Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды.
Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Бұл бастама күшті әрі қарқынды дамыған мемлекет құруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүзеге асыруды көздейді. Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев фискальді және ақша-несие жүйесін жетілдіру, қаржы ағындарын кеңейту, институттардың сапасын арттыру шаралары нарықтық және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде аталған сала анағұрлым ашық, сенімді әрі қарқынды бола түседі деп санайды
Алайда президенттің пікірінше, бұл мақсаттарға қол жеткізіп, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін күш біріктірген жөн. Осы орайда мемлекет басшысы бірқатар өзекті міндетті айқындап берді. Оларды іске асыру үшін бүкіл әлемдік қоғамдастық күш жұмылдыруы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесі керек.
Бүгінде сауда кедергілерінің көбеюі, протекционизм мен келісімдердің бұзылуы жаһандық экономикаға айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Бұл түйткілдерді шешу үшін әділетсіз сауда кедергілерін жойып, цифрландыру арқылы жеткізу тізбегінің ашықтығын арттыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әлемдік қаржы жүйесіне де жаңа тәсілдер қолдану керек деп санайды. Мемлекет басшысы қаржы жүйесінде тек таңдаулылар ғана пайдаға кенелмей, барлық елге тең мүмкіндік берілуге тиіс екенін айтты. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты орнықты қаржыландыру саласында барынша пәрменді шаралар қабылдауға шақырды.
Нарықтық капитализациясы орасан зор Азиядағы алып облигациялар нарығы көптеген даму жобаларына қолдау көрсететін әлеуетке ие. Еуразиялық даму банкі жаңа қаржылық инвестициялық құрал ретінде панда-бондтардың бірінші легін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жаһандық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін аса маңызды болуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.