Kyzylorda-news.kz. Спорттың қай саласы болмасын үлкен күшті, тынымсыз еңбек пен шапшаңдық, қырағылық сынды қасиеттерді талап етеді. Әсіресе ауыр тасты бірнеше мәрте көтеру оңай емес. Осы бір спорт түрін жанымен қалап, сүйікті ісіне кейін мамандығына айналдырған жандар да бар. Солардың бірі «Арал спорт клубы» каммуналдық мемлекеттік мекемесінің жаттықтырушысы Қайрат Разақов. Ауданның атын жақсы қырынан шығарып, спорттың дамуы жолында табанды еңбек еткен жандар туралы ақпарат жинақтау барысында Қайраттың табысты жолы таң қалдырған болатын. Ендеше оның жемісті белесін бүгінгі әңгімеге арқау етпекпіз.
Бала кезден спортты жанына серік еткен Қайрат гір тасын көтеру мен қол күрестен өзінің мықтылығын талай мәрте қатарластары арасында дәлелдеген. 2011 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін денешынықтыру және спорт бағыты бойынша бітіріп, диплом алған соң «Арал Спорт клубы» КММ-не нұсқаушы болып жұмысқа орналасады.
– Жас кезімде қол күрес, гір тасын көтерумен өз бетімше айналысып, үнемі өзімді шыңдап отырдым. Түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып жүрдім. Сол сәтте өзімнің болашағымның тек спортпен байланысты екендігін түсіне бастадым. Осылай сүйікті ісімді мамандыққа айналдырып, қазір тәжрибемді жастармен бөлісіп жүрмін. Шәкірт тәрбиелеу ісімен де тұрақты түрде айналыса бастағаныма 10 жылға жуықтап қалыпты. Мені шыңдап отыратыны да осы жұмыс, - деді Қайрат.
Қайрат қазір гір тасын көтерудің қыр-сырын 60-қа жуық жеткіншекке меңгертіп жүр. Спортшының үміт артқан шәкірттері де жаттықтырушыларын жерге қаратқан емес. Республика көлемінен бөлек, әлем, Азия чемпионы атанып, көк байрақты көкте қалықтатын жүрген талантты шәкірттер.
– Гір тасын көтеру серпе және жұлқа көтеру болып екіге бөлінеді. Жарыс жолында балалар ауыр тасты көтеру кезінде тез шаршап, аз көтеріп қалмас үшін пайданалылатын небір техникалар бар. Өзіме мұның бәрі тәжірибемен келді. Шәкірттерімнің арасында Әлем чемпионатына қатысқан балалардың екеуі чемпион болды. Екі спортшы жүлдегер атанды. 4 бала Азия чемпионы болды. Шәкірттерімнің екеуі спорт шебері. Спорт шеберлігінен кандидат ретінде 3 шәкіртім тұр. Олардың барлығы гір тасын көтеруді сүйікті спортына балап келген бір кездегі кішкентай жеткіншектер. Тынымсыз еңбектің арқасында жетістік жолдарын жалғап, әлемдік деңгейде танымал болды, - дейді жаттықтырушы.
Қайрат Разақовтың өзі де гір тасын көтеруден алдына қара салмай келе жатқан спортшылардың бірі. 32 келі гір тасын бір көтергенде 80 рет көтереді. 5 мәрте Әлем чемпионы, 6 дүркін Азия чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бұл жеңіс жолына шәкірттерінің бағындырған белесін қоссақ, бір Қайраттың өзі гір тасын көтеру спортына ауыз толтырып айтарлық нәтиже көрсетіп жүргендігін байқауға болады. Әрине бұл жеңісі жол жалғасын таба бермек.