Kyzylorda-news.kz Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде немесе сот үкімі күшіне енгенше адамдар тергеу изоляторында болады. Бұл орын қамауға алынған тұлғалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы заңдар мен нормаларға негізделген.

Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қылмыстық іс жүргізу кодексі және басқа да заң актілерінде тергеу изоляторында (бұдан әрі- Изолятор) тұтқындалған адамдардың құқықтары мен міндеттері анықталған.

Тұтқындалған азаматтар ар-ождан және қадір-қасиетін құрметтеу құқығына ие. Олар өз пікірлерін еркін білдіруге, дінін таңдау мен діни рәсімдерді орындауға құқылы.

Изоляторында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету міндеті мемлекеттік органға жүктелген.

Қамаудағы тұлғалар медициналық көмек алу құқығына ие.

Бұл құқыққа денсаулық жағдайын тексеру, емдеу және қажет болған жағдайда мамандардың консультациялары кіреді. Изолятордағы қамалған тұлғалар өз отбасыларымен хат алмасуға, телефон арқылы байланыс жасауға, кей жағдайларда кездесуге құқылы.

Қамауда болған адамдар адвокаттардан құқықтық көмек алу құқығына ие. Адвокаттар қамаудағылардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады.

Қамауға алынған тұлғалар заң бойынша тең дәрежеде қаралуға тиіс.

Қамаудағы тұлғалар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қолдану кезінде кейбір міндеттерді де орындауы тиіс:

  Қоғамдық тәртіпті сақтау. Тергеу изоляторында тұтқындалған адамдар тәртіп бұзбауы, ішкі ережелер мен талаптарға бағынуы қажет.

Басқа тұлғалардың құқықтарына құрмет көрсету. Тұтқындар өздерінің жеке құқықтарынан басқа, басқа адамдардың құқықтарына да құрметпен қарауы тиіс. Бұл өз кезегінде қалыпты жағдайды сақтауға ықпал етеді.

Сотқа шақыруды орындау. Қамауда болған азаматтар сотқа келу міндетін атқаруы қажет, сонымен қатар тергеушінің немесе прокурордың талабына сәйкес әрекет етуі тиіс.

 Өзінің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қамауға алынған адам өзіне қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын қабылдау үшін өкілетті органдарға хабарлама жасауға құқылы.

Қамаудағы тұлғалардың құқықтары бұзылған жағдайда олар тиісті органдарға арыз жаза алады. Қазақстан Республикасында құқық қорғаушы органдар мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл тұлғалар қамаудағы адамдардың құқықтарын қорғауды өз міндеті деп санайды.

Изолятордағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу үшін арнайы бақылаушы органдар мен құқық қорғаушы ұйымдар жұмыс істейді.

Сотқа дейінгі тергеу барысында изоляторда ұсталған азаматтардың құқықтарын қорғау өте маңызды. Қазақстанның заңнамасы мен халықаралық нормаларға сәйкес, қамауға алынған тұлғалардың құқықтары мен міндеттері айқындалған, ал құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды қорғау шаралары көзделген. Алайда, бұл құқықтарды жүзеге асыру үшін азаматтар өз құқықтарын білуі және тиісінше әрекет етуі қажет.

 

Дәурен Шарипбаев, 

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қызылорда облысы бойынша өкілі 

Фото: baq.kz

Тағы да оқыңыз: