Kyzylorda-news.kz Алматы қаласы мен Алматы облысында интернет арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Ішкі істер министрлігі “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп жатыр.
Ведомствоның Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында есірткі заттарын интернет арқылы байланыссыз тәсілмен таратқан интернет-дүкеннің қызметін тоқтатты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топтың 11 қатысушысы ұсталды. Олардың қатарында ұйымдастырушылар, операторлар және заңсыз қызметті қаржылық жағынан қамтамасыз еткен тұлғалар бар.
Арнайы операция кезінде заңсыз айналымнан шамамен 3 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Сонымен қатар қылмыстық схеманы үйлестіруге пайдаланылған байланыс құралдары, банк карталары және цифрлық тасымалдағыштар алынды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Құқық қорғау органдары интернет арқылы есірткі сатумен айналысатын заңсыз арналардың жолын кесу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Фото: Видеодан скрин
