Kyzylorda-news.kz Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
- Енді бірқатар мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірімді айтайын. Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сондай-ақ Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек.
- Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек, - деді Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда