Kyzylorda-news.kz Айтып келмейтін апаттан сақтану күн тәртібіндегі басты – мәселе. Жыл басынан бері облыста 200 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39-пайызға көбейген. Биыл өрт салдарынан 4 адам қаза болып, 9 адам жарақат алған. Өртті болдырмау, оның алдын бару барысында біршама жұмыстар жасалуда. Десе де, статистикаға көз жүгіртсек, былтырға қарағанда өрт салдары артқан. Бар мәселені тиісті сала мамандарына арта салу жарамас. Осы орайда ата-аналарға да сақтық шараларын ұстанып, балаларын қатаң бақылауға алу керегін айта кеткен жөн. Ойын баласы шырпы алып, кез келген жерге абайсызда тастай салудың салдары өртке әкеп соққан жағдайлар кездескені рас. Өкініштісі, балаларды үйге амалсыз қалдырып, сыртынан құлттап кетудің де өліммен аяқталып, жүрек ауыртатын жайттар осы уақытқа дейін кездесті. Бүгінде өрт салдарын азайту үшін не істемек керек? Осы төңірегінде сөз қозғайық... Тиісті сала мамандары айтқан ескертуді назарға алып, кеңесіне мән берейік...

Өрттің тілсіз жау екені белгілі. Оның бір сәтте лаулап кетуі ғажап емес. Қазіргі таңда есік алдын тазалап, шөптерді өртеп тазалық жұмыстарын жасаймыз. Сақ болу керегін, газ пайдаланып, пеш жаққан сәтте қауіпсіздік шараларын назарға алу керек екенін төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескерту шараларын өткізіп келеді. Дегенмен сала мамандарына құлақ түріп, ескертпесінен нәтиже шығарып жатқандар саны аз. Баланы қараусыз қалдыру салдары өрт орын алатын жағдайға ұласуы мүмкін. Тұрғындардың ашық от жағуы, оны бақылаусыз қалдыруы және балалардың от пен ойнауынан, қалдық сабан шөпке түскен сөндірілмеген темекі қалдығынан үлкен өрттің пайда болатынын белгілі. Біз жауапкершілікті сезініп, осы істерге мұқият болғанымыз жөн. Жақында өңірлік коммуникациялар қызметіне аталған сала мамандары келді. Олар қауіпсіз шараларына, өздері тарапынан жасалған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

  – Өрт оқиғаларының басты себептерінің бірі адамдардың немқұрайлы қарауынан туындап жатады. Нақтырақ айтқанда, қоқысты өртеу кезінде бақылаусыз қалдыруынан, ақаулы тұрмыстық электр жабдықтарын қолдануынан, автокөліктерге уақытылы күтім жасамауынан, тұрмыстық газ қондырғыларының және газ баллондардың ақаулығынан, балалардың оттықпен ойнауы себептерінен пайда болуда. Осы себепті департамент тарапынан халық арасында күнделікті профилактикалық шаралар мен әртүрлі акциялар, рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек өрттің алдын алу және жою алгоритмдер мен іс-қимыл жоспарлары бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл басынан бері мобильді топтармен 134 рет рейдтік шара жүргізілді. Шара барысында әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336,367,410-баптарына сәйкес 35 тұлғаға 1 553 410 теңге айыппұл салынды. Облыс аумағындағы өрт қаупті кезеңі тұрақты бақылауда, – деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков.

Тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауының салдарынан өңірдегі өрт оқиғаларының саны азаймай тұр. Тіркелген өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторларында, автокөліктер мен орман қоры аумағында орын алуда. Бұл туралы басқарма бастығы тоқталып өтті. 

 – Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында (118 өрт), автокөлікте (47), нысандарда (19), орман қоры аумағында (10) тіркелген. Жалпы облыс бойынша орман алқаптарында барлығы 10 428  шақырымға минералды жолақтарын жүргізу жоспарланған, қазіргі таңда 7 625 шақырымға жүргізілді, - деді Асхат Оразбеков.

Облыс аумағындағы өрт қаупті кезеңі тұрақты бақылауда.

– Қала тұрғындарын өрт жағдайын назарға алып, жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Өрт тілсіз жау. Қазір тұтанса, қазір-ақ лаулап кететіні анық. Сондақтан да абай болған жөн. Балаларға да сақ болған жөн. Оттықпен ойнап, арты қайғысыз жағдайға орын алып кету қиын емес. Біз өз тарапымыздан қолдан келген жұмысты істейміз. Өрт орын алған жерге уақытында барып, өрттің алдын алып, өшіруге барынша әрекет етеміз. Десе де сақтықта қорлық жоқ. Осыны түсінсек деймін, – дейді тиісті сала мамандар. 

Тілсіз келіп, тұтқиылдан тап беретін өртті алдын ала болжап білу мүмкін емес. Адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және материалдық құндылықтарға орны толмас зиян келтіретіні барлығымызға айдан анық. Әсіресе, дала және орман өртінің қауіпі жоғары. Алдын алуда да қиындықтар кездеседі. Сондықтан төтенше жағдайлар кезінде "101" немесе "112" нөмеріне қоңырау шалуды ұмытпаңыз! 

Мөлдір САБЫРЖАН

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Тағы да оқыңыз: