Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал елімізде «Мемлекеттік рәміздері туралы заң» 2007 жылы 4 маусымда қабылданған еді. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді.
Қазақстан да, өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен, тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде Мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Алдымен, 1992 жылдың басында Жоғарғы кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес, арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей, Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі, әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе, тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуге тиіс болды. Ал, рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1 200-ді құраған. Сондай-ақ, конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатыны секілді таңдаулылары таңдалып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.
Қазалыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті.
Әйтеке би кентіндегі Рәміздер алаңында өткен мерекелік іс-шараға Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет, зиялы қауым өкілдері, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері және аудан тұрғындары, белсенді жастар қатысты.
Мерекелік шарада Қазалы ауданы басшысы барша Қазалы жұртшылығын мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін жеткізді.
– Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. Еркіндігіміздің көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Мемлекеттік Гимніміз шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл жоқ.
Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, Гимніміз – айбынды болсын деймін. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін, – деді Қазалы ауданы әкімі.
Мұнан соң бірқатар сала қызметкерлері ауданымыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысып, зор үлес қосқаны үшін аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Рәміздерді сөз еткенде "ұлттық" сөзі ойға оралады. Ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық сана... Қай рәмізді алсақ та, ұлттық нақыштан аспаған. Тудың түсі, қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған 32 шуақ, тігінен салынған ою-өрнек, бәрі-бәрі бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізден бірден хабар береді. Елдіктің нышаны саналатын Елтаңба ассоциациясы да ерекше. Шаңырақ, қанатты пырақ, жұлдыз бір-бірімен үйлесім тапқан.
Қандай ел болмасын өз рәміздерімен, заң-жарлықтарымен мақтанады. Алайда, оның тереңіне бармай, құр мақтану – ұят. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Автордың тың туындысы 600 жоба арасынан көзге түсіп, жоғары кеңесте талқыланған. Күн – жарқын болашақтың, күннен тараған әр шапағат, шуақтың – молшылық пен аманшылықтың белгісі. Дала қыраны – кеңдік пен зеректікті білдіреді. Дала адамдары үшін бұл азаттық, тәуелсіздікке, мақсатқа, биікке, болашаққа ұмтылудың символы. Оюлар қазақы элементтің бірден-бір көрінісі.
Елтаңба авторы – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов. Шаңырақ қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Жақсылыққа алғыс ретінде де "шаңырағың биік болсын", "шаңырағың шайқалмасын" сынды тіркестер қолданылатыны белгілі. Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлттың тату-тәтті ғұмыр кешуі де көптің қолынан келе бермейді. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял. Бұл жерде де еркіндік, егемендікті ерекше айтқысы келген болуы керек. Елтаңбаның жоғарысында тұрған жұлдыздың да өзіне тән кең ұғымы бар. Қазақта "жұлдызың жансын", "жұлдызың жарқырасын" деген тіркестердің де барын білеміз. Әнұранның авторын әр қазақ жатқа білуі шарт. Туған елдің бар болмысынан, тарихынан көрініс беретін бұл әннің әні мен сөзі әдемі үйлесіп, күллі қазақтың кеуде кернеп айтатын әнұранына айналғаны да қазақ деп жүрегі соққан әр азамат үшін айтары көп.
Мерекелік шарада жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдап, аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды.