ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова

Kyzylorda-news.kz. Биыл 1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталады. Іріктеу жастарды қолдауға және олардың мемлекет игілігі үшін қызмет ету жолында ынталандыруға бағытталған. Кадрлық резерв қандай мүмкіндіктер беретіні және оған қалай жетуге болатыны туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітовадан сұрап білдік.  

- Өңірлік кадр резервіне іріктеудің мақсат-міндеті қандай?

- Жобаның негізгі мақсаты - жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді Қызылорда облысының өңірлік кадр комиссиясы жүзеге асырады. Оған 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

- Жобаға қатысу критерийлері мен шарттары туралы толық айтып берсеңіз.

- Резервке іріктеу бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - құжаттарды қабылдау. Екінші кезең - заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу. Үшінші кезең – «Құзыреттерді бағалау». Төртінші кезең – «Комиссиядағы құрылымдық сұхбат. Бесінші кезең – «Комиссияның отырысында» резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады.
Құжаттарды қабылдау 1-31 наурыз аралығында өтеді. Кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz - жобаның ресми сайтында тапсыра алады. Қажетті құжаттар тізімін де осы жерден біле аласыздар. Сонымен қатар, құжаттарды беру уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қағаз жеткізгіште не хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекен жайына электрондық түрде де мүмкін екенін атап өткен жөн.

- Тест тапсыратын жастар қандай заңды білу керек және қанша уақыт беріледі?

- Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу  Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді. Бірінші блогы 5-9 сәуір аралығында, екінші блогы 13-14 сәуірде өтеді. 
Бірінші блок. «Заңнаманы білуге арналған тестілеу»:
Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ);
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ);
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын;
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін (10 сұрақ)білуге арналған тестілерді қамтиды.
Тест тапсыруға кандидаттарға - 55 минут беріледі. 
Екінші блогы «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге» заңнаманы білуге арналған тестілеуді ең жоғары баллмен тапсырған кандидаттардың 50% - ы өтеді, бірақ 80 кандидаттан аспайды .
Тестілеу стресске төзімділік, бастамашылық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға бағдарлану және оны хабардар ету, парасаттылық, өзін-өзі дамыту, жеделдік, ынтымақтастық және өзара іс-қимыл және кандидаттың өзге де қасиеттерін анықтауға арналған тапсырмаларды қамтиды.
Тестілеудің жалпы уақыты - 90 минут. 
Тестілеуді сәтті тапсырған кандидаттардың тізімі интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада кандидаттарды келесі кезеңге жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде орналастырылады.

- Резервке қабылданған кандиттардың тізімі қашан және қайда жарияланады?

- Комиссияның отырысында резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады. Өңірлік резервтерге алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланатын болады. Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылатын болады. Сондай-ақ кандидаттар іріктеуден өту тілін таңдап, әр кезеңнің өту күні мен уақытын таңдай алады.

- Кадрлық резервке алынған тұлғалар міндетті түрде мемлекеттік қызметке тұра ала ма және қандай лауазымдарға тұра алады?

- Өңірлік резервте болу мерзімі - 2 жыл. Резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.

- Әңгімеңізге рақмет.

Фариза ОМАРОВА

Фото: Kyzylorda-news.kz.
 

Тағы да оқыңыз: