Kyzylorda-news.kz Қазір қимыл-қозғалысытежеліп, есесіне, жүйкесіне жүктеме түскен балалар көп. Себебі айтпаса да белгілі – технологияға тәуелділік. Тәулік бойы қолдарындағы смартфонға үңіліп отыратын балаларды өзге нәрсеге қызықтыру қиын. Далада доп қуалаған ұлдар, батпақтан кесе-шәйнек жасап ойнайтын қыздар жоқтың қасы. 

Бұл мәселеде таяқтың бір ұшы мұғалімдерге тиері анық. Баланы гаджеттің тұңғиығына батудан тыйып, салауатты өмірге бейімдеуде әсіресе, денешынықтыру пәні мұғалімдеріне артылар жүк салмақты. Осы орайда оқушыларды спортқа баулып қана қоймай, ұландардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттырып жүрген шиелілік мұғалімнің бірі – Амангелді Шайзадаев. Ол 16 жылдан бері №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп келеді. 

«Спорт – денсаулық кепілі». Амангелдінің ұраны да, ұстанымы да осы. Ол қырық бес минуттық сабақтан бөлек арнайы үйірмеде оқушыларға тоғыз құмалақ ойынының қыр-сырын үйретеді. Үйірмеге құлшына қатысатын жиырмаға жуық баланың жетістіктері де жетерлік. Амангелді баулып жүрген тоғыз құмалақшылар бүгінде аудандық, облыстық додаларда тек жүлдемен оралады. 

– Қазіргі оқушылардың тәрбиесі қиындап, мінезі күрделеніп барады. Өте ашушаң, ызақор. Оны психологтар мен дәрігерлер баланың күніне шектен тыс пайдасыз, тіпті жүйкеге салмақ түсіретін ақпараттар қабылдағаннан мінез-құлқы бұзылып және тәулік бойы смартфон шұқылап, компьютер алдында тапжылмай отырып, физикалық белсенділігін жоғалтып, қимыл-қозғалысы шектеліп, қан айналымның бұзылуымен байланыстырады. Мен мамандармен келісемін. Расымен, қазіргі оқушылар мен жастардың бос уақытының барлығын ғаламтор жеп қойып жатыр. Оған тосқауыл қоймасақ, ғаламтор бір күні өздерін жұтып қояды. Ал жас ұрпақты ғаламторға тәуелді болып қалудан сақтайтын бір жол бар, ол – спорт. Балалар үшін дене тәрбиесін ең басты құндылыққа айналдыруымыз керек. Өйткені бойын билей алмаған адам ойын да билей алмайды. Жасынан шынығып шымыр болып, ақыл-ойын дамытатын спорт түрлерімен айналысып өскен ұланды не қиындыққа қайрап салсаң да шағылмайтын жаңғақтай берік, төзімді болып ержетері сөзсіз, – дейді А.Шайзадаев.

Шынымен де бар уақытын телефонға телмірумен өткізген баланың болашағы алаңдатпай қоймайды. Гаджеттер өмірімізге дендеп енбей тұрғанда ауладағы ойынның қызығына батқан балаларды ата-аналары қараңғы түссе де үйге кіргізе алмайтын. Ал «телефонмен туған» бүгінгінің балдырғандарын әке-шешелері үйден далаға шығара алмай әлек. Мұндайда ата-ана мен мұғалім бірігіп кіріспесе нәтиже болмасы анық. Әр баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қоғамға бейімдеп, қабілетін дамытуға бағыттасақ, болашақтың бір кірпішін түзу қалағанымыз емес пе?!

Тағы да оқыңыз: