Kyzylorda-news.kz. Жалағашта аудан әкімінің орынбасарлары Арнұр Нұрмағанбетов пен Ғани Сүлейменовтың қатысуымен сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІV сессиясы өтті. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жүргізіп, күн тәртібіндегі келелі мәселелер қаралды.
Бірінші «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» және аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №12-2 шешіміне өзгерістер енгізу жайы пысықталды.
Бұл мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұрсұлу Маратқызы облыс әкімдігінің 2024 жылғы 7 ақпандағы №24 қаулысы негізінде түсімдер жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттер есебінен 46,5 млн теңгеге ұлғайтылатынын тілге тиек етті. Бұл қаржыны «Жалағаш кентінде дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы» жобасын қоса қаржыландыруға және Таң елді мекенін шаруашылық ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларын өндіруге арналған №2-Т барлау пайдалану ұңғымасын бұрғылау жобасына бағытталатынын айтты.
Сондай-ақ ол аудан әкімдігінің 2024 жылғы 1 ақпандағы №15 қаулысымен «Жалағаш ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі», «Жалағаш ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі», «Жалағаш ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі» мемлекеттік мекемесі болып құрылуына байланысты қайта ұйымдастырылған мекемелердің қаржыларын бірыңғай бюджеттік сыныптама талаптарына сәйкес қайта бағытталатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнінде ауданы әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органның есебі туралы болды.
Бұл бойынша аудан әкімінің орынбасары Ғани Сулейменов аудан әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органмен 2023 жылы 5 рет отырыс өткізілгенін, 2023 жылдың 1 қаңтарында аудандық полиция бөлімінде 5, аудандық пробация қызметінде 29, барлығы 34 азамат есепте болғанын, жыл соңында аудандық полиция бөлімінде 5, аудандық пробация қызметінде 52, барлығы 57 адам тұрғанын, және 19 адам тұрақты жұмысқа орналастырылғанын жеткізді.
Оның ішінде мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғаны 5, бас бостандығын шектеу жазасы 33, шартты түрде сотталғандар 13, белгілі бір қызметті атқару немесе белгілі бір іс-әрекетпен шұғылдануға тыйым салынған 2, кәмелетке толмағандар 4. Есепке алынған 57 адамның 30-ы кент орталығынан, 27-сі ауылдық округтерден.
Ауданда былтыр түзету мекемелерінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға мәдени қызмет көрсету бағытында мәдени шараларды өзара бірлесіп өткізу арқылы, олардың сана-сезімін, қоғамдық ортадағы жүріс-тұрыстарын және тәрбиелерін өзгертуге ықпал ету мақсатында бірқатар жұмыс атқарылған.
– Аудандық пробация қызметінің есебіне алынған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды салауатты өмір салтына тартуға, қоғамға бейімдеу мақсатында «Наркескен» спорт клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде спорттық үйірмелерге қатысуға және фитнес залында дене жаттығуларымен күнделікті айналысуға мүмкіндік жасалған. 2023 жылдың ақпан айында Тоғанас батырдың 210 жылдығына орай үстел теннисінен өткізілген аудандық жарысқа, Наурыз мейрамына орай ұлттық спорт түрлері жарысына, сәуір айында аудан әкімінің арнайы жүлдесі үшін «ТARTYL FEST» жарысына, мамыр айында Ұлы Жеңіс күніне орай кермеге тартылудан өткізілген жарысқа, мамыр айында ҚР Мемлекеттік рәміздері күні мерекесіне арналған ересектер арасында 3,5 шақырым қашыққа жүгіруден аудандық марафонға және Халықаралық жастар күніне орай облыстық шағын футболдан өткізілген сайыстарға қатыстырылды, – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов.
Айта кетейік, биылдан бастап бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек беру қарастырылмақ.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселеге байланысты аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан Есеналиев аудандық жер комиссиясы туралы ереженің негізгі қағидаттарына тоқталып, жер комиссиясының лауазымдық құрамымен таныстырды.
Төртінші мәселе аудан әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы болды. Бұл жөнінде аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Қайрат Жапбасбаев аудан әкімінің 2024 жылғы 12 ақпандағы №72 өкіміне сәйкес Жалағаш ауданының алқалы органы аудан әкімдігі мүшелерінің саны 10 болып айқындалғанын айтып, Жалағаш ауданының әкімдігінің дербес құрамымен таныстырды.
Соңғы мәселе бойынша хабарлама жасаған аудан әкімі аппаратының мемлекеттік–құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Қайрат Жапбасбаев «Жалағаш ауданының басқару схемасы туралы» аудан әкімінің 2024 жылғы 12 ақпандағы №1 шешімімен таныстырып, Жалағаш ауданының басқару схемасын бекітуді ұсынды.
Мәслихат депутаттары тарапынан сессияға ұсынылған мәселелер бір ауыздан қолдау тауып, шешім жобалары мақұлданды.
Сессия соңында аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов аудан бюджетіне енгізіліп отырған өзгерістер туралы, ауданның басқару схемасы, кәсіпкерлікті дамыту және ауданға инвестиция тарту мәселелеріне қысқаша тоқталып, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов қорытындылап, алдағы кезекті сессияда қаралатын мәселеге байланысты уақытша комиссия мүшелеріне ұсыныс-пікірлерін жинақтап беруді ұсынды.