Kyzylorda-news.kz Кеше Шиелі аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Н.Байқадамов, А.Есмаханов, А.Жүнісовпен кездесу жиыны өтті.
Жиынға Шиелі аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов пен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуді аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков жүргізіп, кандидаттардың өмірбаянымен таныстырды.
Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын оқып, айтылған ұсыныс-пікірлерге жауап берді. Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттар елдің экономикасы мен экологиясынын жақсарту бойынша қабылданатын заң жобаларын әзірлеуге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Кездесу барысында кандидаттарға мәслихат депутаты Қ.Қасымов заңдарды қоғамға тиімді етіп қабылдау жолында жанжақты зерделеуді назарға алу керек екенін жеткізсе, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Бекішов қазақ тілінің мәртебесін көтеру бағытындағы заңнамаларды күшейту қажеттігін айтты.
Кездесу соңында үлкен жауапкершілік пен елдің үмітін арқалағалы тұрған азаматтарға құрметті сот ардагері Т.Баймағамбетов ақ батасын беріп, алдағы сайлауға сәттілік тіледі. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауы алдағы 25 сәуір күні өтетін болады.