Kyzylorda-news.kz. Кеше Премьер-Министр лауазымына кіріскен Олжас Бектеновтің орнына Айбек Дәдебаев Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Кешке қарай О. Бектенов басқаратын министрлер кабинетінің құрамы да белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
«Бәйтеректен» Ұлттық экономикаға
48 жастағы Нұрлан Байбазаров Ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыровтың орнына жайғасты. Бүгінге дейін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін басқарған ол қызметтегі 23 жылының көбін квазимемлекеттік секторда өткерген. «Қазақстанның Даму Банкі», «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Өнеркәсіпті дамыту қоры» компанияларында жұмыс істеген Нұрлан Байбазаров экс-министр Ә.Қуантыровтың қосылған құн салығын төлейтін тұлғалардың қатарын кеңейту арқылы бюджет тапшылығын жою туралы бастамасын не істейтіні қызық.
Фото: primeminister.kz
Мәжіліс комитетінен Қаржы министрлігіне
Нұрлан Байбазаров министрлік лауазымымен қатар Премьер-министрдің орынбасары қызметін қатар алып жүреді. Бұл міндет оған Қаржы министрі болған Ерұлан Жамаубаевтан қалды деп топшылауға болады. Олай дейтініміз, оның орнына келген Мәди Тәкиев тек министрлік лауазымын атқарады.
Еңбек жолын есепшіліктен бастаған Мәди Төкешұлы 1 сәуірде 46-ға толады. Салық органдарында түрлі лауазымдар атқарған ол 2019-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болса, 2020-2023 жылдары Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі ретінде жұмыс істеді. 2023 жылғы наурыздан бастап Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп келді.
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі
Президент күзетінен ТЖМ-ге
Сырым Шәріпхановтың орнына келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов 2006 жылдан 2022 жылға дейін Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі сатыдан өтіп, шыңдалған. 40 жастағы жаңа министр 2022 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Президент күзет қызметінің бастығы болып келді.
Фото: Парламент Мәжілісі
Депутаттықтан Денсауминге
Ә. Смалиов кабинетіндегі үш әйел министрдің бірі болған Ажар Ғиният қызметімен қоштасқанымен, орнын тағы бұрымды басты. Ол – Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова.
52 жастағы А. Әлназарова – медицина ғылымдарының докторы. Педиатр маман Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтер атқарып, жергілікті мәслихат депутаты болды. Сенаттағы депутаттық мандатында да денсаулық саласының өзекті проблемаларын көтерумен есте қалды.
Фото: primeminister.kz
Тағы бір мүмкіндік берілгендер
Мемлекет басшысының Жарлықтарымен келесі лауазым иелері бұрынғы орындарында қалды:
- 37 жастағы Көлік министрі Марат Қарабаев,
- 54 жастағы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев,
- 49 жастағы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева,
- 56 жастағы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов,
- 42 жастағы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек,
- 62 жастағы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев,
- 54 жастағы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев,
- 40 жастағы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин,
- 57 жастағы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров,
- 53 жастағы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев,
- 46 жастағы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев,
- 42 жастағы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев,
- 55 жастағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі,Светлана Жақыпова,
- 44 жастағы Әділет министрі Азамат Есқараев.
21 министрдің үшеуі - әйел
Сондай-ақ Конституция бойынша Президент өз бетімен тағайындайтын үш министр де орындарын сақтап қалды. Атап айтсақ:
- Мұрат Нұртілеу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі лауазымына,
- Ержан Сәденов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына,
- Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі лауазымына қайта тағайындалды.
Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан басқа вице-премьерлер де қызметінде қалды.
Жаңа кабинеттің жасына келсек, ең жас министр Көлік министрі Марат Қарабаев болып тұр. Ал ең егде жастағы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың зейнет жасына жетуіне бір жылдай ғана уақыт қалған.
Жалпы министрлер кабиентіндегі 21 министрдің үшеуі - әйел.