Kyzylorda-news.kz Қос ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда қаласында осыдан бірнеше жыл бұрын өткен заманның архитектурасынан көрініс беретін ескі нысандар қатары біршама көп болған. Қазір облыс көлемінде 490-нан аса тарих және мәдениет ескерткіш мемлекет қорғауына алынған.
Оның ішінде 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар және 201 ескерткіш алдын-ала есепке алынған тарихимәдени мұра қатарында. Ал, 2002 жылы ашылған облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының «Мәдениет», «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» заңдарын басшылыққа ала отырып, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ескерткіштер мәртебесін белгілеу, оларды құртып жою, қирату тарихи орнынан алып тастаудан қорғауды қамтамасыз етіп отыр. Десе де қалалық бағдарламалар, әсіресе құрылыс өтетін жоспарға сай ескі ғимараттар «сносқа» кетуі мүмкін немесе жекеменшікке өтіп, кеңселік, сауда үйіне айналып жатқаны жасырын емес. Осы себепті ғимараттың аты ғана емес, заты да өзгеріске ұшырауда. Мамандардың сөзінше, ескі ғимараттар мен ескерткіштердің қатарында бүгінде 140 жылға жуық тарихы бар Айтбай мешіті, 1890 жылы салынған Христос Спаситель шіркеуі, 1905 жылы іргесі қаланған теміржол вокзалы, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі, облыстық әскери ғимараттың шақыру пункті, теміржол милициясы ғимараты, Ақмешіт музейі сынды бірқатар нысан бар.
Еліміздің маңызды әрі рухани қаласына биыл 206 жыл толады. 1818 жылы қаланы қоқандықтардың басып алғаны белгілі. Содан бергі қаланың көне ескерткіштерінен тек қана қазіргі КБИ мөлтек ауданына жақын жерде орналасқан Қарақожа батырдың бейіті қалды. 1853 жылы Ақмешітті орыс әскерлері иеленді. Осы кезде қалада Айтбай мешіті, орыс православ шіркеуі, училище, бекініс, су мұнаралары, монша салынды. Олар қазір сақталған. Ал Перовск қаласында әйгілі кәсіпкер халық арасында «Қара Махан» атанған Махан Жиенбайұлының Николай кірпішінен көтергізген 10-нан аса зәулім үйлер де болған. Десе де, олардың барлығы дерлік тәуелсіздік кезінде бұзылып кетті. 1917 жылы Перовскіде кеңес үкіметі орнатылды. Ол уақытта да тарихи үйлер өте көп еді. Егемендік алғаннан кейін көптеген тарихи маңызы бар ғимараттар бұзылды. Жойылып кеткен ғимараттардың қатарында мемлекет қайраткерлер, ақын, жазушылар, Кеңес Одағы Батырлары, халық әртістері тұрған үйлер бар еді. Бүгінде қаламызда ескі ғимараттар мен көне ескерткіштердің саны 20-ның үстінде, – дейді тарихшы Бақытжан Ахметбек.
Дереккөздерге сүйенсек, ХІХ ғасырда мұнда 36 ғимарат бой көтеріпті. Соның бірі – қалалық училище. Қазір оған ескі базар маңындағы «АльАсад» сауда үйі орналасқан. Бұл ғимарат алғашында 1878 жылы әскерилердің балаларына арналған училище ретінде салынған. Шіркеу жанындағы барактарда офицерлер мен солдаттардың отбасы тұрғандықтан, оқу орны жақын жерге, яғни шіркеуге қарама-қарсы қоныс тепкен. Ал базар жанындағы барак типтес үйлер 1990 жылға дейін ел игілігіне жарап, бүгінде олардың барлығы сүріліп тасталған. Аталған ғимараттардың бір құрылыс материалынан, яғни күйдірілген қыштан тұрғызылған. Бүгінде ғимараттың тарихи маңызын ескерген басшылық «Аль-Асад» сауда үйінің қабырғасына Алаш қозғалысының қайраткері Мұстафа Шоқай құрметіне ескерткіш тақта орнатты. Өйткені көненің көзіндей сақталған бұл ғимаратта 1899-1902 жылдары Мұстафа Шоқай білім алған. Қаладағы осындай қастерлі орталықтың бірі – «Айтбай» мешіті. Аталған нысан тек бұрыннан келе жатқан көне мекеннің бірі ғана емес, талай ғасыр тезінен жеткен тас қабырғалары өзіндік ерекшелікке тұнып тұр. Көк күмбезді үйдің бізге беймәлім құпиясы бар. Тарихшылардың айтуынша, мешітті сонау 1878 жылы Айтбай қажының қаржысына Әулиеата шеберлері – Ысқақ пен Камал салған. Күйдірілген қышпен өрнектелген. Төбесі қаңылтырмен жабылып, іші сыланып, әктелген. Ал 1980 жылы «Қазақ жобалау қалпына келтіру» институты мешіттің толық жаңғырту жобасын қайта жасаған. Сондай-ақ осы мешіттің ішінде құдық бары туралы да халық арасында әңгіме таралғанымен, оның рас-өтірігіне көп жұрт көз жеткізе алмай жүрген еді. Сөйтсек әлгі құдық нысанның төргі жағында орналасыпты. Сонда оның құпиялығының сыры неде? Тарихшы, өлкетанушылардың болжауынша, құдықтың артында жерасты жолы бар екен. Ол жол шіркеу мен казармаға апаратын көрінеді. Шіркеу де көне нысанның бірі саналса, казарма – дарияның бойында орналасқан бұрыннан келе жатқан әскери ғимарат. Бір қызығы, бұл жерасты жолына кез келген адам түсе алмаған көрінеді. Тек сол кездегі байкөпестерге, шенді әскерлерге ғана рұқсат етіліпті. Қуантарлығы, осындай құнды сырды ішіне бүккен қасиетті имандылық үйі әлі күнге дейін өз ерекшелігін сақтап қалған. Сырдың бас шаһарының әрбір бұрышы тарих. Өйткені мұнда қазақ ұлтының ел болып қалыптасуының бір кезеңі жатыр. Ендеше, өткен шежірелі тарихтың тәбәрігі іспеттес ескі әрі құнды дүниелерді сақтап, келер ұрпаққа дін аман жеткізу басты міндет болуы тиіс.