Бүгінгі көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігін бәріңіз білесіздер. Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де, өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша, оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз күнде куә болып отырмыз.

Негізінен, қай халық та, отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтуды жөн санамаған. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдіреді. Зорлыққа төзімсіздік отбасында, баланың кішкентай кезінен бастап тәрбиеленуі керек. 

«Анасын көріп, қызын ал» дейміз. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де, «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма?! Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Осындайда, шыдамның да шегі бар және оның салдары да қорқынышты екенін айта кетуіміз керек.

Қазақстан республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» делінген.  Алайда, шындық бұдан әлдеқайда алыста жатыр. Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алған әлеуметтік мәселе болып табылады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңының 4-бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек қана күш көрсетуден емес, сексуалдық, экономикалық және психологиялық түрлерден тұрады, – дейді Қазалы ауданы полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Сәуле Бишекова. 

Полиция капитаны Сәуле Бишекованың айтуынша, отбасының кейбір мүшелері тұрақты түрде қорлау, ұрып соғу, балағаттаудың құрбаны болып отырады. Тұрмыстық зорлықтың құрбаны үнемі күйеуінен таяқ жейтін әйел; туыс ер азаматтардан жыныстық қысым көретін қыз; анасы ұратын бала; өз балалары бас тартқан қарттар болуы мүмкін. Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы үндеместік жағдай орын алған. Көрші үйде орын алып жатқан зорлық-зомбылыққа ол отбасының ері мен әйелінің ішкі мәселесі деп көз жұма қараймыз.

Мәселен, әйелі күйеуінің ұрып-соққанын өзгеге айтуды ұят санайды. Себебі, оған өзін кінәлі сезінеді; анасы туған ұлынан қорлық көреді, алайда, өзін кінәлі сезінеді, себебі дұрыс тәрбие бере алмады. Ешкім ешқандай жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы тиіс емес, себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық ол – қылмыс. Оған төзіп отырудың қажеті жоқ, егер зорлық-зомбылық көшеде орын алып жатса 102 нөміріне қоңырау шалыңыз; көрші үйде орын алса тексеріңіз; егер зорлық-зомбылық болуы мүмкін деп ойласаңыз, бұл да хабарлауды қажет етеді.  Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қатысушыларымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, жәбір көрсетуші өз іс-әрекетінің қылмысқа апаратынын сезінетін болады.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алды деп санасаңыз бұл туралы 102 нөміріне қоңырау шалып хабарлаңыз, сіз орын алуы мүмкін қылмыстың алдын алған болып саналасыз! – дейді Қазалы ауданы полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Сәуле Бишекова.

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамның басты назарында тұрған мәселенің біріне айналды. Қазіргі таңда бұл тақырыпта полиция органдарымен қатар, қоғамның белсенді өкілдері де айналысып, арнайы оқулардың бері алгоритм жүйесін ұсынушылар баршылық. Отбасы тұрмыстық қатынастар аясында орын алған құқық бұзушылықтар заң аясында шешімін табуда. Ағымдағы жыл басынан бастап, Қазалы ауданы бойынша жанұя жанжалының 41 дерегі тіркеліп, өз шешімін тапты. 

Отбасында құқық бұзушылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73 бабымен 15 азаматқа әкімшілік хаттама рәсімделіп, олардың 12-сі татуласуына байланысты әкімшілік іс өндірістен тоқтатылған, 2 азаматқа «ескерту», 1 азамат «әкімшілік қамау» жазасына тартылды. Сонымен қатар, отбасы тұрмыстық қатынастарда тұратын адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабының 1-1 бөлігімен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 8 азамат құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 6-ы жәбірленушімен татуласып, 1 азаматқа «ескерту» әкімшілік шарасы қолданылды. Бір отбасында тұрып ұрып-соғудың ҚР ӘҚБтК-нің 73-2 бабының 1-1 бөлігімен 15 дерегі орын алып, 12 азаматтың ісі татуласуына байланысты өндірістен тоқтатылған, 2 азаматқа «ескерту» беріліп, 1 азамат әкімшілік қамауға алынды.

Статистикалық деректер отбасында жанжал орын алғаннан кейін құқық бұзушы мен жәбірленуші татуласып, әкімшілік істің тоқтауына себеп болатынын көрсетті. Алайда, полиция органдарымен отбасында жанжал орын алғаннан кейін әкімшілік іс өндірістен қысқарғанымен профилактикалық бақылау «қорғау нұсқамасы» түрінде 30 тәулік мерзімге дейін жалғасады. Бұл ретте жеті күнде кемінде бір рет учаскелік полиция инспекторымен есепке алынушы тұрғылықты мекен-жайы бойынша немесе қызметтік үй-жайда тексеріліп отырады. Профилактикалық әңгімелесудің негізгі міндеттері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаудың себептері мен жағдайларын анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарларын түсіндіру және заңға мойынсынушылық мінез-құқықтың қажеттігіне сендіру болып табылады. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу салдары ауыр зардаптарға әкелетін оқиғаларға жол бермеу болып табылады. Жанұя жанжалының шешімін полиция көмегінен іздеу ең тиімді жолдың бірі. Сол себепті әрбір өзінің және өзгенің өміріне немқұрайлы қарамайтын адам зорлық-зомбылық деректерін жасырмауға, айтуға көмек беруге және сұрауға міндетті деген мәлімдеме жасады Қазалы ауданы полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Сәуле Бишекова.

Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және аналардың қасіреті. Бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді.



 

Тағы да оқыңыз: