Kyzylorda-news.kz Шежірелі өлке Шиеліге Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың келгені мәлім. Кезекті отырыс Шиелі ауданы бойынша ҚМДБ өкілдерімен кездесуге ұласты. Президент кеңесшісі, әуелі, аудан және ауыл имамдарына Мемлекет басшысының сәлемін жеткізіп, айтулы мерекемен құттықтады.

– Біз қазірде тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында дінге қызмет етіп, халықты иман мен ізгілікке шақыруға мүмкіндік алып отырмыз. Бүгінгі мереке осындай игі істерді еске салады. Ендеше, Рәміздер күні баршамызға құтты болсын!

Ақиқат жолында атқарып жатқан жұмыстарыңызға өз атымнан, Қ.Кемелұлының атынан алғыс айтқым келеді. Еліміздегі ішкі және сыртқы тұрақтылықты сақтауда сіздердің үлкен үлестеріңіз бар. Президент қызметтеріңізді жоғары бағалайды, – деді Мәлік Нұржанұлы. 

  Бұдан кейін Ұлттық құрылтайда көтерілген адам тәрбиесі, қоғам тәрбиесі, қоғамның мәдениетін көтеру бағыттары сөз болды. М.Отарбаев, әсіресе, жастарды барынша тазалық пен мәдениетке үйрету керегін ашық айтты. Сондай-ақ биыл республикалық деңгейде бастау алған "Таза Қазақстан" жобасы тазалық акциясы ретінде басталғанымен, оның негізгі мәні қолда бар дүниені таза ұстауға үндейтінін жеткізді. 

Жиын барысында қозғалған тағы бір тақырып – ұлттық әдебиет пен әлем әдебиетіне назар аудару. Президент кеңесшісі озық ойлы ұлтқа айналудың бір ғана жолы – кітапта екенін әрі білім-ғылымсыз діттеген мақсатқа жете алмайтынымызды тиек етті. Сонымен қатар кейбір мешіттер тек діни әдебиетпен қамтылғанын, олардың қатарын ұлттық әдебиетпен толықтырудың маңызын атап өтті. 

– Қазіргі таңда дін жолында қызмет етіп жатқан кейбір азаматтардың ұлттық әдебиеттен алыстап кеткені жасырын емес. Мұны олардың айтқан әңгімелерінен байқаймыз. Тілдері шорқақ, жұтаңдай бастады. Салдарынан жат нәрселер мен ұғымымызға сай келмейтін дүниелер айтылуда. 

Адамның кеудесін басқан татты кітап кетіре алады десек, оның біріншісі – Құран, екіншісі – хадис, ал үшіншісі – ұлттық әдебиет пен әлем әдебиеті. Осы тұста қазақтың барлық құндылығын өзіміздің шығармалар арқылы алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі қазақ жазушылары ешқашан имансыздықты насихаттаған емес, – деді ол.

Бұл мәселе төңірегінде өз сөзінде: "Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін", – деген еді Президент.

Дін өкілдері де айтылған пікірге үн қосып, көркем мінез бен ішкі мәдениеттің мәніне тоқталды. Жиын қонақтары тарапынан әйгілі ғұламалар мен зиялы өкілдер хақында фильмдер мен кітаптар көбірек шықса деген ұсыныс айтылды. Ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев өңірдегі бүгінгі діни ахуалдың қалыпты екенін әрі құлшылық орындарында сауатты, жоғары білімді мамандар қызмет етіп жатқанын баяндады.

– Уақыт өткен сайын ауданымыз білікті имамдармен толығып жатыр. Бұны ел ішіндегі тыныштықтың нәтижесі деп білеміз. Мемлекетіміздегі сондай мамыражайлықты сақтауға жағдай жасап, ынтымақ орнатып отырған Президентімізге дұғай-дұғай сәлем айтыңыз, – деді ол. 

Сонымен қатар М.Нұржанұлы күтпеген жерден орын алған көктемгі су тасқыны кезінде ынтымақ пен бірлікке мұрындық болған аудан жұртына Мемлекет басшысының атынан алғыс айтты. Бұл істің үлкен имандылыққа балатынын, халық бірлігін насихаттау – негізгі ұстанымымыз екенін жеткізді. Отырыс соңында қосымша ұсыныс-тілектер айтылып, әдеби кітаптарды мешіттерге үлестіруге тапсырма берілді. 

Жастармен жүздесті

Президент кеңесшісі бұдан кейін Жастар орталығына ат басын бұрып, ел ертеңі – жалынды жастармен жүздесті. Мемлекет басшысы құрылтайдағы сөзінде: "Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам "адал азамат" деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. "Адал адам – адал еңбек – адал табыс" – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған – озық әрі табысты елге айналудың басты кілті", – деп атап өткен болатын. Жастармен жүргізілген жиында Қ.Тоқаевтың осындай бастамалары мен ұсыныстары талқыланды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жас буынға көрсетіліп жатқан көмектер турасында әңгіме өрбіді. "Ел ертеңі – жастарға қолдау білдіру – мемлекеттің басты назарында", – деді Мәлік Нұржанұлы.

Жиын барысында пайымды пікірлер айтылып, орнықты ұсыныстар ортаға салынды. Мемлекет ұсынып отырған түрлі бағдарламалардың игілігін көріп отырған бірқатар жастар өз алғыстарын жеткізді.

Кездесулер легі Бәйгеқұм ауылдық округінде қорытындыланды. М.Отарбаев мұнда "Адал адам" мәдени-тәрбие орталығының жұмысымен танысып, жазғы демалыс маусымында тәлім алып жатқан бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Сондай-ақ әжелер ансамблінің, сан аспапты сайратқан өнерпаздардың әдемі әуенін тыңдап, дәстүрлі тұсаукесер рәсіміне қатысып, қазақы дәмнен ауыз тиді. Балалар болса, арнайы театр қойылымына куә болып, күндерін жағымды нотада тәмамдады.

Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлының талай талантты төрінде тоғыстырып, тұғырынан түлеткен, ақынның елі, батырдың жеріне айналған Шиелі шаһарына сапары осылайша аяқталды. Ол киелі мекенді қазіргі таңдағы әлеуеті жоғары, күн санап дамып келе жатқан аудандардың бірі ретінде бағалап, үздіксіз атқарылып келе жатқан кешенді жұмыстардың нәтижелі болуына тілектестік білдірді.

Тағы да оқыңыз: