Kyzylorda-news.kz. Өкілетті органның қай кезде де салмағы орасан. Әсіресе, тиімді шешімдер шығарып, баянды бастамаларға ұйытқы болатын бұл құрылымның жұмысы оңай емес.Біз таяуда ғанааудандық мәслихат төрағасы Базарбай Шөменұлы Төрахметовпен сөйлестік.

–Иә, дұрыс айтасыз. Жергілікті БАҚ-тың тақырыпқа арқау етпейтін дүниесі жоқ. Айтамыз, көрсетеміз, сан-саланы қаузаймыз. Соның ішінде жыл аясында өздеріңізге қатысты біраз нәрсенің басын шалдық. Бұл жолы да солай.

–Мұныңыз жөн. Сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың өкілеттілігі 2023 жылдың сәуір айынан басталды. Аудандық мәслихатқа 15 депутат сайланды. Олардың 10-ы «AMANAT» партиясынан, 1-еуі «Ауыл» партиясынан, 4-еуі өзін-өзі ұсынғанын атап өткен жөн. Депутаттардың қабілет-қарымы көптің көз алдында. Ондай жауапты мандатты еншілеу әбден таразыланып, зерделенетінін бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде сіз де жақсы білесіз. Аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 21 желтоқсанда өткен кезекті сессиясында бір депутаттымыз Арал қаласының әкімі болып сайлануына байланысты, депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы аудандық «Толқын» газетінде жазылды. Қазіргі таңда аудандық мәслихатта 14 депутат қолданыстағы заңмен белгіленген өздерінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында «Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Дәл қазіргі әңгімеміз де сол үрдістің шеңберінде.

Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады» – деп көрсетілген. Аталған заңға сәйкес аудандық мәслихаттың 2023 жылғы есебіне тоқталсақ,Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында көрсетілгендей «Мәслихат сессиясы – мәслихат қызметінің негізгі нысаны» болып табылғандықтан, 2023 жылғы жұмыс жоспарымызға сәйкес күн тәртібіне ұсынылған мәселелерді сессияларда қарап, талқылап тиісті шешімдер қабылдадық. Атап айтатын болсақ, 2023 жылы аудандық мәслихатта 14 сессия өткізілді. Оның 4-еуі кезекті, 10-ы кезектен тыс сессия.Осы сессияларда 136 мәселе қаралды.Тілге тиек еткенімдей, аталған мәселелердің бәрінде де көтерілген мәселелерге мән беріліп, өзектілігі қаперге алынды.

–Құлағдармыз. Талай рет сессия жұмысына қатысып, депутаттардың талқысына түскен жәйттермен таныспыз. Енді өткен жылы болған аудандық мәслихаттың сессиясы төңірегіне қысқаша тоқталсаңыз?

–Кезекті сессияларда аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген жоспарға сәйкес сала басшыларының да атқарылған жұмыстары тыңдалды. Атап айтатын болсақ, 2023 жылдың 23 маусымындағы аудандық мәслихаттың кезекті 5 сессиясында «Ауданда кәсіпкерлікті дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және атқарылған жұмыстар туралы» және басқа да ағымдағы мәселелер қаралды. Аудандағы шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән беріп, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу, жобалардың нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру ұсынылды. Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оның ішінде ет пен сүт өнімдерін өндіру, малдың терісі мен жүнін өңдеуге қол жеткізу және қайтарымсыз немесе жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін қарастыру, көкөніс өсіру, жылыжайлар салу арқылы жыл бойы халықты көкөніспен қамту мүмкіндіктерін қарастыру, қайтарымсыз немесе жеңілдетілген несие беру және басқа да нақты өнім өндіруге басымдық беру мәселелері ұсынылды. Аудан көлемінде аталған ұсыныстарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның бір мысалы ретінде үстіміздегі жылы аудан кәсіпкерлері өндірген өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылса, елді мекендерде 1010 гектар жерге бау-бақша дақылдары егіліп, аудан тұрғындарына жергілікті өнімдері ұсынылды. Мектептер жанынан жылыжайлар ашылып, жұмыстар жүргізілуде.

2023 жылғы 29 тамыздағы кезекті 7 сессияда аудан әкімі (сол кездегі аудан әкімі Серік Сағитжанұлы Сермағамбетовтың) «Арал ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы» есебі тыңдалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттар бойынша кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыру ұсынылды.

Келесі жоспардағы аудандық мәслихаттың 9 сессияның отырысы 2023 жылдың 11 қазанда өз жұмысын бастады. Күн тәртібінде «Ауданда мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және атқарылған жұмыстар туралы» және «Аудан мекемелерінің қысқа дайындық жұмыстары туралы» мәселелер қаралды. Бірінші мәселеге байланысты Арал қаласындағы аудандық мəдениет орталығы мекемесінің ғимаратын қайта жаңғырту, елді мекендердегі тозығы жеткен клубтарды күрделі жөндеуден өткізу немесе типтік жобадағы ауылдық клубтар салу, кітапханалардағы тазалықшылардың еңбек ставкаларын толықтыру, Арал қаласының мөлтек аудандарына көше тренажерлары және стрит воркаут алаңдарын, кент, елді мекендерде спорттық кешендердің кезең-кезеңімен салынуына жұмыстар жүргізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

Ұсынылған мәселелер мен депутаттар тарапынан жолданған сауалдар кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың аудан бюджетін бекіту барысында Жақсықылыш кентінен балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңын салуға, Аралқұм, Абай елді мекендерінен балалар ойын алаңын салуға, Арал қаласында орналасқан кітапханалардағы тазалықшы штаттарын толықтыруға қаржылар бөлінді.

Екінші, қысқа дайындық жайы да ұдайы депутаттар назарында болды. Аудан әкімдігіне аудандағы өмірлік маңызы бар барлық нысандардың жылу беру маусымында қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету, аудандағы барлық әлеуметтік нысандарда қатты және сұйық отын қорының тиімді пайдалануына қатаң бақылау жасау, жылу қазандықтарының отын түрін газға ауыстыру жұмыстарын жүргізу ұсынылып, қазіргі таңда заңдылығына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде. Биылғы жылы аудандық емхана, «Байтұрсынов» емханасы, Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлік амбулаториясына жылу қазандықтарын газға қосу жұмыстары жүргізілуде.

2023 жылғы 21 желтоқсанындағы аудандық мәслихаттың кезекті 12 сессиясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын «2024-2026 жылдарға арналған аудан бюджеті» бекітілді. Өздеріңізге белгілі, аудан бюджеті жыл сайын өсіп келеді. Бұл ауданның атқарушы билігінің жылы бойғы іске асырылған жобалары есебінен ауданның экономикасында жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігін аңғартады.

–Ауданның оң имиджін қалыптастыру әркез күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте қыруар іс қолға алынып, жүйелі жұмыс жасалып жатқаны мәлім.Ендеше, жоғарыда айтқаныңызды тарқата кетсеңіз?

– Өткен жылғы 26 желтоқсанындағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс 13 сессиясында «2024-2026 жылдарға арналған қала, кент, ауылдық округтердің бюджеттері» бекітілсе, 28 желтоқсандағы кезектен тыс 14 сессияда «Аудандық (аумақтық) сайлау комиссиясы мен аудан көлеміндегі учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары сайланды. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың екі тұрақты комиссиясы жоспарға сәйкес жұмыс жасайды. «Экономика, қаржы, өндіріс, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, ауылшаруашылығы, байланыс, экология және табиғатты қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясына аудандық мәслихаттың депутаты А.Сауяев төрағалық жасаса, «Жергілікті басқару, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, құқық, жастар ісі, әлеуметтік мәселелер Экономика, қаржы, өндіріс, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, ауылшаруашылығы, байланыс, экология және табиғатты қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияға депутат Л.Ибраимова төрағалық етеді.

Арал аудандық мәслихатының регламентіне сәйкес сессия шешімдерінің жобаларын қарау, ұсыныстар беру, оларға қорытынды дайындау және қосымша баяндамалар мен ақпараттар жинау мен оларды талдау жүктелген. Осыған сәйкес тұрақты комиссиялар отырыстарында сессияға ұсынылған мәселелер қаралып, талқыланады.

