Kyzylorda-news.kz Жалағаш аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Еркін Назарқұлов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Спикер жыл басынан бері ауданда 15 өрт оқиғасы тіркелгенін айтады. Ал былтыр дәл осындай уақытта 41 өрт оқиғасы болған. Өрт оқиғалары уақытылы ауыздықталғанымен салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алған. Брифингте Еркін Есетұлы жыл басынан бері аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды саралап, тілшілердің де сауалын жауапсыз қалдырмады. 

Спикердің айтуынша, орын алған 15 өрттің 1-еуі нысанда, 2-еуі автөлікте, 9-ы тұрғын үй секторында орын алса, 3-еуі – орман өрті. Еркін Назарқұлов орын алып жатқан бұндай төтенше жағдайлар тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, электр сымдарының қысқаша тұйық¬талуынан пайда болатынын айтты. 

– Көмірдің сапасына да мән берілу керек, яғни өз деңгейінде көмір нашар болса, дұрыс жанбауы мүмкін, салдарынан азаматтардың улану жағдайлары орын алып жатады. Осылайша түтін моржа жолына жиналып, өзінің бір деңгейіне жеткенде үй ішіне тарайды. Талаптарға сәйкес жылу беру маусымында пештің түтін шығу жолдары екі-үш рет тазалану қажет. Алайда тұрғындар жылу беру маусымында түтін жолдарын мүлдем тазаламай салғырттық танытады, – дейді спикер.

Жылу беру маусымы қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары кезінде 9 141 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 2500 жадынама таратылған. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын 116 отбасының тізімі нақтыланған, 116 көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғы орнатылған. Жан-жағын жайпап өтіп, қыруар шығынға батыратын өртті болдырмаудың бірден-бір жолы – оның алдын алу. Бүгінде ауданда 704, кентте 163 өрт гидранты орналасқан. Барлығы жарамды күйде, сала мамандарының толық бақылауында. 

Аталған бөлім қызметкерлері әр сенбі сайын таңғы сағат 9.00-ден түскі сағат 15.00-ге дейін кент пен ауылдық округтерді аралап, тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, газ және электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік туралы түсіндіруде. Сондай-ақ тұрғын үй секторында өрттің өсуіне және адам шығынына жол бермеу мақсатында профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді. «Көмірқышқыл газы адам өміріне қауіпті», «Сіріңке балаларға арналған ойнышық емес», «Балаларды қараусыз қалдырмау керек» тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жадынамаларды таратуда. Тұрғындардың жылу беру маусымында өрт қауіпсіздік ереже талаптарын қатаң сақтап, оқыс оқиғалардың алдын алу төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің басты назарында. 

Аталған бөлім қызметкерлерінің жұмысы төрт мезгілде де қызу қайнап жатады. Себебі олар қақаған қыстың аязы мен шіліңгір шілденің ыстығына қарамай тұрғындардың қауіпсіздігін күзетеді. 

– Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен № 11 өрт сөндіру бөлімінің кезекшіліктен бос қызметкерлері, еріктілер, полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, күнделікті сағат 13:00-ден 21:00-ге дейін адамдардың маусымында белгіленбеген орындарда суға шомылуға қатаң тыйым салынатыны, балаларды жалғыз қараусыз қалдырмау және ішімдік ішіп, мас күйінде шомылуға болмайтыны жөнінде түсіндіріліп, жылда рейд жұмыстары жүргізді. Сондай-ақ суға шомылуға тыйым салынған орындарға 45 тақтайша және адам көп жиналатын орындарда және елді мекендерде судағы қауіпсіздік тақырыбында 7 бильборд орнатты, – дейді Е.Назарқұлов. 

Спикердің айтуынша, оқыс оқиға көбіне мектеп жасындағы жасөспірімдер мен спирттік ішімдік ішкен азаматтардың ережені сақтамау салдарынан болады. Былтыр су айдындарында 3 азамат оқыс оқиғаға тап болған. Оның 2-еуі – балалар. Ал биыл абырой болғанда суға кету факторы тіркелмеген.

Жыл басынан бері төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен жазғы су айдындарында рейд жүргізу барысында ҚР ӘҚБтК-нің 412 бабы бойынша 4 жеке тұлғаға 51 688 теңге айыппұл салынып, уақытылы өндірілген.

– Жаз мезгілі басталысымен аталған мәселе бойынша профилактикалық шараларды барынша күшейттік. Әр азамат табиғат аясында демалғанда сақтық шараларын сақтағаны жөн. Жазғы демалыс уақытында барлық білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті шараларды атқарып, тиісті талаптарға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Еркін Есетұлы. 

Иә, қауіпсіздік қаперден шықса, соңы орны толмас қайғымен аяқталуы мүмкін. Сондықтан «Сақтансаң, сақтайды» демекші, сақтық шараларын қатаң бақылауда ұстаған жөн. Апат айтып келмейді, әйтсе алдын алуымыз қажет. Брифинг соңында Еркін Назарқұлов тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелеріне құлақ түріп, қаперге алуын сұрады. 

 

 А.ЕРЖАНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: