Kyzylorda-news.kz Кеше Арал аудандық мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Өнер – мәңгілік мұра» атты салтанатты шара өтті. Оған сала қызметкерлері мен ардагерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан басшысы Аманжол Оңғарбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, сала жетістіктеріне тоқталды.
– «Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің негізі – оның мәдениетінде. Халық даналығында айтылғандай, «Өнер – ұлттың жаны». Расында да, әрбір ел ең алдымен өзінің өнері, мәдениеті арқылы танылады, бағаланады. Қазіргі таңда ауданымызда 350 мәдениет саласының қызметкерлері елдігімізді, ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны – ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп келеді. Барлық мәдени-көпшілік шаралар, елдің санасын сілкінтуге бағытталған батыл бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына, рухани-танымдық жобалар, концерттер мен спектакльдер, танымдық сағаттар мен көрмелерді ұйымдастыруда – театр, мұражай, қолөнер шеберлері, кітапхана қызметкерлері мен ақын – жазушылардың еңбектері өлшеусіз. Киелі өнер жолында шежірелі Арал өлкесін ел-жұртқа танытып, биік тұғырдан көрінуіне үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Елорда төрінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуына үлес қосқан жыршы-жырау Тәңірбергенов Айбек Жақсанұлының, сондай-ақ облыс әкімінің дәстүрлі «Тұран» сыйлығына иеленген ақын, жазушы Жұмабай Жақыптың жетістіктерін атап өтіп, аудан жұртшылығы атынан құттықтады.
Кеш аясында мәдениет пен өнер саласының дамуына сүбелі үлес қосып, шығармашылық ізденісі мен табанды еңбегі арқылы көпшілікке өнеге көрсеткен бірқатар қызметкерлері облыс және аудан әкімінің «Алғыс» хатын иеленіп, құрмет төрінен көрінді.
Салтанатты шара одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.
Фото: Арал ауданы әкімдігі