Kyzylorda-news.kz 1965 жылы Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі №11 А.Тыныбаев атындағы мектеп-лицейін аяқтаған түлектер үшін биылғы жыл ерекше есте қалады. Арада тура 60жыл өткенде,сол бір алтын ұядан ұшып шыққан шәкірттер қайта қауышып,мектеп қабырғасындағы жастық шақтарын еске алды.
Жетпістен асқан аяулы жандардың жүзінен қуаныш пен толқыныс лебі сезіледі. Кездесу барысында сағыныш пен сырға толы әңгімелер айтылып,мұғалімдердің еңбегі зор алғыспен еске алынды. Бұл тек кездесу емес, бұл–уақытты тоқтатып, жүректегі естеліктерді тірілткен рухани сапар. Алпыс жыл бұрынғы бала кездің аңғал күлкісі мен арман толы көзқарастар қайта жаңғырды.
Бұл кездесудің басты мақсаты – жай отырып қайту емес,өткенді саралап,бас қосып, ұмытылған естеліктерді жаңғырту. Қанша уақыттан бері көріспеген достардың бір-бірімен көрісу сәті. Бойда жиналған сағыныш сазын паш ету. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру.
Іс-шарада Алматы, Тараз, Қызылорда сынды қалалардан жиналған шәкірттер бас қосып, сағыныштарын басты. Кездесу барысында естеліктермен бөлісу, фотоальбомдар ақтару, арнаулы дастархан басында шынайы тілектер мен сағынышқа толы әңгімелер айтылды. Бір кезде қатар отырған парталастар бүгінде үлкен бір дәуірдің куәсі, елдің ардақты азаматтары болып отыр.
Тасбөгет кентінің тұрғыны,зейнеткер,ардагерлер ұйымының төрағасының орынбасары, қоғамдық кеңес мүшесі – Олжабай Жүсіпұлы шара туралы өз ойымен бөлісті.
– Мен негізі 1966 жылы мектепті бітірдім. Дегенмен бүгінгі түлектермен замандас болып, бірге өсіп, бірге жұмыс атқардық. Сондықтан қонақ ретінде бүгінгі жиынға арнайы шақырды. Кезінде бірге оқып,көптеген жұмыс атқарған азамттардың барлығын жақсы танимыз, бүгінде бәрімізде ақсақал болып, немере, шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Келешек ұрпақтарға осы жолымыз өнеге болсын деймін. Өмір–ағып жатқан өзен секілі.Сол өзеннің бойында бізден қалып кеткен кісілерде бар. Оған барынша сабыр етіп, шыдаймызжәне сағына еске аламыз. Алдағы уақытта осындай мерекелерді төрт көзіміз түгел қарсы алу бұйырсын деп тілейммін. Осы уақыттағы мектеп бітіруші түлектерге үлкен үміт артамыз және бар білім кітапта екенін ұмытпаулары керек. Кітап оқу арқылы ғана ой биігіне жете алатынын ескерулері тиіс. Ең алдымен мұғалімнің сөзін тыңдап,әрдайым құрметпен қарауды үйренсе деймін. Сонда ғана жастарға болашақты сенім тапсыра аламыз, – деді Олжабай Жүсіпұлы
Осы шарадағы түлектердің бірі – Танабай Әбділдаұлы ұлағатты ұстаздардың өнегелі жолын айтты.
– Осы №11 мектептің 1965жылы бітірген түлектерінің бірімін. Сол уақыттары бізге сабақ берген Раманқұл Сүлейменов, Тағыберген Жанишев сынды ұстаздарымыз болатын. Мектептің директорлары Қатипа Бисенбаева, Әмина Мағдиеваапайлардың берген тәрбиелерін әлі күнге дейін ұлықтап, ұрпақтарымызға айтып отрамыз. Бүгінгі бас қосуымыз – өткен күндерді жаңғыртып, басқан ізімізге баға беру. Мектепті бітіргеннен кейін 1965 жылы оқуға түстік, артынан әскерге шақырту алып, 3жыл Отан алдындағы борышымды өтедім. Келгеннен кейін оқуымды аяқтап, Қызылорда политехникумында механизация мамандығын бітірдім. Аудандық ауылшаруашылық басқармасында әртүрлі қызметте істедім. Абай совхозында бас инженер болдым. Біздің әрбір жетістігіміздің артында мектебімсіз тұр. Бұл мектептің тарихы терең. Тек мен ғана емес менің бауырларым да және олардың ұрпақтары да осы мектептен біліп алып шыққан. Мектептен, ұстаздан алған тәрбие ешқашан ұмытылмайды. Міне бүгін сол мектептен бірге түлеген түлектермен бас қосып жатырмыз. Сондай ерекше толқыныс бар.Қаншама уақыттан бері көрмеген жолдастарымызды көріп марқайып қалдық. Алдағы уақытта мүмкіндігінше көп кездесіп тұрсақ деймін, – деді Танабай ағамыз ағынан жарылып.
Көркем ТӨЛЕБАЙ
Қорқыт ата университетінің 1-курс студенті
Фото: Балтабай Тұрарұлы/Kyzylorda-news.kz" ақпараттық агенттігі