Kyzylorda-news.kz Әдетте мемлекет ішіндегі шағын мемлекет деп әспеттейтін отбасының берекесіздігі бүгінде қоғамды кәдімгідей ойлантты. Өйткені жыл өткен сайын шаңырақтағы бала-шаға мен ананы шырылдатқан зорлықшылар қатары кемімей тұр. Бұл, шыны керек, мемлекеттік маңызды іске айналды. Сол себепті де, Президент ҚасымЖомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды. Заңның мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату.
Әйелдер – қоғамдағы нәзік топ. Осы нәзіктігін әлсіздік деп қабылдайтын қауымнан жиі зәбір көретіні бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал елімізде бейресми статистика әрбір оныншы әйел осы қиындыққа ұшырайтынын көрсетеді. Міне, осындай жантүршігерлік деректердің жыл өткен сайын көбеюі қалың қазақтың бас көтеріп, Заңды күшейтуіне алып келді.
«Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты» делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілген. Мәселен, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрыпсоғу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылды.
Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сондай-ақ тұрмыстық зорлықзомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бұл отбасында зәбір көретін әйелдер үшін қолдау десек те болады. Өйткені зәбір көретін әйелдердің басым бөлігі барар жер, басар тауы болмағандықтан аяусыз ұрып-соққан еркектің әрекетіне амалсыз көндігумен күн кешеді. Тіпті, арты қайғылы жағдайларға алып баруда. Оған қоса өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ ДЕ НАЗАРДА
Бала – бақытым, барым деуші еді аналарымыз. Ендеше өз бақытын ұрып-соғып, жәбірлеуді қайдан шығардық? Кішкентай ғана сәбиін шыбықпен шыпқыртқанда шырылдаған дауысынан қалай ғана жүрек езіліп кетпейді? Осындайда хакім Абайдың «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегені еріксіз еске орала кетеді. Азаматынан ажырасқан әйелдің бар ашуы балаға түсіпті-мыс. Жазықсыз баланы жазалаумен жан жарасы емделер ме? Жоқ, керісінше тағы бір жаралы жанды, өмірге өкпелі баланы өсіретінімізді ойлап та жатпайды екенбіз. Бұлай деуімізге әлеуметтік желідегі аналардың кішкентай бүлдіршіндерді аяусыз соққылап жатқан бейнероликтері себеп болды. Толық отбасындағы жылуды сезіне алмай жүрген сәбилерді балабақшадағы тәрбиешілер де аяп жатқан жоқ. Таяқпен тұрғызып, қабақпен жүргізген қатыгез кадр, мейірімсіз аналардың көбеюі де заңның тым жұмсақтығынан шығар, бәлкім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар қауіпсіздігіне де баса мән берді. Заңға енгізілген түзетулерде 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгендігі айтылды. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Айта кетейік алғаш рет кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Сондай-ақ 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Осылайша, шаңырағының шырқын алғандардың «алды – жар, арты – соқпақ» екені заң негізінде нақтыланды.