Kyzylorda-news.kz Сырдарияда "Адал адам" мәдени-тәрбие орталығы "Жанұя жылуы" тұжырымдамасы аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында "Аталы үй – баталы үй" тақырыбында онлайн челленджін өткізді. Челленджге мәдениет және білім саласының ардагері Сансызбай Сәдуақасов, білім саласының ардагері Батырхан Бимырзаев, орман шаруашылығының ардагері Рыстай Андабаев және Қалжан ахун ауылының ардагері Сейітхан Нұрманов немерелерімен қатысып, балаларына, немерелеріне бата берді.
– Дана халқымызда «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді», – деп айтқан мақалы мағыналы әрі орынды қолданған. Жердің құнарланып, көркеюіне жаңбырдың қаншалықты пайдасы тиетін болса, алып тұлғалы ердің де өсіп-өніп, көркеюіне батаның да соншалықты пайдасы тиетіні шындық. Жаңбыр жер бетіне жан бітіретін болса, бата ердің бойына қан жүгіртіп, қуаттандырады. Сондықтан да халқымыз «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «баталы құлға бақ қонар» деп барлық жақсылық атаулының түп-тамырын батамен ұштастырып келген.
Міне, біздің отбасымызда бата беру дәстүрі сақталған. Дастархан батасынан бастап, балаларымыз жақсы іс бастағанда, жолға шыққанда мінедтті түрде келіп бата сұрайды. Бүгінгі өткен челленжде өсіп келе жатқан ұрпаққа, немерелеріме қадамдарына нұр жаусын деп ақ батамды бердім, – дейді ардагер-ұстаз Сансызбай Сәдуақасов.
Халқымызда кішілері үлкендерін сыйлап, әрдайым бір істі бастар сәтінде немесе тәмамдау кезінде бата сұрауды дәстүрге айналдырғаны белгілі. Сонымен қатар ұлтымызға тән бата түрлері жайлы батагөй ақсақал Рыстай Андабаев айтып берді:
– Қазақта батаның түрлері көп. Дастархан батасы: «Басына амандық бер, асына адалдық бер...» деп басталса, жас жұбайларға арналған бата: «Отбасыларының отын сөндіре көрме, жанұяларына жамандық төндіре көрме...» деп басталады. Шілдехана батасы: «Нәрестенің бауы берік болсын, ата-анасына серік болсын...» деп басталса, тұсау кесер батасы: «тұсауың кесілді, құлама, тізеңді жаралап жылама...» деп басталады. Сүндет тойға бата: «Мұсылман болдың қарағым, кәне бері қарағын....», сарбазға бата: «Отан қорғау ісіңде, отты болсын жанарың...» деп басталатын баталар, «діни баталар», «Жорық батасы», т.б. сол сияқты баталардың көптеп кездесетіні соншалық қазақ халқы тек батамен ғана өмір сүріп келген бе дейсің.
Шын мәнінде бата сөзі – дұға, тілек, жалынып-жалбарыну дегенді білдіреді. Сондықтан халқымызда үлкендер батаны аузынан тастамай айтып отыруы жақсылықтың нышаны болып саналады.
Тәрбиелік мәнін арттыру мен салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған челленджге қатысушыларға арнайы сыйлық пен Алғыс хат тапсырылды.