Сонымен бірге, тұрақты комиссиялардың бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес жұмыстар жүргізіліп келеді. Аталған комиссиялар ұсынымдық негізде қаулы қабылдайды. Сондықтан комиссия депутаттар мен тұрғындар сұранысынан, талаптарынан туындаған мәселелерді талқылап, сол мәселелердің оң шешімін табу үшін өз құзыреттері шеңберінде тиісті орындарға ұсыныстар беріп, қозғаушылық қызметтер атқарып келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың өмір сапасын арттыру және тұрғындармен ашық диалог орнату жөніндегі тұғырнамасынегізгі бағдаршамдарыңыз екенін жақсы ұғамыз.Біз сайлаған депутат деп көкейде жүрген сауалдарын қойған тұрғындаржетіп артылатынын да сеземіз. Енді бір сауал, жыл көлемінде халық қалаулылары қанша мәрте ел тілегіне құлақ түріп, шешілген түйінді тарқатты?

–Ел болған соң мәселе жетіп артылады. Жылдың ішінде біз өйттік, біз бүйттік деп айтудан аулақпын. Қолдан келген істі тындыруға жұмылдық.Мәслихат төрағасының жеке қабылдауына 18 азамат келіп, ұсынылған мәселелер қанағаттандырылды. Сонымен бірге аудандық мәслихатқа 16 арыз-шағым түсіп, арыз иелеріне қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жауаптар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Аудандық мәслихаттың 10 депутаты «AMANAT» партиясынан ұсынылып, сайланғандығын жоғарыда атап өттік. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Арал аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы тіркелген. Оған мәслихат депутаты Ш.Жанкүшікова жетекшілік етуде.

Фракция жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіледі. Депутаттардың сайлаушылармен кездесу, оларды жеке қабылдау кестелері бекітілген. Сонымен қатар аудандық партия жанындағы бақылау комиссиясы да өз жұмыстарын кестеге сәйкес атқару үстінде. Партияның бақылау комиссиясына аудандық мәслихаттың депутаты Н.Ембергенова төрағалық етеді. Өткен жылы республикалық, «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І Форумы болып өтіп, форум облыс орталығында да жалғасын тапты. Форумға облыс, қала, аудандық деңгейдегі депутаттардың көкейлерінде жүрген мәселелер ортаға салды.

Аудан депутаттары тиісті сала министрліктеріне: Кіші Арал теңізіне құйылатын судың қазіргі таңда азайып бара жатырғанын көтеріп, дария суының теңізге қалыпты түрде құйылуын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастыра келе, аудан оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Ұлттық бірыңғай тестілеу» орталығын Арал ауданынан қайта ашу мәселелерін де сөз етіп, соған орай оңтайлы шешімдер қабылдауды ұсынды.

–Бүгінгі қоғам бейнесі бөлек. Ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінген. Қаласақ та, қаламасақ та әлеуметтік желінің рөлі де айшықты. Сол себепті мәслихат жұмысынелге көрсету мақсатында нендей істер тындырылуда?

–Жалпы, мәслихат жұмысын ақпараттандыру үшін уақытпен үндесе қарекет қылудамыз. Депутаттық корпустың тыныс-тіршілігін қалың бұқараға дер шағында жеткізуге қолайлы жағдай жасадық.Нақтырақ тоқталсақ,фейсбук, инстаграм сынды парақшаларымыз бар. Қажеттіліктер сонда үнемі жарияланып тұрады.

–Аудандық мәслихаттың жұмысы көптің көз алдында екенін жан-жақты құлағдар қылдыңыз. Халықпен билік арасындағы алтын көпір іспетті сіздердің жұмыстарыңыз шаш етектен екеніне әркез қанықпыз. Ендігі жерде сұқбат барысында сенім арқалап, сайлаушылар аманат артқан әріптестеріңізге айтарыңыз болса?

Аудандық мәслихат депутаттары уақыт пен заң талабына сай болу мақсатында ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзгерістердің бел ортасында жүріп келеді. Өздерінің сайлауалды бағдарламаларының орындалуын тұрақты назарда ұстап, тиісті атқарушы органдарға өз ұсыныстары мен депутаттық сауалдарын жолдап, олардың орындалуын назардан тыс қалдырмауға тырысады.

Халық қалаулылары аудан көлемінде жүргізіліп жатырған барлық іс-шаралардан тыс қалмай, қолдан келгенше қамыққанның қасында, жабыққанның жанында жүруді өздеріне борыш санайды.

Алдағы уақытта да сайлаушыларымыздың сенімінен шығып, шешімін күтіп тұрған мәселелердің орындалуына қызмет жасайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Тағы да оқыңыз: