Kyzylorda-news.kz.  Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалы, «Жайна», «Мирас», «Сұлтан», «Қорқыт ата», «Айтбек» сауда үйлері және «Асбол» базары аумағында стихиялық сауда жасау, автокөліктердің кептелісі, жаяу жүргіншілердің бей-берекет қозғалысынан жол қауіпсіздігінің бұзылуы, автотұрақтармен қамтамасыз ету орындарының жетіспеуі жылдан-жылға өзекті мәселеге айналып отыр.

 Бұл ретте 2022 жылы Қызылорда облысы прокуратурасымен қала орталығындағы үлкен сауда орталықтарына жүргізілген тексеру қорытындыларына сәйкес арнайы ұсыныс енгізілген. Соның аясында бірқатар жұмыстар атқарылған. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына - 30 жыл» толуына орай Қызылорда қаласында «Халыққа қолайлы инфрақұрылым. Жайлы шаһар жасау бастамалары» тақырыбында өткен семинар-кеңесте Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Айдос Кентуғаев айтты.

Әкім орынбасарының айтуынша, тексеріс кезінде анықталған заң бұзушылықтарға байланысты, «Сыбаға» ЖШС-не қарасты «Сұлтан» сауда үйінің аумағында өртке қарсы ара қашықтық сақталмай, құрылыс ережелерін ескермей салынған ангар құрылысы бұзылған. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Рсалиев Бекболат Махсұтұлының Қызылорда қаласы, Иса Тоқтыбаев көшесі, №6А мекен жайындағы «KZO ЕТ» дүкенінің құрылысы да өрт қауіпсізді талаптары сақталмай салынуына байланысты, сотқа талап арыз жолданып, нәтижесінде дүкенді толығымен өз есебімен бұзуға соттың шешімі шыққан. Кәсіпкер жергілікті атқарушы органдармен келісілген нобайлық жобадан ауытқыған. Ал нобайлық жобаға сәйкес аталған құрылыс нысаны мен сол аумақта орналасқан мектеп ғимаратына дейінгі арақашықтығы 6,7 метр болуы керек. Қазіргі таңда, кәсіпкер дүкенді толығымен бұзбай, өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтап, дүкеннің бір бөлігіне реконструкциялау жұмыстарын жүргізген.

Бұдан бөлек, қажетті автотұрақтармен қамтамасыз етілмеген «Жайна», «Мирас», «Сұлтан», «Қорқыт ата», «Айтбек сауда үйлері және «Асбол» базары меншік иелеріне бекітілген құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келіп-кетушілерге арналған автотұрақтармен қамтамасыз етуді міндеттеу бойынша да ұсыныстар берілген. Сондай-ақ, мемлекет меншігіндегі жер телімдерін заңсыз иеленіп, эскиздік жобаларына келісім алмай, заңсыз дүңгіршектер орналастырған тұлғаларға әкімшілік іс қозғалып, мемлекет меншігіндегі жер телімдерін босату жөнінде талаптар қойылған. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлер тарапынан құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптары сақталмай келген.

– Сәулет заңына сәйкес, субъектiлер қызметiн заңдарға және мемлекеттiк нормативтерге сәйкес жүзеге асыруға және өздерiнiң меншiгiндегi пайдаланылушы объектiлердi олардың азаматтар үшiн қауiпсiздiгiн, сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына кедергісіз қолжетімділігін, эстетикалық талаптарды қоса алғанда, нормативтiк және басқа да мiндеттi талаптарға сәйкес тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн лайықты жағдайда ұстауға міндетті делінген. Осы ретте, Бөліммен үнемі, құрылыс нормаларының талаптарын сақтамай, құрылыс материалдарын, қоқыстарды көшенің бойында орналастырған, құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды қоршау, кәсіпкерлік ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің қасбеттерін, жарнама нысандарын жаңалау бойынша ескертпе парақтарын ұсыну кезінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желіге жариялануда. Осы жұмыстарды жүйелендіру мақсатындақала әкімдігімен жұмысшы топ құрылып, Темір жол вокзалы аумағындағы және Әуелбеков көшесінің бойындағы нысандарға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Осыған орай, темір жол вокзалы аумағына және Әуелбеков көшесінің бойына «Дизайн код» жобасының үлгісі әзірленді.

«Дизайн код» жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярдың төрағалығымен өткен кеңестің 08.09.2022 жылғы және Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Е.А.Дауылбаевтың төрағалығымен өткен отырыстың 21.10.2022 жылғы хаттамаларына сәйкес тапсырмалар берілген болатын. Бұл ретте, бөліммен «Дизайн код» жобасын әзірлеуге бюджеттік өтінім әзірленіп, тиісті қаржы көлемі қалалық бюджеттен бөлінді. Қазіргі таңда, жоба бойынша ашық конкурс өткізуге тиісті құжаттары дайындалуда, – деді семинар кеңесте қала әкімінің орынбасары Айдос Кентуғаев.

«Дизайн код» жобасы қаламыздың көп жылдар бойы қалыптасқан ғимарттардың сыртқы қасбетінің үлгісі қандай болу керектігі, оның түсі, құрылыс жұмыстарына қолданылатын материалдар, оның ішінде ғимараттардың қасбетіндегі әртүрлі үлгіде жасалған жарнаманың бір биіктікте, бір деңгей мен көлемде орналастыру, қасбеттерді біркелкілендіру сондай-ақ, көшелердің сәулеті бірыңғай үлгіде (жарық шамдары, брусчатка, қоқыс жәшігі) тәртіптелетін құжаты болмақ.

сурет e-history.kz 

Тағы да оқыңыз: