Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгін ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Айту керек, ҚР Конституциясының 87-бабына және ҚР Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы «Облыс аумағында орналасқан маслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларын бекіту туралы» №912 Жарлығына сәйкес, облыс әкiмi лауазымына тағайындауға келісім облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысында берiледi.

Ерлан Қарин депутаттарға ҚР Президентінің Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі кандидатты қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Жиынға қатысқан 135 депутат өз таңдауын жасады. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттардың 81,5 пайызы Нұрлыбек Нәлібаевты жақтап дауыс берді.

Жиыннан кейін облыс активінің отырысы өтті. Жиында сөз алған ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысының әкімі лауазымына Нұрлыбек Нәлібаевты тағайындау туралы Жарлығын таныстырды.

Ерлан Тынымбайұлы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру басты міндет екенін айтып, жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.

- Қашанда сындарлы сәттерде сыр білдірмеген қасиетті де киелі Сыр өңірі жұртшылығы Мемлекет Басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, мызғымас бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп келеді.

Әрі қарай да осы дәстүрлі жолымызды жалғап, ел дамуы жолында аянбай қызмет ететін боламыз,-деді Н.Нәлібаев. 

Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісінің сарапшысы болып бастаған.

1998-2005 жж. түрлі жеке бизнес құрылымында басшылық қызметтер атқарған.

2005–2007 жж. – Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары.

2007-2008 жж. – Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы.

2008-2013 жж. – Қызылорда облысы, Шиелі ауданының әкімі.

2013-2021 жж. – Қызылорда қаласының әкімі.

2021 жылдан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2022 жылдың 7 сәуірінен осы кезге дейін Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарды.

 

316826540_441778834810033_453087340151468471_n.jpg

 

316968738_441778848143365_1695436306329198542_n.jpg

 

317733175_441778648143385_5093814979822083998_n.jpg

Тағы да оқыңыз: