Kyzylorda-news.kz Жақында Шиелі ауданына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков арнайы жұмыс сапарымен келді. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларының негізінде арзан пайызбен несие алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтармен танысты.

Шыны керек, «Ауыл аманаты» жобасы жұмыс істегелі бері ауылдарда кәсіппен айналысқысы келетін жандардың қатары көбейді. Негізгі мақсаты да түсінікті. Ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттырып, тұрмысын жақсарту. Бұл жоба тұрғындарға өте қолайлы. Әсіресе, қора-жайы, егістік жері бар, бірақ қаржысы жетіңкіремейтін халықтың өз кәсібін бастауына оң ықпал етеді. Сондай-ақ аталған жобаға кез келген ауыл тұрғыны қатысып, өсімдік шаруашылығына, құс өсіруге, сүт, ет өнімдерін өңдеуге және шағын бизнес саласында қызмет көрсететін көптеген кәсіп түрлерін дамытуға несие алып, жұмыстарын жүргізе алады. Міне, осы айтылған дүниелерді Ербол Тасжүреков өңірге келіп, кеңінен бағамдап шықты. 

Бағыт, ең алдымен, киелі өлкедегі Иіркөл ауылдық округінен басталды. Бұнда жеке кәсіпкер Мұрат Убайдулланың жылыжайы бар. Кәсіпкердің бұл іспен айналысқанына 10 жылға жуық уақыт болған. Жалпы жылыжай аумағы 28 соттықты құрайды. Осы көлемді жерге Мұрат 2 000 түп қызанақ пен 8 000 түп қияр еккен. Жылына 16 000 мың көшет отырғызады. Піскен өнімдерді Шиеліден бөлек, Алматы қаласына да тасымалдайды екен. 

– Баптай білсең, жер деген, шіркін, жомарт қой. Мол өнім алу үшін аянбай тер төгу керек. Таңның атысы, күннің батысы осы жердің топырағын қопсытып, арамшөптерін жұлып, суғарамыз. Жылыжайдың іші он екі ай жылы тұруға тиіс. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, жолын таба білгенге қай кәсіпте де пайда көп, – деді еңбек адамы. 

Вице-министр өнімдерді бағдарлай жүріп, іскер азаматтың кәсібіне риза болды. 

Иіркөл елді мекенінен соң, Ербол Тасжүреков бастаған топпен бірге аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов Бәйтерек ауылдық округіне жол тартты. Иә, Бидайкөл десек, есімізге бірден қызанақ пастасы түседі. Естеріңізге салсақ, 2023 жылы ауыл азаматы Қанат Мұсаев «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп, тәулігіне 2 тонна қызанақ пастасын шығаратын цех ашқан. Жоба аясында 27 млн теңге несие алып, «Barly Bai & K» өндірістік кооперативін құрып, кәсібін үлкейте түсті. Бағдарлама арқылы алынған қаражатқа көршілес Ресей мемлекетінен құрал-жабдықтар сатып алып, іске қосып, қазіргі таңда әртүрлі өнімдер алуда. Бұл жобаның жалпы құны 48 млн теңгені құрады. 

Әңгіме барысында кәсіпкер алдағы жоспарларымен бөлісіп, өндірісті кеңейткісі келетінін тілге тиек етті. Жаз айларында 12 адамды жұмыспен қамтып, істі әрмен қарай дамытпақшы. Осы орайда ұлы Абайдың «Әуелі, Құдайға сыйынып, екінші, өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген даналы сөзі ойға оралады. 

– Бұның барлығы оңай іс емес. Десе де, диқан еңбектеніп, тер төксе, жер қайтарады. Тұқымды бір жерге отырғызып, сол жерден өнімді ала салмаймыз. Бірінші, жәшіктерде жылытылған топыраққа егіп алып, шыққан жасыл желекті қағаздан жасалған шағын стақан іспетті ыдысқа көшіреміз. Содан кейін ғана көшеттер егістік даласына жол тартады. Бұның бәрі уақытылы суғару, тыңайтқыш беру секілді көзге көрінбейтін тірліктерден құралады. Сондай-ақ бізде баубақша жақсы дамығандықтан, қауыннан, қызанақтан тосап шығарып, өнім түрін 10-15-ке жеткізгелі отырмын, – деді Қанат Барлыбайұлы. 

Осылайша, кәсіпкерлермен өткен жүздесу барысында вице-министр тиісті бағдарлама аясын кеңейтіп, шағын жобаларды мейлінше ұлғайтуға байланысты нендей мәселелер бар екенін көзбен көріп, ауыл шаруашылығы саласындағы іскер азаматтардың кәсібіне деген ризашылығын білдірді.

Тағы да оқыңыз: