Kyzylorda-news.kz Соңғы онжылдықтың бедерінде Алашқа ана атанған Сыр өңірінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен  жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Көпқабатты тұрғын үйлер көбейді. Бірнеше шағын аудан мен кварталдар бой көтерді. Бір сол жағалаудың өзі осы сөзімізге дәлел бола алады. 

Республикада екінші орын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құрылыс жұмыстарына ерекше ден қойып отыр. Құрылыс саласындағы жұмыстарға келгенде Қызылорданың республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатқанын мақтанышпен жеткізгіміз келеді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қызылорда облысының құрылыс секторындағы өсім көрсеткіші бойынша республикада аймақтар арасында екінші орында тұрғаны айтылды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндады. Орайы келгенде аймақтағы құрылыс жұмыстарының ауқымы жайлы қалам тербегенді жөн санадық.

Әңгімені жылу орталығынан бастайық. Өйткені елдегі өзекті мәселенің бірі де жылу орталықтарымен тікелей байланысты. Жылу көзіне байланысты мәселені Қызылорда облысы қалай шешпек? Бұл жағына келгенде Сыр өңірінде анау айтқандай мәселе жоқ шығар, бірақ жылу орталығының ескі екені әмбеге аян. Жаңасын салмаса болмайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, қазіргі жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте осы мәселенің түйіні қалай тарқатылатыны айтылды.

– Үкімет басшысының төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын мерзімінде іске асыру тапсырылды. Бірінші, қолданыстағы жылу көздерін жөндеу және инженерлік желілерді модернизациялау. Жылумен қамту – облыстағы күрделі мәселенің бірі. Қолданыстағы жылу орталығының тозығы жетуіне  байланысты түрік инвесторларымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысын бастадық. Нысан 2025 жылы іске қосылады. Ендігі кезекте тозығы жеткен жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғыртуымыз қажет, – деді облыс басшысы. 

Жалпы Қызылордада жылу орталығын салу үшін алдымен Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге. Тіпті аталған нысанның құрылысы басталғанын да көпшілік жақсы біледі. Өткен жылы Республика күні қарсаңында «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясы 76 млрд теңгеден астам инвестиция салып, қазақстандық «ИНТЕРТАСКО» компаниясын бас мердігер ретінде таңдаған. Бас мердігер ретінде таңдалған компания бұған дейін Атырау облысында қуаты 310 МВт газ электр станциясының құрылысын жүргізген. Сонымен қатар «Тенгизшевройл», «Шеврон», «Норд Каспиан Оперейтинг» компанияларында жұмыс атқаруда. Тіпті түркиялық компания Америка мен Еуропаның General Electric, Siemens және басқа да ірі компанияларына соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды дайындауға алдын ала төлем жасаған деген де ақпарат бар. 

Халықты тұрғын үймен қамтуға келгенде Сырдағы жұмысты өзгелерге үлгі етуге болады. Әрине, біз бұл сөзімізбен Қызылорда облысы баспана мәселесін түбегейлі шешті деуден аулақпыз. Әйтсе де атқарылған ауқымды жұмыс та жоқ емес. Он күнге созылған наурыз мерекесі қарсаңында Сыр бойында 200-ден астам отбасына пәтер берілді. Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 80 отбасыға пәтер кілтін табыс еткен рәсімде облыс әкімі халықты тұрғын үймен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем толталған еді.

– Халықты баспанамен қамту еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірлік атқарылуда. Өткен жылы 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмірінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік  70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты  болады. Жыл басынан бері Тасбөгет кентінде 172 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алдағы аптада «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 отбасына үй кілті табысталады. Бұл – тұрғындар әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекет қолдауының нақты көрінісі, – деді аймақ басшысы.

Құрылыс жұмыстарына келгенде Сыр өңірінде ауыз толтырып айтарлық жаңалық жеткілікті. Жақында ғана 1000 орындық «Өнер орталығы» ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Өткен жылы «Отбасы орталығы» мен «Анаға тағзым» орталығы ашылған болатын.  

Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәліметке сенсек, 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. 2024 жылы 110 нысанды салуға 94,5 млрд теңге бөлінді. Мұндай дерек облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құрылыс саласында жұмыс істейтін мекеме өкілдерімен кездесуінде айтылды.

Қызылорда қаласында 92 жоба жүзеге асады

Алашқа ана атанған аймақтың бас шаһары, жүрегі, орталығы Қызылорда қаласы екені белгілі. Демек, облыс орталығын дамыту мәселесін күн тәртібінен түсірмеу керек. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай атқарылады? Қызылорда қаласындағы құрылыс қарқыны күшейе ме? Бұл сұрақтардың нақты жауабын білу үшін Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың қалалық қоғамдық кеңес мүшелері алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер турасында берген есебін негізге алдық.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қазан айында облысымызға жұмыс сапарымен келіп, аймақтағы жұмыстарға оң бағасын берген еді. Президент Қызылорда облысына келгенде аймақ басшысы қала тұрғындарының өтінішін жеткізіп, жылы судың жайын сөз еткен. Үлкендердің айтуы бойынша, Қызылорда қала болғалы жылы су жоқ. Мемлекет басшысы Үкіметке әкімшілікпен бірлесіп, тездетіп жоба жасауға тапсырма берді. Нәтижесінде 2024 жылы 11,5 млрд, 2025 жылға 11,45 млрд теңге бөлінейін деп жатыр. Нәлібаевтың өз сөзімен айтсақ «екі жылдың ішінде Қызылорда қаласын жылы сумен қамтамасыз етеміз. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдаған үлкен тарихи шешім болды». Қала әкімінің сөзіне сенсек, қазір бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жүруде. 

– Құрылыс – экономиканың негізгі драйвері десек, бұл тұрғыда Сырдың бас шаһары құрылыс қарқыны бойынша республикада алдыңғы орындардан көрінді. Алып құрылыс алаңына айналған Қызылорда заманауи келбетін қалыптастырып, сәулетіне көрік қосты. Сонымен қатар ең таза қалалар көшін бастап, көрсеткіштерімізге серпін берді. Жыл көлемінде бюджеттің барлық қаржы көздерінен және жеке инвесторлар арқылы 355,8 млрд теңгенің жобасы сәтті басталып, 113 млрд теңге игерілді. Тұрғын үй құрылысын дамытуға қаржыландырудың барлық көздерінен 22,8 млрд теңгеге 2424 пәтерді құрайтын көпқабатты 39 тұрғын үй бой көтерді. Өткен жылы 1486 пәтерді құрайтын көпқабатты 23 тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді қала әкімі.

         Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауынан құны 2,4 млрд теңгені құрайтын «Оқушылар сарайы» және құны 7,9 млрд теңге болатын 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы биыл аяқталып, ел игілігіне табысталады деп жоспарланған. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бастау алған 5 білім нысанын биыл аяқтау жоспарланған. Қала әкімінің айтуынша, қалған 3 мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі.

– Облыс әкімінің тапсырмасымен үш ауысымдық оқуды болдырмау мақсатында облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлініп, Абай атындағы №2, С.Толыбеков атындағы №3, Ә.Мүсілімов атындағы №101 және Т.Есетов атындағы №264 мектептерге қосымша ғимараттар салынды. Бәйтерек шағын ауданындағы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 600 орындық мектеп те оқушыларды қабылдап, жұмысын бастап кетті. Халық сұранысына қажетті ғимараттардың құрылыстары биыл да жалғасуда. Яғни сол жағалаудан құны 4,8 млрд теңгені құрайтын музыкалық колледждің құрылысы қарқын алды, – деп атап өтті қала әкімі.

         Қала әкімі құны 2,9 млрд теңге болатын «Облыстық қан орталығының» құрылысын биыл аяқтау жоспарланғанын да жеткізді. Сонымен бірге жоба құны 36,4 млрд теңгені құрайтын бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салынып жатыр. 

– Баймұрат батыр ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория жақын күндері пайдалануға беріледі. Қосшыңырау ауылдық округіндегі медициналық бекетті сәуір айында табыстау жоспарлануда. Сонымен қатар 568,1 млн теңгеге Талсуат пен Қарауылтөбе ауылдарынан 150 орындық клуб пайдалануға беріліп, мәдениет пен руханиятқа үлкен сый болды. Бұл игі бастамалар Тасбөгет кентінде де жалғасты. Яғни облыстық бюджеттен 514,5 млн теңге қаржы бөлініп, стандартқа сай дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Ал «СамұрықҚазына» қоры есебінен 239 млн теңге қаржыға Ақсуат ауылдық округінен жаңа спорт кешені салынып, пайдалануға берілді, – деді қала басшысы.

Сол жағалаудан жаңа үстел теннисі орталығының іргетасы қаланғанын айта кетейік. Бюджеті 2,7 млрд теңгені құрайды, оның жартысы «Самұрық қазына» қорынан бөлінді. Дәл осы аумақтан құны 21 млрд теңге болатын 7000 орындық стадионның құрылысы басталды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан іргесі қаланған жаңа автовокзалдың да жақын күндері игілігін көреміз. Құны 975 млн теңгені құрайтын сапаржайды барлық стандарттарға сай деуге болады. Теміржол қақпасы – вокзал ғимараты мен аумағы жаңаша кейіпке енді. Жөндеу жұмыстарына демеушілер 255 млн теңге, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 322 млн теңге бөлді.  

Қызылордада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту да үнемі назарда екенін айта кетейік. Бұл бағыт бойынша 5,7 млрд теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауында Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізімен жанасатын көлік айырығы пайдалануға берілді. Құны 10,6 млрд теңге қаражатқа қала, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі жалпы ұзындығы 185,7 шақырым болатын 269 көшеге орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 690 млн теңгеге 19 көшеге жаяу жүргінші жолы салынды. Бұдан бөлек, құны 350,1 млн теңгеге Бәйтерек тұрғын ауданына «Қызылжарма» су арнасы арқылы өтетін автомобиль көпірі қолданысқа берілсе, Ғ.Мұратбаев көшесі мен А.Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір де ел игілігіне берілді. 

Қызылордада көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін панельдермен қапталғанын жақсы білеміз. Өткен жылы бұл жұмыстар демеушілердің күшімен жүзеге асқан. Нақтырақ айтқанда, 26 көпқабатты тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысанның сыртқы қасбеті қапталған еді.Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға көпқабатты 16 тұрғын үйдің қасбеті жаңалануда. 

– Ауқымды жұмысымыздың бірі – Бейбарыс сұлтан көшесін абаттандыру ісі еді. Оған 1,6 млрд теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды. Сол жағалаудағы Абылай хан даңғылы да абаттандырылуда. Оған бюджеттен 564,8 млн теңге қаралған. Ал демеушілер тарапынан Абай даңғылындағы №47 «А, Б, В, Г» көпқабатты тұрғын үйдің аулалары толық абаттандырылды. Тозығы жеткен ауыз су және кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3,8 млрд теңге қаралып, қала аумағындағы коммуналдық желілер жаңаланды, – деді Серік Қожаниязов.

Биылға бекітілген қала бюджеті 58,2 млрд теңге болса, бүгінгі күні 72,6 млрд теңгеге нақтыланды. Оның ішінде қала бюджетіне республикалық және облыстық бюджеттен 31,9 млрд теңге трансферт бөлініп, 92 жоба жүзеге аспақ.

Жекелеп тоқталар болсақ, құрылысы басталған Сырдария өзенінің сол жағалауы бөлігінде 7 қабатты 84 пәтерлі ипотекалық 6 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға, «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында ұзындығы 18,7 шақырымды құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және дамыту» бағдарламасы бойынша құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 19 жобаның жұмысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталып, іске қосылмақ.

– Биыл осал топтағы отбасыларына 200 пәтер және 135 пәтер жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға сатып алуға 4,2 млрд теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен қосымша құны 10 млрд теңгені құрайтын 800 пәтерді сатып алуға бюджеттік өтінім ұсынылды.

Қаланы абаттандыру және көгалдандыру бағытында 7,5 млрд теңге қаралды. Осы мақсатта «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бүгінгі күні әуежай бойында орналасқан Табиғат, Жібек жолы және Қызылжарма арналарын тазалау жұмысы жүргізіліп, арықтар мен арналарға аяқ су жіберілуде. Қала аумағындағы 10 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 375,4 млн теңге қаралды. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа қосымша 15 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңдары қайта жаңғыртылады. Бүгінде 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда, – деді қала басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, көшелерінің сәулеті бірыңғай үлгісі жолға қойылып, ондағы әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың сыртқы қасбеті, оның түсі, көше бойындағы жарықшамдар, жерге төселетін қыртастар пішіні және тағы басқа архитектуралық формалар бір стильде қалыптастырылатын көрінеді. Бұдан бөлек жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бюджеттің барлық көздерінен 6 млрд теңге қаралды. 

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл барлығы 16 жобаға 1 млрд 234 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды аяқтау үшін республикалық бюджетке 4,6 млрд теңгеге, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 587 млн теңге бюджеттік өтінім ұсынылды. Қызылжарма ауылдық округіндегі 5 көшені күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаржысы бөлінді. Қазіргі таңда ауылдық округтердегі 16 жобаның мердігер мекемесі анықталды, 5 жобаның жұмысы жүргізілуде. Биылғы міндеттер өте ауқымды. Осы жобалардың жүзеге асуына бірге күш салатын боламыз. Қазір қалада қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Мемлекеттік мерекелер өз деңгейінде аталып өтілуде. Шаһарымызды көркейту-көгалдандыру бағытында тұрақты түрде сенбілік ұйымдастырылуда. Бүгінде көктемгі дала жұмыстары да жанданды. Диқандар биыл 8677 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарлаған. Оның 3614 гектары – күріш. Өзім атап өткендей, алдағы уақытта да барлық сала бойынша атқарылатын міндеттер жалғаса береді, – деп атап өтті қала әкімі.

Қызылордалықтарды мазалаған мәселенің бірі – орталық алаңның жайы. Қазір аумағы қоршалып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан алаңның құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр екен. Ол үшін меценат Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен 1 млрд теңгеге және облыстық бюджеттен бөлінген 329,2 млн теңгеге орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Замануи дизайнмен әрленген орталық алаңның құрылысы биыл мамыр айында аяқталады деп күтілуде.

Тағы бір атап өтерлігі өткен жылы Қосшыңырау ауылдық округінің Абай, Досан елді мекендеріне газ құбырын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыс толығымен аяқталған. Бүгінде ауыл тұрғындары «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілді. Қала бойынша газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетті. Жылу желілерін қайта жаңғыртуға 8 жоба әзірленіп, оған республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте Бейбарыс сұлтан көшесінің бойындағы жылу құбырлары жер астымен жүргізілгенін де атап өткен жөн.

Аралда нәтижелі жұмыс бар

Өткен жылы айдынды Аралда да атқарылған тындырымды тірлік аз емес. Арал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметіне сүйенсек,  2023 жылы Сексеуіл кентіндегі ашық стадионнның құрылысы жіргізіліп, пайдалануға берілген. Бұдан бөлек Арал қаласындағы №5 және №6 шағын аудандарға электр желісі жүргізіліп, мемлекеттік қабылдаудан өтті. Сонымен қатар аңадан салынатын жеке тұрғын үйлер алаңын инфрақұрылыммен (су, свет) қамту мақсатында республикалық, облыстық бюджеттен қаржы қаралып, Жақсықылыш кенті (60 га) мен Арал қаласындағы №8 шағын ауданда (80га) тиісті жұмыстар атқарылған. 

– Арал қаласындағы №4 мөлтек ауданына газ желісін тарту жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 100 пәтер сатып алынып, кезектілік бойынша табысталды. Қамыстыбас елді мекеніне дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, – деді Арал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Тойбазар Ұзақов. 

Бөлім басшысының дерегіне қарағанда, Көктем елді мекенінде су жүйесінің құрылысына облыстық бюджеттен 306,5 млн теңге бөлініп, елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Бұдан бөлек Арал қаласындағы № 6 шағын ауданында су желісінің құрылысы аяқталып, бүгінде ел игілігін көріп отыр.

Арал ауданында биыл да жағымды жаңалықтарға толы болмақ.   «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Арал ауданы бойынша әлеуметтік жағынан осал топтарға арнап жаңа тұрғын үйлер сатып алу жоспарланған.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы Арал қаласындағы Арай мөлтек ауданында құрылысы басталған 300 орындық мектеп пен 2024 жылы Сексеуіл кентінде құрылысы басталған 300 орындық мектептің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұдан бөлек аудан орталығы Арал қаласынан кәріз желісінің І кезеңінің құрылысы басталатын болады. Жоба бойынша 10,1 шақырым кәріз желісі мен 4 насос стансасының құрылысы жүргізіліп, кәріз желісіне 15 нысан қосылатын болады.

– Аққұм ауылдық округі Шижаға елді мекенінен жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталатын болады. Аманөткел елді мекенінен жаңа типтік жобадағы 150 орындық ауылдық клуб ғимаратының құрылысын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар Аққұм ауылдық округі Шижаға елді мекеніндегі ескірген электр желілері 100 пайыз жаңартылатын болады. Биылғы жылы Сексеуіл кентінде жүргізіліп жатқан газ желісінің құрылысын толық аяқтап, елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарлануда, дейді Арал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.

Тағы бір атап өтерлігі, Аққұм ауылдық округі Шижаға елді мекенінде газ желісінің құрылысын бастау жоспарланса, Арал қаласындағы жаңадан ашылған мөлтек ауданға электр желісін жүргізу және Арал қаласындағы ескірген электр желілерін жаңартудың І кезеңінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарға енген. Арал қаласындағы жаңа 3 мөлтек ауданға газ желісінің құрылысы жүргізмек.

Қазалы: 2024 жылға 9 нысанның құрылысы жоспарланып отыр

Қазалы ауданының инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі – басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында былтыр Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауыз су, газ және электрмен жабдықтау үшін 310,483 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүрді. Сонымен қатар Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін жүргізуге 109,4 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде. Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі 4 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға  тағы 3 тұрғын үй жөнделді. Демеушілік есебінен 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры жабылды. Сондай-ақ Әйтеке би кентінің вокзал маңы және Жеңіс саябағын абаттандырудың жобалық-сметалық құжаттарын қолға алу жұмыстары басталып кетті.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 32,1 млн теңгеге аудан орталығы – Әйтеке би кентінен көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді (электр және ауыз сумен жабдықтау) инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп, тиісті орталық атқарушы органдарға қаржыландыруға ұсынылды. Бұдан бөлек Абай, Бозкөл, Жанкент, Жалаңтөс батыр ауылдарын электрмен жабдықтау, Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісінің құрылысы тиісті орындарға жіберілді. Сонымен қатар Шәкен, Шилі, Шитүбек және Сарыбұлақ елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау үшін де тиісті қаржылар бөлініп, жобалары әзірленді. Ал 2024 жылы Ажар, Жұбан, Бірлік елді мекендерінде су тұщыту қондырғысын сатып алып, орнату жұмыстары бар. 

Атқарылған жұмыстың нәтижесіндет аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 73 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткішті әрі қарай төмендету жоспарлануда. 2023 жылы Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға Ұлттық қор есебінен 187,7 млн тг бөлініп, жоспарланған жұмыстар толық атқарылды. Мұндай жұмыстар 2024 жылы да жалғасын таппақ. Мәселен, Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті мен Қожабақы және Байқожа ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру жобалары қолдау тапты. 

Бұл жұмыстарға Байқожа топтық су құбырының жұмысын да қоса кетейік. Жоба жұмысы толық аяқталатын болса 62 шақырым магистральдық су құбыры жүргізіліп, Әйтеке би кентіне тәулігіне 4500 текше метр ауыз су жеткізіліп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Сонымен қатар магистральдық құбыр бойында орналасқан 8 елді мекен, яғни Ақсуат, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай, Байқожа, Еңбекшіқазақ ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Газдандыру бойынша Абай елді мекеніне орамішілік газ желілері жүргізіліп жатыр.  Сонымен қатар демеушілік есебінен 5 ауылға, яғни Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Жоба жүзеге асқан жағдайда 15 елді мекеннің 17 мыңнан астам халқы, 3 000-нан астам тұрғын үйі және 115 әртүрлі бағыттағы нысандары газ желісіне қосылатын болады. Мұнымен қоса, демеушілік есебінен Ақсуат ауылы мен Байқожа, Майлыбас елді мекендеріне табиғи газ қосу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. 

Соңғы жылдары Қазалы ауданында ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Жалпы ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары және елді мекендердің 430 шақырымды құрайтын 470 көше жол тораптары бар. 

2023 жылы жалпы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3520 млн теңге қаржы бөлінді. Нақтыласақ, 35 шақырымды құрайтын 3 аудандық маңыздағы автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 28,4 шақырымды құрайтын 45 көшені, яғни Әйтеке би кентіндегі 23 көшеге қиыршық тас және ал қалған 22 көшеге асфальт төселді. Ал Қазалы қаласындағы 15 көшеге және Әйтеке би кентіндегі 2 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүруде.

 2023 жылдың соңында осы жұмыстарды жүзеге асыру арқылы аудандық маңыздағы  автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 85 пайызды құрады. Орташа жөндеу бойынша барлығы 35 шақырымды құрайтын Қожабақы-Бозкөл, Қожабақы-Жалпақ, Мұратбаев ауылына кіре беріс автомобиль жолдарына бөлінген 1288,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қайта жаңғырту жұмыстарына Тасарық, Бекарыстан би-Шөмішкөл, Лақалының 28,4 шақырым жолдарына 930,3 млн теңге қаржы қаралып, толықтай игерілді. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің 17 көшесіне Ү.Түктібаев елді мекенінің 6 көшесіне және Ғ.Мұратбаев елді мекенінің Қуандық әулие көшелерін орташа жөндеуге барлығы 610,2 млн  теңге қаралып, барлығы 22 көше жұмысы аяқталды. 

«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 15 көшесі қайта жаңғыртудан өтті. Бұдан бөлек Қазалы қаласындағы тағы 10 көшенің автомобиль жолы қайта жаңғыртылады. Мұнымен қоса аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүреді. Тағы бір айта кетерлігі, «Қожабақы-Бекарыстан би» 18-25 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу және осы жол бойында орналасқан темір бетон көпірді қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. Одан бөлек, «Тасөткел-Тасарық» аралығындағы автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары қолға алынған. 

«Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға 52 пәтер сатып алуға қаржы бөлінді. Нәтижесінде 52 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға тұрғын жай сатып алу үшін тағы республикалық бюджеттен 266,984 млн теңге бөлінді. Яғни тағы 22 тұрғын жайдың іргетасы қаланатын болады. 

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 3 ауылда, яғни Бозкөл, Абай және Кәукей ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Ол үшін ұлттық қордан – 1 150,7 млн теңге қаржы қаралған болатын. Сондай-ақ 160,4 млн теңгеге аудан орталығында орналасқан Жетес би емхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Қазалы ауданы  бойынша 2024 жылға барлығы 9 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде «Әйтеке би кентінде әкімшілік ғимаратының құрылысы» бар. Сол секілді Кәукей ауылындағы 100 орындық клубтың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Әйтеке би кентінен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 600 орындық мектептің құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.

Қармақшышыда мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда

Құрылыс саласына келетін болсақ, соңғы жылдары Қармақшы ауданында құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Қармақшы ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу, ауыз су және газбен қамтамасыз ету, электр беру желілерді қайта жаңғырту мәселелерін шешу жоспарланған. Атап айтқанда, құны 3,7 млрд теңге болатын Байқоңыр қаласындағы көпқабатты 50 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысы және аумағын абаттандыру, инженерлік жүйелер құрылысы жүргізілуде.

2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй қорынан үй сатып алуға Ұлттық қордан бөлінген 538,5 млн теңге қаржыға 51 тұрғын үй сатып алынып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді. Бұдан бөлек Қармақшыда елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарында құны 697 млн теңге болатын су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобалары іске асырылды.

Төретам және Ақай елді мекенін газдандыру мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, бүгінде Ақай ауылы табиғи газға қосылды. Ал, Төретам кенті бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 

2024 жылы Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы жүргізіледі. Аудан бойынша тұрғындарды газбен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында жалпы құны 7 млрд 172 млн теңгені құрайтын Дүр Оңғар ауылына газ желісі құрылысы басталады.

Электр желілерді қайта жаңғырту бүгінгі күнге өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қай ауданды алсақ та электр желілерінің ескіргені жасырын емес. Қармақшыда электр желілерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені кезең кезеңімен шешу мақсатында 2020 жылы Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай елді мекеніндегі электр станциялары қайта жаңғыртудан өткізілді. Электр желілерін жаңғырту үшін демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Нәтижесінде Көмекбаев, Ақтөбе, Иркөл елді мекендеріне республикалық бюджеттен 631 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар 6 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, оның ішінде аудандық бюджет есебінен – 4 (Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун, Қармақшы елді мекендері) және демеушілік қаражат есебінен – 2 (Жаңажол, Тұрмағамбет елді мекендері) жоба әзірленді.

Қармақшы ауданында халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Жосалы кентіндегі (құны 496,3 млн тг) дене шынықтыру кешені пайдалануға берілсе, Ақай, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене-шынықтыру кешендерінің (1.3 млрд тенге) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық бюджет қаражаты есебінен 2023  жылы Иіркөл, Төребай би, Ақай, Ақжар ауылдық округтерінде балалар және  спорттық ойын алаңындары орнатылып, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун ауылындағы спорт алаңдарын жөндеу жұмыстары жүргізілді және Ақтөбе ауылында балалар ойын алаңы толығымен абаттандырылды. Жосалы кентіндегі дене шынықтыру кешенінің бу қазандығы табиғи газға ауыстырылды.

2024 жылы аймақ басшысының бастамасымен музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі жалпы құны 1 млрд 635 млн теңгені құрайтын «Руханият орталығының» құрылысы жүргізіледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған болатын.

– Қармақшыда инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, көше жарығы, аяқ сумен қамту бойынша да атқарылған жұмыс аз емес. Жалпы құны 1 млрд 445 млн теңге «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының облыстық бюджет қаражаты есебінен 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, 2023 жылға жоспарлаған 11 шақырымын жөндеу жұмыстары  аяқталды. Қалған 16 шақырымға жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Сонымен қатар 2023 жылы республикалық және облыстық  бюджет есебінен аудандық маңызы бар «Қызылтам елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары басталып, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді. Сондай-ақ 2024 жылы ұзындығы 6,5 шақырымболатын құны 448 млн теңгеге аудандық маңыздағы «Марал ишан кесенесіне кіре беріс» автомобиль жолы салынатын болады. 2023 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Қуаңдария ауылында 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда: Жосалы кентінде 15 көше, Ақай ауылында 3 көше Ақтөбе, Ақжар және ІІІ Интернационал ауылдарында 1 көшеден жөнделді, – деді Қармақшы ауданының әкімі.

2024 жылы осы бағдарлама аясында аудан бойынша  жалпы 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, оның ішінде Ақжар ауылында бір көшесінің құрылысы жүргізілсе, Тұрмағамбет ауылының бір көшесіне күрделі жөндеу, Жосалы кентінің бір көшесіне,Төретам кентінің екі көшесіне, Тұрмағамбет ауылының 4 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ауданның көшелерін жарықтандыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентінің 19 көшесін және Дүр Оңғар ауылының  5 көшесін жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар  аудандық бюджет қаражаты есебінен Жосалы кентінің 3 көшесін жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. 

Жосалы кентінің тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі саналатын темір жол өткелі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша (ПИР 57,3 млн теңге) тиісті жұмыстар жүруде екен. Жоба құны айқындалған уақытта республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне өтінімдер жолданатын болады.

Жалағаш: тұрғындарды баспанамен қамтуда нәтижелі жұмыс бар

Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактордың қатарына сапалы инфрақұрылым және баспанамен қамтуды жатқызуға болады. Бұл ретте Жалағашта нәтижелі жұмыс жоқ емес. Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 51 тұрғын үй сатып алуға 538,6 млн теңге бөлініп, жеке кәсіпкерлер арқылы аудан орталығынан салынған үйлер тұрғындарға пайдалануға берілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі бұл жұмыстардың биыл да жалғасатынын атап өтті.          

– Соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін елдімекендердің ішкі көшелері күрделі және орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ елді мекендерді ауданмен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмады. Өткен жылы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске асырдық. Оның 984,9 млн теңгесіне Есет батыр-Жаңадария бағыты, Жаңаталап-Аққыр бағытындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Жалағаш ауданының әкімі.

Брифингтегі мәліметтерге қарағанда, Жалағаш кенті мен 5 елді мекеннің 20 көшесін жөндеу жұмыстарына 1,6 млрд теңгеге жұмсалған көрінеді. Қолда бар деректерге сүйенсек, бұл жұмыстар толық аяқталып, 177,8 шақырым жолдың мәселесі толық шешілген.

Аудан тұрғындарының көп жылдар бойы көтерген мәселесінің бірі – теміржол өткелі. Аймақ басшысының қолдауымен құны 325,4 млн теңгені құрайтын аспалы көпір ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолындағы көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы аудандық маңыздағы 3 автомобиль жолын (8,1 шқ) және 3 елді мекендегі 26 көшені (17,1 шқ) жөндеуге бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Тарқатар болсақ, республикалық бюджеттен 50 млн теңге, облыстық бюджеттен 1,55 млрд теңге. Мамандар жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңыздағы жолдардың үлесі 93,4 пайызға, ішкі жолдардың үлесі 85 пайызға жететін болады деп отыр.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Жалағаш кентінің кіреберісі, орталық алаң және ішкі көшелеріне абаттандыру, елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршау, аяқ су келтіру, насос сатып алу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2023 жылы аудан бойынша жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 24 нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық және облыстық бюджеттен 2024 жылға қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылды. 

2023 жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйесін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің құрылысы мен сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл Аламесек ауылдық округінде ауыз су жүйесін кеңейту және Жалағаш кентіне тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады.Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 

Жалағашта өткен жылы елді мекендерді, әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша 5 жоба қолға алынған. 5 жобаның 2-еуі толықтай жүзеге асып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараттары табиғи газға қосылды. Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджет есебінен 603 млн теңге қаржы бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұдан бөлек Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда аудан тұрғындарының 50 пайызы газбен қамтылатын болады. Осы орайда, алдағы уақытта Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. 

– Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай абаттандыру бағытындағы жұмыстарды іске асырудамыз. 2023 жылы аудан бойынша абаттандыру жұмыстарына 119,6 млн. теңге қаралып, 10 жоба сәтті іске асты. Біз бұл қаражатты тиімді пайдалана отырып, аудан бойынша 4 елді мекендегі көшелерді ағымдағы жөндеу және 5 елді мекенде балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілді. Ал биыл аудандық бюджет есебінен 3 елді мекенде жаңадан балалар ойын алаңдары салынса, 2 әлеуметтік нысан газға қосылатын болады, – деді А.Ибраимов. 

Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырым, электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі 45,2 пайызды құрап отыр. 2023 жылы Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 270,3 млн теңге бөлініп, желтоқсан айында пайдалануға берілді. 2024 жылы Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына 915 млн теңге бөлініп, жыл аяғына дейін толық пайдалануға берілетін болады. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 32,5 пайызды құрайтын болады.

Жалағашта республикалық бюджеттен 752,8 млн теңге бөлініп, Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысандар бүгінде науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. 

Сырдарияда электр желілері жаңғыртылуда 

Мемлекет басшысы «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ең алдымен халыққа қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырды. Осы ретте, Сырдария ауданында құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілген. Өткен жылы аудан бойынша жол саласына барлығы 32 жобаға 3,5 млрд теңге қаржы бөлініп, облыстық, аудандық маңызы бар және ауылішілік 78 шақырым жол жөнделді. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінген 1,3 млрд теңгеге облыстық маңызы бар «Қызылорда-Айдарлы» жолының 30 шақырымы және 687,6 млн теңгеге «Самара-Шымкент-Тереңөзек» автомобиль жолының 12 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Ал аудандық маңызы бар жолдар бойынша «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының 5 шақырымы және «Қызылорда-Жалағаш-Тереңөзек» автожолы орташа жөнделді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және бюджет көздерінен 8 елді мекенде 51 көше (Тереңөзек кенті – 32 көше, ұзындығы – 18,5 шқ; Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Шаған, Іңкәрдария – 19 көше, ұзындығы – 11,4 шқ) асфальттанып, ел игілігіне берілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 99 пайызы, ауылішілік жолдардың 76 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетті.

– Жол сапасын жақсартуға биыл да жоспарымыз бар. Аудан бойынша 2024 жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 3,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Оның ішінде, 10 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жол және ауылішілік 43 көше қамтылды (Тереңөзек кенті – 9 көше, Қоғалыкөл – 6 көше, Бесарық – 6 көше, Қалжан ахун – 1 көше, С.Сейфуллин – 9 көше, Шаған – 12 көше). Ауданда өткен ғасырдың 60-70 жылдарында салынған электр желілерінің тозығы жеткен. Осыған байланысты 2023 жылы елді мекендердің электр бағаналары мен желілерін қайта жаңғыртуды бастап кеттік, – деді Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 1,5 млрд теңгеге Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл және Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлары толық жаңартылды. Сонымен қатар Шаған ауылын электр желілерімен жабдықтау жұмыстары өткен жылы басталды. Жоба құны  1,1 млрд теңге екенін айта кетейік. 2023 жылы 227 млн теңге бөлініп, игерілді. Жоба биыл жалғасып, толық аяқталатын болады. Алдағы уақытта Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарында электр бағаналары мен желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарланып отыр. 

 «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 704,5 млн теңгеге Тереңөзек кенті және Аманкелді, Қоғалыкөл, Шаған ауылдарында 14,2 шақырымды құрайтын су құбырлары жаңартылуда. Бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізіле береді.

Бұдан бөлек Шаған ауылындағы 5 көшеге (А.Құнанбаев, Р.Оразғалиева, Ғ.Мұратбаев, А.Иманов, А.Иманов тұйығы) 181,3 млн теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Жоба 2024 жылға өтпелі болған соң, биыл құрылыс жұмыстарын аяқтауға республикалық бюджеттен 50 млн теңге қаржы бөлінді.

Тереңөзек кентіндегі 10 көшенің (Ғ.Мұратбаев, Ш.Құндызбаев, О.Абдулпаттаев, Тоғанас батыр, Қазақ, И.Тоқтыбаев, А.Құнанбаев, Жамбыл, Жеңістің 50 жылдығы, А.Алиакбаров) су құбырларын жаңартуға қажетті 307 млн теңгенің  177 млн теңгесі өткен жылы бөлінді. 2024 жылы Аманкелді ауылындағы 3 көшеге (Ж.Құлымбетов, А.Ақайдаров, А.Жанкин) құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Оны бастауға республикалық бюджеттен 59,5 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге, Тереңөзек, Шаған, Іңкәрдария, С.Сейфуллин елді мекендерінде 5 су мұнарасы жаңадан орнатылды. Атап өтетін жағдай, аудан орталығы табиғи газбен толық қамтамасыз етілсе, елді мекендерде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 

Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 330,6 млн теңгеге Қалжан ахун ауылына газдандыру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде, ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету 35 пайызға жетті. Сондай-ақ 2023 жылы С.Сейфуллин (447,5 млн теңге) мен А.Тоқмағамбетов (514, 8 млн теңге) ауылдарында газдандыру жұмыстары басталып, биыл табиғи газға қосылады деп жоспарлануда. Осы жұмыстар жүзеге асқанда ауданды табиғи газбен қамту көрсеткіші 43 пайызды құрайтын болады.

Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Шаған ауылын газдандыру көзделген. Ал Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасын қаржыландыруға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына 2024 жылға бюджеттік өтінім ұсынылды. Жоба құны – 661,4 млн теңге.

Сырдарияда да өткен жылы құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Оның ішінде, тұрғын үймен қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыстар атқарылды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында бюджет көздерінен 796,8 млн теңгеге Тереңөзек кентінен жапсарлас 80 тұрғын үй сатып алынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Жетікөл елді мекенінде 3 бөлмелі 2 тұрғын үй құрылысына аудандық бюджеттен 30,4 млн теңге бөлініп, көпбалалы отбасылар қоныстойын тойлады. 

– Біз ауданға бюджет қаражатынан тыс, демеушілік есебінен де жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, демеушілікпен 250 млн теңге тартылып, «Сыр сұлуы» монументі, көпқабатты тұрғын үйлердің сырты жаңартылды, ойын алаңдары салынды, мектептердің автотұрақ жолдары мен қоршаулары жаңартылды және тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне газ қондырғыларын орнату жұмыстары атқарылды, – деді Сырдария ауданының әкімі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп бой көтермек. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Н.Ілиясов ауылында жаңадан дәрігерлік амбулатория (405 млн теңге) пайдалануға берілсе, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті (182,4 млн теңге). Оған қоса, Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы басталды. Жалпы құны 103 млн теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады.

Өткен жылы Қызылорда облысының 85 жылдығы және Сырдария ауданының 95 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Мерейтой аясында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау үшін демеушілікпен Іңкәрдария ауылындағы «Мүлкілан» кесенесіне, Айдарлы елді мекеніндегі Қожжан қожа кесенесіне және Қалжан ахун ауылындағы Қалжан ахун мешіт-медресесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл ауданда аймақ басшысының қолдауымен салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив және жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталығы бой көтереді.

Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 88 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі спорт клубы күрделі жөндеуден өтті. Оған қоса, Бесарық ауылындағы спорт кешені (218,2 млн теңге) есігін айқара ашпақ.

Шиелі: 2023 жылы 142 отбасы баспаналы болды

Шиелі ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында өткен жылы бірқатар жобалар іске асырылды. Шиелі кенті мен ауылдық елді мекендердегі 28 көшені орташа жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 565 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 

Жоба құны 1 млрд 555 млн теңгені құрайтын аудан орталығының күре жолдары саналатын 9 көшенің (Әл-Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, Байтұрсынов, Жақаев, Абылайхан, Бұдабай, Сейфуллин, Шәкәрім) 12,1 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, алдағы уақытта толығымен аяқталатын болады. Бұдан бөлек Шиелі кентіндегі жалпы ұзындығы 18,9 шақырым болатын 49 көшені орташа жөндеуге 535 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар демеушілер есебінен 20 көшеге жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Шиелі кентінде – 12,  Ы.Жақаев ауылында – 6, Бидайкөл ауылында – 2 көше жөнделді.

Республикалық бюджеттен «Самара-Шымкент-Сұлутөбе» кіре беріс 3 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеуге 265 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мұнан бөлек жобалық құны 1 млрд 900 млн теңге болатын Шиелі ауданындағы аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолының 8 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 466 млн теңге, «Самара-Шымкент-Жөлек» жолын орташа жөндеуге 130 млн теңге, Шиелі кентіндегі Тәуелсіздік көшесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 346 млн теңге бөлінді.

2024 жылға жаңа жобаларды қаржыландыру үшін салалық министрліктерге және облыстық басқармаларға жалпы құны 38млрд 727 млн теңгені құрайтын 59 жобаның бюджеттік өтінімі ұсынылды. Аудан бойынша ЖСҚ әзірленіп сараптаманың оң қорытындысы алынған 12 жоба, құны 9 млрд 455 млн теңгені құраған. Бұл қатарға Шиелі ауданы, Сұлутөбе елді мекеніндегі 8 көшені орташа жөндеу, аудандық маңыздағы «Ботабай-Жуантөбе» автомобиль жолын күрделі жөндеу, Ақмая елді мекенінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны аралығындағы 8,5 шақырым жолды орташа жөндеу, Шиелі кентіндегі И.Әбдікәрімов көшесі автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары, Шиелі кентіндегі Яссауи, Бакиров көшелері автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары, Шиелі кенті М.Шоқай, Дәулеткерей көшелерінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу, аудандық маңыздағы Байсын ауылына 0-3 шақырым кіреберіс жолын қайта құрылымдау, Бидайкөл елді мекенінің ауылішілік жолдарын реконструкциялау, Досбол датқа елді мекенінің ауылішілік жолдарын реконструкциялау, Жуантөбе елді мекенінің ауылішілік жолдарын реконструкциялау, Жаңатұрмыс ауылдық округінің Байсын елді мекенінің ауылішілік жолдарын реконструкциялау, Бәйгеқұм елді мекенінің ауылішілік жолдарын реконструкциялау сынды жұмыстар кіреді.

Шиеліде көпір құрылысы бойынша да жұмыс бар. Ә.Тәжібаев ауылының кіре берісінде орналасқан көпірді күрделі жөндеуге 305 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек аудандық маңыздағы «Шиелі - Қодаманов» жолындағы көпір 311 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілу көзделген. Сондай-ақ Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған жолы бойындағы Сырдария өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салу да маңызды. Бұл бағытта да нәтижелі жұмыс болады деп күтілуде.  Себебі аудандарды дамытуға негізделген кеңесте аймақ басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ЖСҚ сараптамадан өткізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлу жайлы тапсырма берген. Шиеліде халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. 

– Қызылқайың және Қосүйеңкі елді мекендеріне барлығы 446,7 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жуантөбе елді мекеніне 17 млн теңге қаржыға су тұщытқыш қондырғы орнатылды. Шиелі кентіндегі Зекеев және Бөлтекейұлы көшелерінің бойындағы су құбырларының құрылыс жұмыстарына барлығы 70,2 млн теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Алмалы ауылдық округіне қарасты Тоғайлы елді мекеніне (Лесхоз) су тұщытқыш орнатуды жоспарлап отырмыз. «Тақыркөл» бас су торабынан №3 сорғы станциясына дейін магистральды құбырының екінші желісін салу жобасы арқылы Шиелі ауданындағы барлық елді мекенді (Жаңақорған ауданының 7 елді мекенін) үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қаралған 1 млрд 932 млн теңгенің 748 млн теңгесі бөлініп, 2023 жылдың соңына дейін барлығы 18,6 шақырым магистраль құбыр салынды. Биыл жалы қаражат толығымен қаралып, құрылыс нысаны толық аяқталады деп жоспарлануда, – деді Шиелі ауданының әкімі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның сапасын қалалық деңгейдегі стандарттарға жақындатуды, ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. 

Шиелі ауданында бұл бағытта кезекте тұрған 142 отбасына баспана кілттері табысталып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесі шешілуде. Халық санының жылдан жылға демографиялық өсімі артып, тұрғын үйге деген сұраныстың көбеюіне байланысты биыл да халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жоба құны 636 млн теңге болатын 50 тұрғын үй сатып алуды жоспарланған.

Газдандыру бойынша да Шиеліде ауыз толтырып айтарлық жұмыс баршылық. Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестам (6 елді мекенде) ауылдарына газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерінің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 2 млрд 686 млн теңге бөлініп, нәтижесінде 2023 жылдың желтоқсан айында Еңбекші (299,1 млн теңге), Жиделіарық (190,5 млн теңге) елді мекендері «көгілдір отынға» қосылды. Наурыз мерекесінің қарсаңында Бестам мен Телікөл ауылдарына көгілдір отын берілді. Алдағы уақытта қалған 2 ауыл, яғни Досбол датқа мен Алмалы елді мекендері газға қосылатын болады.  

Ортақшыл елді мекеніне тартылатын газ құбырын және орамішілік газ тарту желілерін салуға жобалық құны 1 млрд 302 млн теңгенің ЖСҚ әзірленіп, сараптамалардың оң қорытындысы алынды. Сонымен бірге 21-ші бекет, Жансейіт елді мекендерін табиғи газға қосу бағытында ЖСҚ әзірленуде. Бұдан бөлек Тартоғай елді мекенінің тұсындағы «Мұстафа Шоқай» автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы да күн тәртібінде тұр. Газ жүргізілген елді мекендердегі 9 мектеп пен 6 балабақшаның бу қазандықтарын табиғи газға ауыстыруға демеушілікпен ЖСҚ әзірленуде. Аталған нысандардың қазандықтары табиғи газға ауыстырылғанда бюджеттен жылына 54 млн теңге дейін үнемдеуге қол жеткізіледі. 

Шиелі ауданында электр желісін қайта жаңғыртуға да көңіл бөлініп келеді. Аудан бойынша электр желілерінің 78 пайызының тозығы жеткен. Осы орайда Шиелі кентіндегі жоба құны 808 млн теңге болатын электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне 2023 жылы 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан орталығын электрмен қамту желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады.  Сонымен қатар жобалық құны 4,5 мрлд теңге болатын Шиелі кентіндегі қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңге бөлінген. 

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге бөлінді. 

Дегенмен елді мекендерді тоқсан сайын аралап, тұрғындармен кездесу барысында электр желілерінің тозығы жеткендігі жиі айтылып, әлі де аталған салаға бірінші кезекте назар аудару қажеттігі байқалуда. Осыған орай 9 елді мекеннің электрмен қамту желілерін жөндеуден өткізуге, атап айтқанда, Алмалы, Бестам, Ақмая, Байсын, Тұрсынбай датқа, Бәйгеқұм, Жөлек, Ш.Қодаманов, Ы.Жақаев, демеушілермен ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Жалпы жоба құны 3 млрд 477 мың теңге.

Жаңақорған: бірінші кезекте тұрғындар пікірі назарға алынады

Жаңақорғанда негізгі жұмыстар халықтың ұсыныс-пікіріне сай жасалады екен. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткен жылы кент, ауыл тұрғындарымен 4 рет кездесу өткізген. Көтерілген ұсыныс-пікірлер бойынша арнайы іс-шаралар жасалып, жауапты орындаушылар бекітілді. Онда тұрғындардың ұсынысын орындау барысындағы туындайтын мәселелер мен олардың орындалу жолдары қарастырылды. 

Ұсыныстарды зерделеу барысында  басым көпшілігі халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті ауыз су, электр желілерінің тозуы, елді мекендерді газға қосу, елді мекендердің ішкі жолдарын (көшелерді) асфальттау және аяқ сумен қамтылу деңгейінің төмендігі болды. Көтерілген мәселерді шешу бойынша нақты шаралар қабылданған. 

Жаңақорған ауданы бойынша 35 елді мекен орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауданда суды жинау, өңдеу және бөлу бойынша қызметті көрсететін 2 кәсіпорын бар, оның екеуі де 100 пайыз мемлекеттік меншікте. 

Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мақсатында 2023 жылға республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге қаржы қаралып, Тақыркөл су қоймасының магистральды су өткізгішінің екінші желісі (2022-2023 жылдары 733 млн теңге), Талап топтық су құбырын кеңейту (5 жаңа ұңғыма бұрғылауға 584 млн теңге), Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр (жобалардың құны 1,4 млрд теңге).  2024 жылы аталған жобаларды аяқтауға облыстық бюджеттен 147,7 млн теңге және Ұлттық қордан Келінтөбе ауылының ауыз су жүйесін жаңғыруға 125,5 млн теңге бөлінді. Осы жобаларды сәтті аяқталса аудан халқының  таза ауыз су тұтыну көрсеткіші 100 пайызға жақсаратын болады. Қазіргі көрсеткіш 91,4 пайызды құрайды. Аудан көлемінде аудандық маңыздағы 192 шақырым жолдың қанағаттанарлық деңгейі 96,1 пайызға, елді мекендердегі 590 шақырымды құрайтын 519 көшенің қанағаттанарлық деңгейі  2024 жылдың 1-ші қаңтарына (2023 жылы елді мекендердегі  38 көшені жөндеу 986 млн теңге) 56,1 пайызға жеткізілді. 

2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 532 млн теңге бөлініп,  Жаңақорған кентіндегі 4 көшеге (А.Иманов, Ы.Алтынсарин, М.Жаппаров, О. Ильясов) күрделі жөндеу жасалады. Сонымен қатар аудандық бюджеттен 451 млн теңге бөлініп, 3 елді мекеннің (Әбдіғаппар, Ақжол, Сүттіқұдық) 9 көшесіне жөндеу жұмыстары жасалады. Нәтижесінде, жыл соңында елді мекен ішіндегі көшелердің қанағаттанарлық деңгейі 59,5 пайызға жететін болады. Басталғанына 40 жылға жуық уақыт болған Жаңақорған кентіндегі темір жол үстінен өтетін көпір құрылысының жарамдылығына (облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес) сараптама жасалып, пайдалануға жарамды деген қорытынды алынды. Сараптамадан өткізу үшін демеушілер есебінен жоба дайындалған. Бұл жұмыс үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлдіріп, көпір құрылысын аяқтауға жұмыс жасалатын болады. 

– Аудандағы ең үлкен мәселенің бірі – электр қуатымен қамту. Электр тарату жүйелерінің тозу көрсеткіші 80 пайызға жеткен болатын.  Жаңақорған кентіндегі электржелілік жүйені жаңғырту жобасы 2022 жылы бастау алған болатын. Жобаның жалпы сметалық құны 3,4 млрд теңге. Бүгінгі таңда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы арқылы жоба іске асырылуда. Жобаны іске асыру үшін 2022 жылы республикалық бюджеттен 900 млн теңгеге жуық, 2023 жылы 1 млрд 176 млн теңге бөлінді. Ал 2024 жылға қалған 849 млн теңге қаржысы бөлінді. Жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Бұған қоса, 2022 жылы 9 елді мекеннің, атап айтқанда, Сунақтата, Еңбек, Құттықожа, Манап, Қандөз, Келінтөбе, Қожакент, М.Нәлібаев, Әбдіғаппар ауылдарының электржелілік жүйесін жаңғыртуға жалпы сметалық құны 2,3 млрд теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді, – деді Жаңақорған ауданының әкімі Өңірлік крммуникациялар орталығында өткен брифингте. 

Жаңақорғанда жобаларды іске асыруға 2023 жылы бюджеттен 857 млн теңге қаралған екен. Алдымен 3 елді мекеннің, яғни Келінтөбе, Қожакент, Еңбек сынды ауылдардың электр желісі жаңғыртылған. Үш жобаның іске асырылуынан электр тарату жүйелерінің тозуы 80 пайыздан 69 пайызға түсіп отыр. Қалған 6 жобаға  2024 жылы Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлініп, 9 елді мекеннің, атап айтқанда, М. Нәлібаев, Әбдіғаппар, Сунақата, Құттықожа, Манап, Қандөз, Сүттіқұдық, Жаңарық, Бірлік  ауылдарының электр желісі жаңғыртылмақ. Сонымен қатар Екпінді, Қожамберді, Қосүйеңкі, Қаратөбе, Аққорған, Өзгент, Ақсуат сынды 7 елді мекеннің электржелілік жүйесін жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жоғары тұрған ведомстволарға бюджеттік өтінімдер тапсырылған. Аудан көлеміндегі 19 елді мекен және аудан орталығы Жаңақорған кентіндегі электр желілері толық жаңғыртудан өткенде ауданның электр тарату жүйесінің тозу көрсеткіші 30 пайызға дейін төмендейтін болады.

– Жоғарыда аталған елді мекендерден бөлек, ауданымызда электржелілік жүйені жаңғыртуды қажет ететін 15 елді мекен, яғни Бесарық, Кеңес, Қыраш, Талап және Бесарық бекеттері, Жайылма, Төменарық, Кейден, Аққұм, Байкенже, Билібай, Қалғансыр, Қашқанкөл, Шалқия, Көктөбе сынды ауылдар бар. 2023 жылы 5 елді мекенді, нақтыласақ, Төменарық, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден ауылдарын газдандыруға да 2,9 млрд  теңге қаржы бөлініп, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден ауылдарындағы газдандыру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Төменарық елді мекеніне таратылатын газ құбыры өтетін аумақта орналасқан тағы 5 елді мекенді (Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық) газдандыруға демеуші тарту арқылы жобалар әзірленді. Жобалардың жалпы құны 5,6 млрд теңге. Қаржыландыру үшін салалық министрлікке өтінім жолданды, – деген Жаңақорған ауданының әкімі брифингте айтқан сөзінде

Жаңақорған кенті МАИ бекетіндегі мектеп құрылысы аяқталып, (2021 жылы басталған) биылғы жылдың 15-ші қаңтарында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қатысуымен пайдалануға берілді. 2023 жылы 3 мектептің (Жаңақорған кентіндегі 600 орындық, Жаңарықта 300 орындық, Байкенжеде 150 орындық) құрылысы басталды. Мамандардың сөзінше, осы мектеп құрылыстары аяқталған соң  Жаңақорған ауданындағы білім беру ұйымдарының ғимараттарына қатысты проблемалық мәселе толық шешімін табатын көрінеді.

Түйін:

Құдайға шүкір, Қызылордамыз күннен-күнге жаңарып, жасарып келеді. Көшелер жөнделіп, жарықтандыру мәселесі де шешімін тапқан. Білім мен мәдениетте де, спортта да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жеткілікті. Мектептер мен мәдениет үйлері қайта соғылып, бірқатары күрделі жөндеуден өткізілді. Бизнестің тізгінін ұстап, өз ісін ашып кәсіппен айналысатындардың да қатары көбейіп келеді. 

Айта кетейік, соңғы жылдары Қызылорда қаласының өзінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 270 көпқабатты тұрғын үй салынған. 7000-ға жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Бүгінде сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 10 мектеп іске қосылып, тағы 11-нің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады деп жоспарлануда. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» және перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды екенін де айта кеткен жөн. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы да алдағы уақытта пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда. 

Қызылордада міне, құрылыс қарқыны бойынша осындай жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да тірліктен бірлікті артық қоятын Сыр елінде жұртты табысқа бастайтын шаруалардың атқарылатынына сеніміміз кәміл. 

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Тағы да оқыңыз: