Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданындағы Пак әулеті қазақы салт-дәстүрге берік жандар. Күні кеше Лилия әжей осымен 11-ші немересінің тұсауын кестірді. Қашанда даладай дарқан мінездерімен төрінен қонағы арылмаған бұл отбасы – тамырын тереңге жайып келеді. Пак әулетінің өзгелерге үлгі болар тұсы көп-ақ. Лилия Пак өзінен кейінгі келіндерге өнеге көрсеткен үлкен өмір мектебі сынды. Ақыл-кеңесін айтып, білгенімен бөлісіп отырады.
Жалағаш аудан орталығындағы №31 орта мектептен орта білім алып, 1972 жылы Қызылорда медициналық колледжін үздік оқып бітірген Лилия Пак аудандық өкпе аурулары ауруханасынан еңбек жолын бастады. Ең алдымен емделушілерді дер кезінде қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ден қойды. Алдына келген науқастың талап-тілегіне мұқият қарайтын. Содан болар, дертіне дауа іздеген жабырқау жандар оның кәсіби қызметінен бөлек, жылы сөзінен де жұбаныш табатын. Өз ісін талапқа сай тиянақты атқаратын маман қоғамдық және санитарлық ағарту жұмыстарына да белсене араласты. Арада жылдар өте келе абыройлы қызметімен ауыл-аймақтың алғысына бөленді. Еңбек жолының соңғы жылдары аудандық орталық ауруханада аға мейіркеш қызметін атқарды. Бас-аяғы қырық екі жыл денсаулық сақтау саласында қызмет еткен Пак Лилия Андрейқызы Елбасының Құрмет грамотасын, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіндегі үздік қызметі үшін» төсбелгісін, тағы басқа көптеген марапаттарды иеленді.
Аяулы жары Мирон Пакпен бір шаңырақта 50 жылдан астам бақытты ғұмыр кешіп, үш бала тәрбиелеп өсірді. Мирон Пак аудандық электр тарату жүйесі мекемесінде ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. Бүгінде олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп отыр. Айта кетейік, Пак отбасының екі келіні қазақ, сондай-ақ, немере қызы да қазақ отбасына келін боп түсті. Бүгінгі күні 11 немере, 8 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. Аудан халқымен бірге араласып, біте қайнасып келе жатқан Пак әулеті «Атамекен, құтты қонысымыз – Қазақстан», – дейді. Соның айғағы болар, олардың «Беташар», «Қыз ұзату», «Бесіксалар», «Тұсаукесер» тойлары да қазақы дәстүрге сай аталып өтеді. Құда күтіп, сый табағын тартады. Сондай-ақ, Наурыз, Айт мерекелерінде қазы-қартасын асып, бауырсағын пісіріп, дастарханын дәмге толтырып, қонақ күтеді.
Жуырда ғана дүркіретіп қазақы салт-дәстүрмен 11-ші немересі Роман Пактың тұсауын кестірді. Тойға ағайын-туыс, көрші көлемдердің барлығы барып, әулеттің қуанышына ортақтасты. Пак әулеті қазақы салт-дәстүрлерді берік ұстануымен, ағайынды байланыстырып, туыстық қарым-қатынасқа да зор мән беретіндігімен сыйлы. Бұл күнде үлкен әулет тұтастай ағайын-туыс, көрші-қолаңның да балтыры сыздап, басы ауырса, қол ұшын созуға даяр тұрады. Өз кезегінде қашан да темірдей тәртіп пен талапшылдықты серік қылған олар аталған істі соңына жеткізіп, ел алғысына бөленіп келеді. Өйткені, өз ісі мен ұстанымы арқылы өзгелерге үлгі болып отырған отбасылар – қашанда мемлекет байлығы, ел мерейі.
Әсел Абзалқызы,
“Қоғамдық келісім” КММ баспасөз хатшысы