін қызмет көрсетіп келеді.