**Қазақстан Президентінің Германияға сапары барысында жалпы құны 2,4 млрд долларды құрайтын отыз экономикалық құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды** [**ҚазАқпарат**](http://lenta.inform.kz/kz/prezidenttin-germaniyaga-saparynda-2-4-mlrd-kuraytyn-30-kuzhatka-kol-koyyldy_a3591952)**.** Бұл туралы бейсенбі кешке журналистерге Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев қол қою рәсімнен кейін айтып берді. > _«Мемлекет басшысының Германияға ресми сапары аясында жалпы құны 2,4 млрд доллар отыз экономикалық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде қайта өңдеу және машина жасау секілді салалар бар», – деді Б.Сартбаев._ > _«Олардың басым бөлігі өзара байланысты және жоғары қосымша құны бар өнім өндіреді», – деп атап өтті Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарма төрағасы._ > _«Сондай-ақ бүгін қол қойылған басты құжаттардың бірі – Kazakh Invest пен Герман экономикасының шығыс комитеті арасында инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бірлескен жоспар. Ол салалардың басым бағытын және нақты ынтымақтастық жобаларын анықтайды», – деп тоқталды ол._ Айта кетерлігі, Герман экономикасының шығыс комитеті ГФР-дың Орталық, Шығыс, Оңтүстік шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы 29 мемлекеттегі экономикалық мүддесіне жауапты.