Kyzylorda-news.kz Қазіргі уақытта Шиелі ауданының әлеуеті артып, заманауи талаптарға сай безендірілген түнгі жарық шамдары менмұндалап орталықтың көркін одан әрі көркейтіп тұр. Тек Шиелі ауданының орталық алаңы ғана емес, кент ішіндегі жаңадан бой көтерген зәулім ғимараттар көздің жауын алып, көңілге сән береді. Аудан орталығынан сырт орналасқан Шанхайдың да ажары әрленіп, жаяу жүргіншілер жолы, заман талабына сай түнгі жарық шамдары орнатылып, жеткіншектерге доп тебетін алаң бой көтерді. Жалпы айтқанда ауданның қарыштап дамып келе жатқанын күнделікті көзбен көріп жүрміз. Осы тұста атқарылған жұмысты үйлестіріп, аудан ажарын айшықтап отырған Шиелі кентінің әкімі Аманкелді Өмірәлімен сұхбат жүргізген едік.

– Аманкелді Өмірәлі, тазалық – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін қарқынды сенбілік жұмыстары күнде жүргізілетінін білеміз. Осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде «Үздік кент орталығы» номинациясын жеңіп алдыңыздар. Жалпы кент тазалығына қанша қаржы қаралды? Оған қандай мекеме жауапты? Техника жеткілікті ме?

– Сұрағыңыз өте орынды. Кенттің тазалық жұмысы бойынша жыл басынан «Карамурзаев» жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алу жұмыстарына сәйкес жеңімпаз болып анықталды. Келісім шарт суммасы 82 млн 821 мың теңге. Тазалық жұмыстарын «Көкшоқы» мөлтек ауданының, теріскей бет, орталық аймақтары болып үш секторға және 14 учаскеге бөлініп, тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтары шығарылады. Кент аумағында 43 жерде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтауға арналған орындар бар. Қалдықтарды тастауға арналған 163 дана контейнер және сынап шамдар мен химиялық қуат беру көздерін жинақтауға арналған 27 дана контейнер орналастырылған. Биыл «Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» Шиелі аудандық мәслихатының шешімі шықты. Шешімге сәйкес жайлы емес үйлер айына 1 тұрғынға – 147, 22 теңге. 1 метр куб бірлік көлемі үшін – 2 403,65 теңге болып бекітілді. Тазалық жұмыстарына көшелердің қоқыстарын тазалау, бордюрларды ақтау, қораларды жуу, жазғы және қысқы жол күтімдері жатады. Үздік аудан орталығы номинациясы бойынша көктемде қатысып, екінші орынға ие болып, үш техника сыйға берілді. Атап айтқанда, қоқыс таситын камаз көлігі, көше сыпыратын трактор, асенизатор көліктері. Тазалық жұмыстарына техникалар жеткілікті, аудан аумағында орналасқан ірі өндірістік мекемелер техникалармен қарасып тұрады. Атқарылып жатқан жұмыстар тоқтап қалмай күзгі конкурсқа тағы да қатысып, нәтижесінде облыс бойынша ең үздік аудан орталығы атандық. Бірінші орынды жеңіп алып, тағы үш техника сыйға алдық. Бұл жеңіске ауданымыздың мекемелері, дербес бөлімдер, ауылдық округтердің қосқан үлесі зор екенін айта өткен жөн. Осындай зор мүмкіндік беріп отырған аймақ басшысына және жүйелі тапсырма беріп отырған аудан әкіміне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданда «Неке сарайы» соғылатынын айтқан болатын. Бұған қоса тұрғындарға сапалы өмір сүру үшін жаз айларында тұрақтайтын үлкен аллея соғуды айтты. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде.

– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, кентте салынатын «Неке сарайы» жерінің сызбасы бекітіліп, жоба-сметалық құжаттары рәсімделіп, тиісті жұмыстар атқарылды. Ал аллеяға келетін болсақ, Тәуелсіздік көшесі бойынан және Мәріп көпір мен Бидайкөл ауылдық округі көпірі аралығына демалыс жағажай аллеясының құжаттары рәсімделетін болады. Жоспарға сай, аллея бойына заман талабына сай жағажай, орындықтар, жарық шамдар мен уақытты тиімді өткізуге спорт алаңдарымен ойын алаңдарын салу, сонымен қатар көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру жоспарланып жатыр. Бұл бағыт бойынша келер жылы үлкен істің басын бастағалы тұрмыз деп айтуға болады.

– Бұрындары аудан орталығындағы көшелердің бәрі ойық-шұңқыр болатын. Өткен жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кенттегі біраз көше жаңарғанын көрдік. Биыл тағы да кент көшелері жаңара ма?

– Аудан орталығында бүгінгі күнге 59 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 9 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 70 млн 735 мың теңгеге «Арай» мөлтек ауданы көшелеріне толықтай асфальт төселіп, 534 млн 874 мың теңгеге кент аумағында тұрғындардың көптен бері сұранысында жүрген 49 көше мен тұйықтарға асфальт төсеу жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Өздеріңізге белгілі, кенттің күре тамырына айналған орталық көшелері ескіріп, тозығы жеткен еді. Осы орайда 1 млрд 560 млн 218 мың теңгеге әл-Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылай хан, Бұдабай, С.Сейфуллин, Қ.Шәкәрім көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, «Қызылорда-жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалып, жол жөндеу жұмыстары бастау алды. Қазіргі таңда А.Байтұрсыов, Ы.Жақаев, Бұдабай, Дәулеткерей, Сейфуллин көшелері толық аяқталып, Досбол датқа, әл-Фараби көшелеріне бірінші қабаты төселді. Қалған көшелер келесі жылға өтпелі кезеңмен жасалатын болады. Барлығы 2 миллиардтан астам қаржы жұмсалды. Келер жылы бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Нақты айтқанда «Самара-Шымкент» тас жолы, И.Әбдікәрімов көшесі, Тәуелсіздік, А.Яссауи, Дәулеткерей, Бәкіров, Шәкәрім, М.Шоқай көшелеріне күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

– Кент орталығындағы үлкен көшелердің бірі әл-Фараби көшесі. Ел аузында осы көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген сөз жүр. Бұл сауалға не дейсіз?

– Жоғары айтқанымдай әл-Фараби көшесіне өтпелі кезеңімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірінші жабындысы төселді. Жол жөндеу жұмыстарының жобасына сәйкес, асфальт қалыңдығы 11 сантиметрді құрайды. Одан бөлек жол белгілерін орнату, жолақтарын сызу мен жол жиегіне суағар мен тас төсеу жұмыстары кіреді. Қазіргі таңда әл-Фараби көшесінің ескі жол жабындысы алынып, қалыңдығы 6 сантиметр болатын асфальт жабындысы төселді. Келер жылы бетіне қалыңдығы 5 сантиметр асфальт төселіп, жұмысы толығымен аяқталатын болады.

– Кенттің теріскей бетінде қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Өткен жылы кенттің теріскей бетінде (халық арасында Шанхай аталатын) тұрғындардың көптен бергі сұранысында жүрген көшелерге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл теріскей бет аумақтағы ұзын көшелердің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіне күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Ш.Бәкіров және А.Яссауи көшесінде күрделі жөндеу жұмыстарына жоба жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ендігі кезекте аталған жұмысқа қаржы көздерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 727 млн 776 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ ағымдағы жылы тұрғындармен есеп беру барысында көтеріліп жүрген мәселелердің бірі теріскей бет аумаққа демалыс аллеясын орнату болатын. Осы орайда Ш.Бәкіров көшесінің бойына құны 75 миллион теңге болатын демалыс аллеясы салынды. Демалыс аллеясында орындықтар, әткеншектер, түнгі жарық шамдары мен беседкалар, шағын футбол алаңы ел игілігіне берілді. Аллея бойын көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге, көшеттерді суаруға тік дренажды жер асты насосы орнатылып, егілген көшеттерді суаруға жағдай жасалды. Сонымен бірге теріскей бет аумақтағы түнгі жарық көше бағандары мен аялдамалар сырланды. Ш.Бәкіров көшесі мен Ш.Құдайбердіұлы көшелерінің түнгі жарық бағаналарын жаңартып, аялдамалар салу жоспарда бар. Одан бөлек Құрманғазы көшесі бойына тұрғындармен есеп беру кездесуінде қозғалып жүрген мәселе балалар ойын алаңдарымен жабық спорт кешені салуға тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл баянды болашақ пен кемел келешекке бастаған нұрлы қадам екені даусыз. Алдағы уақытта кент әкімдігі осы бағытынан таймай, толайым табыстарға қол жеткізетініне сенім мол.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: