Kyzylorda-news.kz  Биыл Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толып отыр. Өткеніне үңілсең ғасырлардан сыр тартатын, бүгінін бағамдасаң келешегінің кемелдігін аңғартатын Қызылорда Алаштың анасы ғана емес, айбары да болып үлгерді. Қазақстан Президенті құрылтайда бұл жайға ерекше тоқталды.

– Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Тарихқа көз жүгіртсек, Ақмешіт астана болып, Қызылорда атанғанда бесінші сиез өткен екен. Енді міне, келер жылы Қызылордада бесінші құрылтай өткелі тұр. Қызылорда астана болған шақта Сыр өңірінде небір тарихи шешімдер қабылданған. Соның бірі әрі бірегейі ретінде құжат жүзінде қазақ атауының ресми қайтарылуы болды десек, бұл сөзімізді ешкім жоққа шығармас.

– Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің бесінші съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде бес күнге созылған съезд өтіпті. Бұл жайында облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Г.Жалғасова «Алаштың алты қанат ақ ордасы» атты мақаласында: «15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің бесінші съезі салтанатпен ашылды» деп жазады. Бұл съезде ұлтымыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды.

Жалпы ұлт атауына қатысты тарихи қателікті жөндеу жайлы мәселені қайраткерлер бұған дейін де көтерген. Дәлелді алыстан іздемей-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне үңілейік. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім болып келген бірнеше мақаласын тапқан. Соның бірі –1923 жылы жазылған  «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы. 

Ұлттың атауына келгенде бәрі түсінікті, ел қамын жеген азаматтар әбден ойланып, толғанып барып қабылданған шешім. Ал Қызылорда атауы ше? Бұл жайында тарихшы ғалым Х.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде архив құжаттарына негізделген мәлімет келтіреді. Ғылыми еңбекке Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген. Бұдан Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов екенін көруге болады. Ал дәл осы тарихи оқиғаға биыл 100 жыл толып отыр. Демек сүйікті қаламыздың Қызылорда атанғанына да 100 жыл болды деген сөз.

Тәуелсіздік алғалы бері Қызылорда атауына байланысты түрлі пікір айтылуда. Жалпы Қызылорда сөзін кеңестік заманмен байланыстыратындар аз емес.  Сол себепті «Ақмешіт» немесе «Қамысқала» деген тарихи атауын қайтарайық деген де бастама көтерілді. Тіпті облыс атауын Сырдария деп өзгертейік деген ұсыныс та болған. Ақмешітті Қызылорда деп атаған арыстарымыздың бізден әлдеқайда білімді, қай жағынан келсе де он орап алатын қабілеті болғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры Аман Абасиловтың  облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Ғалым: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретіндігіне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барған іссапарында өзін қарсы алған әзербайжан әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді. Сондықтан «Қызылорда» атауына сол ұлыларымыз сияқты байыппен қарағанымыз дұрыс» деген пайым жасайды. 

Осыған қарап-ақ Алаш зиялылары Қызылорда атауының түпкі мағынасы Алтынорда деп пайымдағанын аңғаруға болады.
 

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,
«Қызылорда ньюс.кз» ақпарат агенттігінің бас редакторы

 

Фото: ortcom.kz

Тағы да оқыңыз: