Kyzylorda-news.kz Қазақстанда енді балалар құқығы бұзылған жағдайда «111 – жедел қызметіне» хабарласып, шағымдануға болады. Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жанынан құрылған байланыс орталығы қыркүйек айынан бастап іске қосылды, – деп жазды, балалар құқығын қорғау бойынша республикалық кеңес төрайымы Динара Закиева өзінің Facebook парақшасында.
Аталған байланыс орталығына балалардың құқығы бұзылған кез келген жағдайда, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жүгініп, көмек алуға болады. – Бірнеше ай бойы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша екі маңызды жүйелік шешімді енгізу бойынша барлық өңірде өмірлік қиын жағдайдағы және зорлықзомбылыққа тап болған отбасыларды анықтау жөніндегі жедел топтарды ұйымдастфыру және «Amanat» партиясының жанындағы отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жанынан «111 – жедел қызмет» байланыс орталығын ашу жұмыстары жүргізілді, – деді кеңес төрайымы.
Оның айтуынша, балаларға қатысты жылына 2 мыңнан астам қылмыс тіркеледі екен. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың 60 проценті отбасында болады.
Енді барлық адам «111» нөміріне уақытында хабарласып, балалардың қорғаушысы бола алады. Егер балалар мен ересектер өздеріне көмек қажет болған немесе отбасылық жағдайлар туралы білген кезде, қайда баруға болатынын білуі үшін, сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалардың құқықтарының бұзылуы туралы, баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғаны жайлы, оның өміріне және денсаулығына қауіп төнгені, зорлық-зомбылық немесе қатыгездік жасалғаны бойынша немесе егер олар балаларға қауіп төндіретін нысанды, мысалы, ашық люкті, жоғары вольтты электр желісін, су көзін көрсе, осындай жағдайлар жөнінде көмек көрсету үшін «111 – жедел қызмет» байланыс орталығына хабарласуы керек.
Егер сіз кішкентай баланың қараусыз қалғанын, оған қауіп төніп тұрғанын көрсеңіз, егер сіз балаға немесе әйелдерге қатысты қатыгездік, зорлық-зомбылық әрекеттері қолданылуы мүмкін екенін білсеңіз, олардың құқықтары бұзылса, «111» нөміріне күмәнданбастан қоңырау шалыңыз.
• 111 нөмірі құпия түрінде.
• 111 нөмірі әр аймақтың ІІД-мен байланысты болады.
• 111 нөмірі «Бақытты отбасы» жол картасы бойынша құрылған барлық жедел топтармен байланыста.
• Қ о ң ы р а у шалушыға қандай шаралар қабылданғаны туралы кері байланыс беру қажет.
Ең бастысы, бәріміз белсенді болуымыз қажет. Баланың, әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнгеніне күдік туған жағдайда хабарлау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік таныту және «111» нөміріне хабарлау. «111» нөмірі балалардың, отбасы мен әйелдердің құқықтарын қорғауға байланысты барлық мәселе бойынша өтініштер қабылдайды», – дейді кеңес төрайымы.
Қиындыққа тап болған балаларға алаңдаймын
Зорлық-зомбылық үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Соған орай облыста 2017 жылы облыс әкімдігі мен облыстық жұмысты үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы құрылып, жұмыс істеп келеді. Біз осы орталықтың директоры Жандос Тұсмағамбетовтің де пікірін білгенді жөн көрдік.
– Әлеуметтік желідегі парақшамыз немесе сенім телефондары арқылы біздің орталыққа келеді. Көмекке мұқтаж жандардың 90 проценттен астамы әйелдер. Әрине, олар өздері ғана емес, балаларымен бірге келеді. Сондай-ақ жыл артқан сайын олардың саны азаяр емес. Қайта орталықты паналаушылар қатары көбеюде. Негізі орталыққа келген адамға алты ай тегін қызмет көрсетіледі. Әрқайсысымен бірнеше бағытта писхологиялық-құқықтық тұрғысынан болсын, медициналық жағынан болса да жұмыс жүргізіледі.
Кейінгі кезде жастардың отбасында қиындық туындаса, ажырасуға дайын тұрады. Отбасын бұзуды ойлаған ата-аналардан баланың алдағы өмірі туралы ойлауды сұраймын. Бірақ олар баланы ойламайды. Ата-ананың екі жақта жүргенін, ажырасқанын ешбір бала қаламайды. Өйткені, кез-келген бала толыққанды отбасында өмір сүргенді ұнатады. Шындап келгенде отбасындағы келеңсіздіктер әр балаға кері әсерін тигізеді. Сондықтан ата-ана бала алдында жауапкершілікті ұмытпау керек.
Өткен аптада орталыққа алты баласымен бір әйел келді. Күйеуі үйінде ішімдікке тойып, әйеліне қол жұмсаған, берекесін алған, соңы төбелеске ұласқан. Соның бәрін балалары көріп тұрған. Ақыр соңында әйелі қашып, орталықты паналады. Мен осы күні осындайды көзбен көріп-өскен баланың болашағына алаңдаймын. Әйткенмен арасында өз отбасыларына қайта қосылып жатқандар баршылық.
Ал сенім телефонына келетін болсақ, бұл Президент Жолдауында да кеңінен айтылды. Негізі осыған дейін «150» байланыс нөмірі болды. Көбіне әйелдер сол нөмірге хабарласып отырды. Егер де хабарласқан әйел біздің облыстан болса, ол кезде дереу бізге хабарласа алады. Өйткені біздің орталық автоматты түрде қосылған. Әрине, желіде оператор байланыстырады.
Енді осы нөмірге «111» сенім телефоны қосылды. Жалпы қазіргі жағдайға байланысты «111» нөмірін қаламыздың кез келген тұрғыны білуі қажет. Оның ішінде мектеп оқушылары да, жасөспірімдер де бар, бәрін құлағдар ету керек деп ойлаймын. Сырттан жағымсыз бірнәрсені байқап қалса, дереу қоңырау шалу керек. «111» бірыңғай call-орталығына қоңырау шалу тегін, Қазақстан бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны. Сондықтан сенім телефонын кеңінен насихаттаған жөн, – деді орталық директоры.
Сенім телефонына сенуге болады
Сенім телефоны – бұл кез келген адам өмірдің қиын жағдайын талқылау үшін анонимді түрде жүгіне алатын және өзінің сауалына жауап таба алатын қызмет.
Лиза Палманова, Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектептің педагог-психологі:
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Мемлекет басшысы ретінде зорлықзомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» деп, қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еркін жүріп-тұра алатындай қоғам құру қажеттілігі туралы мәселеге ерекше тоқталған болатын.
Зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу – күн тәртібіндегі басты мәселе. Осы мәселені басшылыққа ала отырып, «111» біріңғай сенім телефоны іске қосылды. Тұрмыстық зорлықзомбылық пен буллинг құрбандары «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы тегін хабарласа алады. Кез келген адамға қолжетімді. Байланыс орталығына үлкен ж а у а п к е р ш і л і к жүктелген. Жүйенің үйлесімді жұмысы заңсыз әрекеттердің теріс салдарын алдын алып, азаматтарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық кеңестер береді.
Сенім телефонының мақсаты – отбасылық жайсыздықты, балалар мен жасөспірімдердің күйзелген және өзін-өзі қол жұмсауға бейім көңіл-күйдің алдын алуға, балалардың құқықтарын қорғауға және отбасын нығайтуға мүмкіндік беру. Өмірдің қиын жағдайына тап болған зорлықзомбылық көрген азаматтарға білікті психологтар мен заңгерлер көмек көрсетіп, байланыс орталығы мемлекеттің уақытылы көмек көрсетуінің тиімді құралына айналатынын сеніммен айта аламын. Негізі әр баланың балалық шағы бақытты өтуі тиіс. Бірақ соңғы уақытта жоғарыда айтып өткендей, қиын жағдайлар жиі кездесуде. Міне, бұл баланың өміріне әсер ептей қоймайды – деді психолог.
Тілші түйіні Иә, орталық директоры мен психолог айтқандай, отбасында ұрыс-керісті көріп өскен ұл мен қыздан ертең не күтеміз? Қорыта келе, балаға әсер ететін нәрсе – өскен орта, ата-ананың тәрбиесі, махаббаты. «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» демекші, бала жасында қандай тәрбие алса, ержеткенде сол әдет қалмайды. Ұлтымыздың қанындағы ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатыгездікке, жомарттық тоғышарлыққа, адалдық арамдыққа, парасаттылық парасыздыққа ауыспаса екен...