Kyzylorda-news.kz «Синтетикалық есірткі» дегеніміз не? Бұл - психологиялық және физикалық тәуелділікті тудыратын жасанды жолмен алынған психоактивті заттар. «ORDA» колледжінің Арнаулы пән оқытушысы М.Кемелбеков АҚ-9-32г оқу тобының студенттеріне есірткі, оны тұтынудың зияны, синтетикалық есірткі, есірткіге тәуелділіктің алдын алу туралы ақпараттар беріп, түсіндірме жұмысын жүргізді.
Бүгінде зиянды әдет, қоғамдық індет – синтетикалық есірткі. Негізгі себеп – бұл заттардың қолжетімділігі мен арзандығы, интернет пен мессенджерлер арқылы сатып алу мүмкіндігі, ересектердің балаларының бос уақытын бақылаусыз ұстауы. Балалар мен жасөспірімдер ең осал орта болып табылады, оларда есірткі заттарының зияны туралы нақты білім жоқ. Сондықтан да алданудың құрбаны болып жатады.
Өкініштісі сол, бұл жағдай жасөспірімдердің арасында кеңінен таралуда. Күн сайын заңсыз айналымнан есірткі тәркіленгені туралы жаңалықтарды естиміз. Синтетикалық есірткінің мефедрон, пировалерон, амфетамин, метадон сияқты түрі бар. Жасөспірімдердің есін алған есірткі өте алаңдатарлық жағдай.
Синтетикалық есірткі деген не? Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі – химиялық жолмен жасалған, адамды физикалық және психикалық тұрғыдан тәуелді етіп қоятын қасиетке ие психобелсенді зат. Қауіпті химиялық қосынды құпия зертханаларда астыртын жасалады әрі арзан тұрады. Синтетикалық есірткіні пайдалану инені қажет етпейтіндіктен, оның дәмін татып көрген адам бірден тәуелділіктің төте жолына түседі. Ал бұған құл болған жанның, қайта азаттық алуы өте қиын.
2023 жылдан бері 75 жасырын зертхана жойылды. Министр есірткі тарататын жастарға жазаны жеңілдетуді сұрады. Егер қылмыс бірінші рет жасалып, кінәлі адам, тергеу органдарымен белсенді жұмыс істесе, онда оларды жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылады. Биыл кәмелетке толмаған 6 бала сотталып, тағы 26 жасөспірім заң алдында жауапқа тартылған. Жалпы 10 айда есірткі қылмысымен 3 мыңнан астам адам сотталды. Олардың 11-і құқық қорғау қызметкері.
– Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар “есірткіні өткізу” мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені және қайта өңдегені үшін жауапкершілікке тартылады, санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру дәрежеленетін болады, – дейді ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, химиялық препараттар орталық жүйке жүйесі жасушаларын едәуір зақымдап, ойлау жүйесіне кері әсер етеді, есте сақтау қабілетін жояды. Ұйқыға да кері әсер етеді. Тіпті есірткіге тәуелді адамдардың көбі бір айдан астам уақыт бойы дәрісіз ұйықтай алмайтын жағдайға түседі.
Бұл өсімдік есірткілерден де қауіпті. Өсімдік есірткісін пайдаланып көргендердің ішінде жүре келе ес жиып, зиянды заттан біржола бас тартып, дұрыс жолға түскендер бар. Ал синтетикалық есірткіні бір рет пайдаланған адамның бас тартуы қиын. Мұның дәмін татқан адамға жоқ жерден ерекше қайрат бітеді. Алдамшы сезімге бөленеді. Бірте бірте галлюцинация пайда болып, көзіне түрлі құбыжықтар елестеп, әр сәті азапқа айналады. Есірткіге тәуелді адамдарда жақынына, тіпті туған анасына деген жанашырлық сезім болмайды.
Білім алушыларға осы түсіндірме сабақ аясында алдап-арбау, аңдамай есірткі құрығына ілініп қалмау жолдарын ұғындырды.
Қорлан САРЫ
Фото:carposting.ru