Kyzylorda-news.kz. Ералы Тоғжанов бастаған үкімет делегациясы бүгін Қызылорда облысында болды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Сыр өңіріне сапары барысында облыстағы туберкулезге қарсы диспансерде және жұқпалы аурулар ауруханасында болып, бірқатар кездесулер өткізді.

«Біздің елімізде коронавирустың таралуын болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылданғанын білесіздер. Өкінішке қарай, Қазақстанда коронавирус қаупі туралы ақпарат расталды. Бүгін біздің алдымызда коронавирустық пневмонияға қарсы тұру маңызды міндеті тұр», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Аурудың алдын алу үшін еліміздің аймақтарында оқшаулануға арналған ауруханалар дайындалған. Бұған дейін хабарланғандай, облыстардағы барлық медициналық мекемелер белсенді жұмыс істеп, шекаралық карантин бекеттері құрылды, медицина қызметкерлері оқытылып, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді.

Қызылорда облысында коронавирустық инфекция тіркелмеген. Облыста 100 орындық провизорлық стационар және 400 орындық карантин орталығы қажетті құрал-жабдықтармен, медициналық қорғаныс құралдарымен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған. Сонымен қатар ҚР Үкіметі қабылдаған шараларға сәйкес коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдануда.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары короновирус инфекциясы бар науқастарға медициналық көмек көрсетуге арналған медициналық ұйымдардың дайындығы мен жабдықталу деңгейімен танысу нәтижелері бойынша қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық ұйымдарды қажетті медициналық жабдықтармен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ инфекциялық ауруханалардың пациенттерді қабылдауға дайындығы мен қажет болған жағдайда қосымша орындарды жедел беру қажеттілігі және эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуге ерекше назар аударылды.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовпен және мұнай-газ секторының өкілдерімен кездесуінде жаңа мұнай кен орындарын игеру, осы салаға жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ мұнай сервисіндегі тарифтерді индекстеу мәселелері ерекше өзекті болды.

Қуанышбек Ысқақовтың айтуынша, Қызылорда облысында орташа жалақы 150 235 теңгені құрайды, бұл ел бойынша орташа деңгейден төмен.

Жалпы, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі жұмыс орындарын сақтау туралы 3 мыңға жуық ірі және орта кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойған. Облыстың 30 ірі және орта кәсіпорындармен жұмысшылардың бақыланатын ағымына арналған Жол картасына қол қойылды. Аталған карта бойынша кәсіпорындардан жұмысшылардың жұмыстан босатылған кезінде олардың мүдделері кадрлық қажеттілікке сәйкес қолдау табады.

Ералы Тоғжанов өңірлерді дамыту мәселелері ел басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Облыста дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін, әсіресе өндіріс нысандарының тұрақты жұмыс істеуі мен жұмыс орындарын сақтау тұрғысынан кешенді шаралар қабылдау қажет. Өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты жұмысшылардың босатылуына жол берілмейді. Бұл күрделі мәселе», – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Өңірдегі кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Энергетика министрлігіне және облыс әкімдігіне бірқатар проблемалық мәселелерді шешуде мұнай-газ саласының өкілдерімен ынтымақтастықты күшейтуді тапсырды.

Ең алдымен, өндіріс жоспарларын қайта қарау және мұнай бағасының өзгеруіне байланысты дағдарысқа қарсы жол карталарын әзірлеу тапсырылды.

Еңбек міндеттемелерін орындау аясында Ералы Тоғжанов еңбек дауларын болдырмау, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорындардың жұмысшыларына уақтылы жалақы төлеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ коронавирустық инфекцияның жергілікті жерлерде енуіне және таралуына жол бермеуге бағытталған шараларды күшейту қажеттілігі айтылды.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Премьер-Министрдің басшылығымен елдегі экономикалық жағдайдың дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеу үшін жедел әрекет ету штабы құрылды.

Мемлекет басшысы Үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді толығымен орындауды, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, 13-15 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкімет делегациясы Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда секілді Қазақстанның бес облысында болды.

Тағы да оқыңыз: