Kyzylorda-news.kz. «Өрт сөндіруші мамандығы – табандылық пен ұтымдылықты қажет етеді. Жалын арасынан жеңімпаз болып шығу үшін ұжымның ауызбіршілігі маңызды»,– дейді өрт сөндіру қызметінің ардагері Байменов Ғани.
Бар ғұмырын өрт сөндіру қызметіне арнаған ардагер бүгінде зейнетке шықса да азаматтық қорғау саласынан алыстаған жоқ. Ол қызметте өткізген жылдарын сағынышпен еске алады.
– Мен 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 1987 жылы 2 жыл Герман Демократиялық Республикасында Кеңес одағы әскерінде қызмет атқардым. Бала күнімнен форма киюді, әскери салада қызмет етуді армандадым. Әскерден келген жыл болатын. Бір күні қатарынан екі өрт сөндіру көлігі кетіп барады. Біріншісі бұрылған кезде құтқару құралы ұшып кетті. Екінші көлікті тоқтатып, қызметкерлердің қолына құралды табыстадым. Алғысын айтқан құтқарушылар, «сен де біз секілді өрт сөндіруші бол» деп, жылы лебізін білдірді. Ағалардың тілегі қабыл болып, көп ұзамай өрт сөндіру қызметіне қабылдандым. Менің өрт сөндіруші болғым келетінін естігенде ата-анам қарсы болмады. Тіпті осындай азаматтық таңдауды мақтан тұтты. Алғашында өрт сөндіруші мамандығы қиын әрі қауіпті екенін ойламадым. Бойыңда қаның тулап, жалындап тұрған жастық шақта ештеңе де қорқынышты болмайтыны анық. Тұрмыстық өрттер, электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан және дала өрттері болды. Өрт сөндірушілер күнделікті осындай жайттармен бетпе-бет келеді, – дейді ардагер бізбен әңгімесінде.
Ғани Әбдіқалықұлы алғашқы еңбек жолын 1990 жылдың 3 маусымында өрт сөндіруші болып бастаған. 1999 жылы аға өрт сөндіруші болып тағайындалған. 2001 жылы бөлімше командирі болып жұмыс істей бастаған. Қызмет еткен жылдар аралығында ондаған адамның өмірін құтқарған.
– 1994 жылдары қыс мезгілінде жер асты туннелі өртенді. Лабиринт тунель ішінде қою түтінмен арпалыстық. Ол кезде қазіргідей техника дамымаған. Қысымдалған аппараттар, 50 метрлік баспалдақ ол уақыттарда жоқ еді. Жер астында өртпен арпалысқан едік. Бұл менің еңбек жолымдағы алғашқы ауқымды өрт болды. Өрт сөндіруші бірден от өтіне тап болмайды. Алдымен оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Аға буынның жас мамандармен өзара тәжірибие алмасуы ұжымның бірігуіне ықпал етеді. Себебі, өрт оқиғасы кезінде басты қару – ауызбіршілік. Барлығы жұмыла жұмыс істеп, бір-біріне кедергі етпей, әрқайсысы өз қызметін атқарса, өрт сөндіру кезінде кедергілер аз болады. 2009 жылдың күз мезгілінде таңертеңнен бастап өрт шақыртулар басталды. Алғашқы қоңырау «тері ауруханасынан» түсті. Хлордан химия бөлініп, залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Артынша үш қабатты тұрғын үйде газ жарылып, үй өртенді. Адам өмірін құтқарып, өртті өшірген кезде тағы да бір шақырту түсті. «Береке» қонақ үйінде жарылыстың қатты болғаны сонша терезедегі темір тор арғы бетке ұшып кеткен. Ас бөлмеде газ жарылып, бетон астында әйел адам қалған еді. Осылайша толассыз шақыртулар түсіп, бір тәулік өртпен алысқан едік, – дейді жұмыс барысындағы естелігімен бөліскен Ғани Байменов.
Бүгінде ардагер өрт сөндіруші 7 баланың әкесі. Өзі де балаларының халықтың батырына айналып, адам өмірін құтқарса дейді. Ертегідегідей қаһармандарына қарап бой түзеген ұлдары да әке жолын жалғап, өрт сөндіруші болуды армандайды екен. От өтінде өмір кешіп, жалын арасынан жан алып қалған кейіпкеріміз бүгінде ардагер өрт сөндіруші. Ғани Байменов өңірінің азаматтық қорғау саласын дамытуға қосқан зор кәсіби тәжірибиесі – қазіргі жас буынға үлгі. Зейнетке шықса да, өскелең ұрпаққа өрт сөндіру қызметін таныстырып, мамандық таңдауға ықпал етіп жүрген жан. Әңгімелесу барысында оның рухани құндылықтарға басымдық беретінін, әрі қызметін сүйетіндігін байқадық. Өмірін өрт сөндіру қызметіне арнаған өрт сөндіруші әлі де бұл саладан алыстамаған. Ал жұмыс барысындағы еңбегі елеусіз қалмаған ол бірнеше төсбелгі иегері.