Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы халқының бірлігі жарасқан, берекесі артқан елдімекен. Мың жарымнан аса тұрғыны бар шағын ауыл 1958 жылы құрылған. Социалистік Еңбек ері Амангелді Ахметов туған ауыл. Жалпы Ақжарма ауылдық округінің жетістігі жеткілікті. Ауыл халқы егін, мал шаруашылығымен айналысады.
Ауыл жұртына тән тіршілікті серік еткен баймұраттықтардың берекесін кіргізіп отырған мұндағы жұрттың бекем бірлігі. Баймұрат батыр ауыл жасыл желегімен, түзу көшесімен ерекше көзге түседі. Ал қалаға қарасты өзге ауылдарға қарағанда мұндағы тыныштық, құқықбұзушылық пен ұрлық-қарлықтың жоқтығы тіпті керемет. Тәртібі түзу тұрғындарымен де бұл ауылдың айрықша орны бар.
Қалаға қарасты ауылдың тірлігі де толымды. Елдімекенді көркейтуде атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Ауыл әкімі Саттар Әбдіреевтің айтуынша, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 33,3 миллион теңгеге Баймұрат батыр ауылынан ұзындығы 2,85 шақырым болатын 3 көшеге түнгі көше жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде М.Мәметова, А.Құнанбаев көшелерінің аяқ жақ бөлігіне ұзындығы 0,5 шақырым болатын түнгі көше жарығы орнатылған. Оған қоса Баймұрат батыр ауылына жаңадан 3 аялдама орнатылса, ауылға жол белгілері қойылған.
– Биылғы басты жаңалық – дәрігерлік амбулатория халық игілігіне табысталды. Бұл тұрғындардың асыға күткен жаңалығы. Осы күні амбулатория жұмысын бастап кетті. Негізі жоспар бойынша ауылда атқарылатын тірлік көп. Ауылдық округ бойынша құны 367,9 миллион теңге болатын 19 көшеге қиыршық тас төсеу үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптама қорытындысы шықты. Жеңімпазы «Ақнұр-Авто» ЖШС анықталып, жұмыс жүргізілуде. Балалар ойын алаңына жөндеу жұмысын жүргізу қолға алынбақ. Ауылда ауызсудан мәселе жоқ. Ал аяқсуға байланысты Шіркейлі каналынан Баймұрат батыр ауылына аяқсу келетін сағасына жаңадан құбыр салынды. Елді мекендегі 9 шақырым 2 көшеге жаңадан асфальт төсеу үшін және 1,2 шақырым болатын 1 көшеге жолды қайта жаңғырту жұмысы бойынша «ТМ Проект Строй» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Сонымен бірге 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын жүргізу үшін 73,9 миллион теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Демеушілік жабық спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Алдағы уақытта да көшелерді жарықтандыру жұмысы да жалғасады. Сондай-ақ ауылдағы бір мәселе – газдандыру. Бұл жоба да назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда қалалық құрылыс бөлімі арқылы конкурс жарияланды. Құрылыстың басталу мерзімі биыл деп жоспарлануда. Ал жоба құны – 1 миллиард 366 миллион теңгені құрап отыр, – дейді ауыл әкімі.
Ауылдың ауасы да ерекше, шеңгел гүлдеп, жасыл желегі жайқалып тұр. Жалпы ауылдың жасыл желекке айналуы тұрақты атқарылған жұмыстың нәтижесі деуге болады. Ал биыл тағы да 500 сыр талы мен терек көшетті отырғызылыпты. Сонымен қатар тазалығы да мұнтаздай. Көркейту-көгалдандыру айлығына ауыл тұрғындары бірауыздан белсене атсалысады. Сондай-ақ қоғамдық жұмысқа тартылған тазалықшылар да бар. Мұның бәрі баймұраттықтардың ел дамуына бей-жай қарамай, өз ауылын өз үйіндей көретін қасиетінен болса керек. Ауылдағы жаңаша салынған, жақында берілген дәрігерлік амбулатория да, білімі, жетістігі жағынан жоғары дейгейде көрініп келе жатқан білім ұясы да, түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып жатқан мәдениет үйі де, мешіті де көзге менмұндалап тұр. Ауылдың ажарынан-ақ тұрғындардың бір-бірімен бауырмал екендігін аңғаруға болады. Дамудың даңғыл жолына түскен ауылда №32 маршрут қалаға күніне 7 мәрте қатынайды екен. Қоғамдық көлік мәселесі де осылайша оңтайлы шешім тапқан.
– Осы ауылға әкім болып келгеніме бір жылдан асып барады. Негізі Баймұрат батыр ауылы 1958 жылы құрылған. Социалистік Еңбек ері Амангелді Ахметов туған ауыл. Жалпы Ақжарма ауылдық округінің жетістігі жеткілікті. 1500 тұрғыны бар. Ауыл халқы егін, мал шаруашылығымен айналысады. Малы бар үй баршылық. Кем дегенде сауын сиыр ұстап отыр. «Қорадан малымызды ұрлап кетеді» деп ешкім алаңдамайды. Тіпті әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Сенесіз бе, сатушысы дүкенді жәй құлыппен құлыптай салады. Өйткені ауылдағы ағайынға сеніп кеткен. Себебі ауылда ұрлық-қарлық жоқ, – дейді Саттар Әбдіреев.
Ауыл әкімі мақтана айтқан тыныштық оңайлықпен келмегені анық. Мұның артында қаншама еңбек тәрбие, тәлім жатыр. Бұл жайында ауылдың байырғы тұрғыны, Ақжарма ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Қазыбеков айтып берді.
– Тәуелсіздің алғашқы жылдарында бұл ауылда мал ұрлығы көп болған. Бірақ бұл мәселемен ауыл тұрғындары болып күрестік. Шыны керек, сол бір қиын кезде ауылда мал, тіпті картопты қабымен ұрлап кететіндері де кездесті. Мұны ауылдағылар сырттан келіп жасайтынын да білді. Егер ауылдың адамдары болса, білер едік. Өз басым жылқымды ұрлатқанның бірімін. Бірақ малды да, ұрыны да таппадық. Сол кезде ауылдан арнайы бірнеше адам болып, топ құрдық. Сөйтіп, түнгі уақытта кезектесіп, аралайтын болдық. Әрине, учаскелік полицейімен де бірлесіп жұмыс істедік. Нәтиже болды. «Ұрылар малды қалай қолға түсіретінін зерттеп білдік. Жайылымда жүрген малды аңдып, ешкім жоқ кезде атып, тығып қояды екен. Сәлден соң қаладан көлік келіп, соған етін салып жіберіп, терісін сол жерге тастап кететін. Талай малдың терісі табылды. Артынша ет тиеген көлік ұсталып жатты. Қазіргі ауылдың тыныштығына бірнеше себеп бар. Біріншіден, ауылда жұмыс бар. Осы күні ешкім бос жүрмейді. Бәрінің өз тірлігі бар. Бірі қалада жұмыс істесе, енді бірі күріш егуде. Жұмыссыздық жоқтың қасы. Ал жастар жағы спортпен шұғылданады. Тіпті зейнетке шыққандардың арасында жұмыс істеп жатқандары да бар. Бұл ауылдың әжелері де өнерлі, ән салады. Аталары шахмат ойнайды. Қарап тұрсаң, бос жүрген адамды көрмейсің. Учаскелік полицияның жұмысына да көңіліміз толады. Жасұлан Сарбалаев деген өте жақсы жігіт. Қаланың баласы болса да, ауылдың бар адамын танып алған. Бәрімізбен тығыз байланыста. Негізі ауылда ұрлықтың болмауы да полиция қызметкеріне байланысты. Өйткені тәптіп сақшысы күндіз-түні дамыл таппайды Ал кейіннен бірталай қылмыс ашылып, біраз адам ұсталып, сотты болды. Қазір ауылымыз күндіз де, түнде де тыныш. Халқы да ешнәрсені уайымдамай ұйықтайды. Өйткені бұрынғыдай ұрлық жоқ. Ұрлыққа жол бермеу үшін біраз жұмыс істедік, – дейді ардагер.
Ауылдың өсіп өркендеуін тәрбиеден бастаған баймұраттықтар мұның нәтижесін де көріп келеді. Ауыл жұртшылығы бүгінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де мықтап кіріскен. Ал бала тәрбиесінде ата-ана тәлімінен бөлек №218 білім ордасы да үлес қосуда. Мұнда қазіргі таңда 320 оқушы білім алады. Үлкеннің жолын көрген ауыл балалары да бір-бірімен тату көрінеді. Оқушыларының жетістігі, үлгілі тәртібі,білімімен мақтанған мектеп директоры ауылдағы әрбір үйдегі бала тәрбиесінің мықты екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде ұстаздардың да сапалы білім беруіне, баланың бұзақылығымен емес білім алып жан-жақты дамуымен айналысуына да үлкен мүмкіндік береді.
– Балалар сабақтан тыс уақытта түрлі сайыстарға, спорттық жарыстарға қатысады. Алды республикалық жарыстарға барып, жүлделі орын алып, жеңіспен келіп жатыр. Ол да біздің мақтанашымыз. Білімі, жетістігі жағынан алдыңғы қатардағы мектептің біріміз. Ал жоғары сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындық үстінде. Қазір бәрі оқумен жүр. Биыл «Алтын белгіге» үш үміткеріміз бар. Үмітімізді ақтайды деп сенеміз. Өйткені балаларымыз – білімді, тәрбиелі. Шағын ауыл болсақ та, мектеп оқушыларының жетістігі көп. Сонымен қатар бала тәрбиесіне де аса мән беруіміз керек. Қанша жерден тәрбиелі болса да, олардың жүріс-тұрысын назардан тыс қалдырмаймыз. Аптасына үш рет рейд жүргізіп тұрамыз. Арасында ата-анамен дее бірге шығамыз. Ондағы мақсатымыз – түнгі уақытта оқушылардың бей-берекет жүруіне тыйым салу. Түнгі уақыт 22.00-ден асқан кезде көшеде жүрген баланы көрсек, ескерту жасап, үйіне қайтарамыз. Учаскелік полиция да келіп, мектеп жайын сұрап тұрады, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлмекен Батырбекова.
Даму жолына бағыт алған ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі толымды. «Бірлігі жарасқан ел озады» деп бекер айтылмаса керек. Ауыл халқының 60 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Жұмыссыздық мәселесі де шешілген. Қолы бос, уақытын текке өткізіп жүрген жанды көрмейсің. Ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін өз тірлігі бар. Бұл бүгінгі Баймұрат батыр ауылының көрінісі.
А.Сейіл