Kyzylorda-news.kz. Абай хакімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен, дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы бізді тағы бір жаңа белеске көтерді.

Сыр жастары да бұл бастамаға ерекше қолдау танытуда. Атаулы күнге орай облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы Сыр еріктілері фронт-офисінің өкілдері Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылының, Абай көшесінде «Birgemiz: Taza Alem» бағыты бойынша сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Бұдан бөлек, қаймағы бұзылмаған ауылда қайырымдылық акциясының өтуіне мұрындық болды.

Көмекке мұқтажға жылылық таныту – ортақ мүдде. Бұл ретте еріктілер осындай атаулы күнде мұқтаж жандарға көмек көрсетуін жалғастырды. Жалпы, бүгінгі мерекеге орай кітапсүйер жастардың шоғырын қалыптастыра білген «Kitap Qurttary» клубымен «Абай жолы» эпопеясы талқыланды. Жастар ерекше жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен оқырман қауымға ұсынылған осы бір туындыдан Аба кешкен өмірдің тарихын түсінді. Алдағы уақытта да Bookcrossing форматында Абай Құнанбайұлына қатысты кітаптарды жинақтау жұмыстары жүргізілмек. Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қадамы. Бұл күн – жастар арасында біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, қастерлі күнге айналғанын көрсетуде”, – деді орталық директоры Бауыржан Мастеков.

Мұнан соң шара қаладағы Абай аллеясында жалғасын тапты. Мұнда тұрғындарға, соның ішінде жастарға ақиық ақынға қатысты тың деректер қамтылған үнпарақшалар таратылды. Танымдық экскурсия да ұйымдастырылды, ол жастарды рухани байытып, сөз зергерінің мұраларымен сусындауына жол ашқаны сөзсіз. Сыр еріктілері фронт-офисінің «Asyl Mura» бағытының үйлестірушісі Әйкерім Әмірханның айтуынша, «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, Абай мұрасы – халықтың ең қасиетті қазынасы». Ұлы ақын еңбектерінің уақыт өткен сайын өзектілігі артып, қоғамдық, рухани әрі мәдени өмірдегі бағыты айқындала береді.

“Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Мына сұлу дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Әсіресе, жастар. Бұл бағытта біз бірқатар шараларды қолға алып отырмыз. Карантин уақытында онлайнның оңтайлылығын пайдалана отырып, әдеби оқуларды ұйымдастыруды да жалғастырамыз. Абай күні – мемлекеттік мәртебесі баршамыздың жүрегімізге ұялап, мәуелі мемлекетке айналуымыздың негізі болатындығы кәміл”, – дейді Ә.Әмірхан.

Дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануды мақсат еткен жастар руханият мерекесіне осылайша атсалысты. Аудан жастары да бұл бастаманы құптап әкетті. Олар дана Абайдың жарық, нұрлы әлемімен сусындаған сайын ғылым, білімге ұмтыла түсеріне сенімді.

Тағы да оқыңыз: